«Қазақстан-2050» стратегиясында мен ХХІ ғасырдың жаһандық 10 сыни-қатерін бөле жара айтқанмын. Өткен жыл бұл болжамның дұрыстығын көрсетті. Ғаламдық дамудың драматизмі айқын. Жыл басында Кипр дағдарысы әрең «ауыздықталды». Ендігі күні Еуроаймақтағы экономика ең төменгі макроэкономикалық көрсеткіш аясындағы дамудың күрделі күйінде қалып отыр. Онда әлеуметтік саяси дағдарыстың өзектілігі күн тәртібінен түскен емес, жоғары деңгейдегі жұмыссыздық жалғасып келеді», -деді Н. Назарбаев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы БҰҰ Ұйым сарапшыларының баяндамасына тоқталды. «Ондағы мәліметтерге қарағанда, 2050 жылға қарай Жер шарының 50 пайызы судың тапшылығы жағдайында өмір сүреді. Бүгінгі күні ғаламшар азаматтарының 80 миллионға жуығы кедейліктің шегінде өмір сүрсе, жыл сайын әлемде 40 миллионға жуық бала аштық салдарынан көз жұмады. Таяу Шығыс ендігі күні «арабтың анти-көктемін» бастан кешіріп жатыр», - деді Н. Назарбаев.
Бұдан бөлек, Елбасы әлемнің жақын кезеңдегі даму сатысы төтенше күрделі жағдайда болатынын болжайтынын жеткізді. «Бұндай жағдайда барша қазақстандықтар дамуымыздың тұрақтылығын бағалауы керек. Ал жоғарыда айтылған дағдарыс қиындықтарына қарамастан еліміздің ағымдағы дамуы орнықты. Болжам бойынша біздің еліміздің ағымдағы экономикалық өсімі 6 пайыз шамасында болмақ. Бұл әлемдік деңгейдегі бүгінгі күннің ең жоғары көрсеткіштерінің бірі», - деді Н. Назарбаев.