Оқушылар арасындағы республикалық ғылыми жоба сайысының алтын медаль иегері, Қазақстан тарихы пәнінен республикалық пәндік олимпиаданың күміс жүлдегері. Сондай-ақ елімізде оздырылған «Бір ел, бір Елбасы» атты шығармалар сайысының жеңімпазы. «Облыстың үздік оқушысы» аталымын иеленген.
Дәурен жуырда қазақтың ұлы ақындарының бірі Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығына орай мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған облыстық Мұқағали оқуларының бас жүлдесін иеленді. Сөйтіп алдағы наурыз айында ақынның туған жері Қарасазда өтетін республикалық байқауға жолдама алды.Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін дүниеге келген Дәурен Сағынғалиев әңгімесін осы тақырыптан бастады.
-Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғыну - бүгінгі жастардың міндеті, -деп бастады әңгімесін ол. - Алаштың зиялысы Ахмет Байтұрсынов «Халқымыз аңсаған бейбіт күнге қашан жетер екенбіз» десе, Әлихан Бөкейханов «Ахмет, сенің халқың, сенің ұрпағың түбі біз аңсаған азат күнге жетеді. Сол кезде сенің есімің олардың санасында қайта жаңғырып, тарих болып қаланады» деген екен. Тәуелсіздігіміздің құндылығы да арыстарымыздың дәріптеген идеяларының ұрпақ санасында жоғарыда айтылғандай айқын көрініс табуы. Біріншіден, қай кезде де асқан отаншылдық, ұлтты сүю сезімдері әр қазақ баласының жадында ұстайтын міндеті болу керек. Екіншіден, өткен бабаларымызды ардақтай білуіміз керек. Өйткені жеті атасын білмеген жетесіз. Үшіншіден, жақсы да, жаман да адамның пейілінен дейді. Адамның жүрегінің шамы жарық болуы керек. Осы шарттарды жақсы ұстанған жас шын мәнінде мемлекетіміздің байлығы деп білемін. Заманымыздың жақсылығы сол - көзі ашық, көкірегінде саңылауы бар жасқа мүмкіндік жоғары. Соғыста өз бойындағы үрейді жеңе білген жауынгерден нағыз батыр шығады дейді. Көпшілік жағдайда талантты, талапты деген жастарымыз өзін-өзі жеңе алмайды. Сол жағынан кішкене қайралса екен. Себебі адам өзін жеңсе, басқалар оған бақталас болудан қалады.
-Дәурен, сені білетіндер Мұқағалидың 380 өлеңін жатқа айтады дейді. Әдебиетке құштарлық кімнің ықпалымен, қалай басталып еді?
-Тайпақтың Өлеңтісінің тумасы болған атам әдебиетті жанына жақын тұтқан жан екен. Ақиық ақын Жұбан Молдағалиевпен бір ауылда өскен, сырлас дос болған. Ақжайық ауданындағы ұстазым Аягөз Қанатбаева - атамның оқушысы. Сол ұстазымның жетекшілігімен алтыншы сыныпта Абай өлеңдерін жаттауды бастадым. Абайдың 145 өлең және қара сөздерін жаттатты. Мұқағали өлеңдерін сегізінші сыныпта қолыма алдым. Алдыма қойған міндетім - күніне он өлеңін жаттау болды. Он бес күнде шамамен 145 өлеңді жатқа айтатын болдым.
Анам маған әрдайым мынаны айтып отырады: «Балам, мешеу деген ат жақсы емес, мақтан деген жақсы емес, мансап деген жақсы емес, кек деген жақсы емес, кесір деген жақсы емес». Алты жасымда Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңін санама сіңіре бастады. Әдебиетке қызығушылығыма анамның да ықпалы тиді деп ойлаймын.
-Өлең шығаратын өнерің бар ма?
-Тікесін айтқанда, шабыты шыңдалмаған бала қыранбыз. Ақындық үнемі жетілуді қажет етеді. Дәл қазір мектебіміздің мәртебесі оған мүмкіндік бермейді. Себебі мұнда ғылым саласына көп көңіл бөлінеді ғой. Ал ақындықтың жөні бөлек, қағазыңды құрғатпауды, қаламыңды тоқтатпауды қажет етеді.
-Спортты жаныңа серік етесің бе?
-Алтыншы сыныптан бастап қазақ күресіне, самбо, дзюдоға машықтана бастадым. Аудандық чемпионаттардың бас жүлдесін иелендік. Облыс көлемінде де бақ сынап, жүлдегерлер қатарынан көріндік.
-Проза жанрында қай жазушылардың шығармаларын сүйіп оқисың?
-Поэзияда қай кезде де Абай мен Мұқағалиды қатар алып жүретін болсам, прозада Ілияс Есенберлин және Мұхтар Мағауинді оқимын. Екеуі де өте шебер жазушы. Екеуінің де қаламы ұшқыр. Ұшы қиырсыз қазақ тарихын дәл олардай зерттеп, зерделеген тұлғаларды бүгінгі таңда өзім таба қойған жоқпын. Себебі Ілияс Есенберлин қазақтың әрідегі тарихы Алтын орда кезеңін кеңінен зерттеп, көркем әдеби тілмен жеткізе білген. Ал Мұхтар Мағауин қазақ тарихының әліппесін жазған адам. Осы жазушылардың кітаптарын оқығанда «біз кім болдық, ата тегімізді қайдан аламыз және әрмен қарай қалай өрлеуге тиістіміз?» деген орынды сұрақ туындап, тұжырымды ой түюге талпынасың. Олар - көкірегінде сана, көңілінде саңылауы бар жастарға бағыт-бағдар беретін әдебиеттің проза бағытындағы нақты тұлғалары. Бұларда тіл байлығы да, тарих та бар.
-Бос уақытты қалай өткізесің?
-Адамның қай кезде де сөзі қысқа, ісі семіз болуы керек. Бүгінгі заман талабында бос уақыт деген ұғым болмауы шарт. Себебі адам өзінен шексіз жетілдіруді талап ету керек. Орыстың данасы М. Горькийдің «Аяма өзіңді» деген сөзі бар. Поэзия - менің жүрегімдегі сөнбес шамшырақ. Көп уақытты осы поэзиямен өткізем. Біреулер 380 өлеңді жаттауға уақытты қалай табады деп таңғалады. Мен үшін бос уақыт деген - поэзиядан ләззат алу.
-Болашақта нақты қай саланың маманы болуды көздеп жүрсің?
-Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінің тарих бағытына оқуды ойлап жүрмін. Орал өңіріне танымал журналист Рашид Шақу: «Дәурен, біздің тарихтың әлсіз жерін білесің бе? Тарихшылардың бірінде тіл бар да, тарихы нашар. Ал екіншісінде тарих бар да, тіл жоқ. Інім, сен осы бағытыңнан айнымай, тарих пен тілді байланыстыр. Сонда сенен шын мәнінде үлкен адам шығады», деп еді. Ағамның осы сөзін өзіме үлгі-өнеге етіп алдым. Сондықтан әдебиет пен тарихты қатар меңгеріп, өмірімнің айнасы етуге тырысамын.