Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан II Халықаралық тау-кен металлургиялық конгресіне қатысушы делегаттарға жолдаған құттықтауында айтылған. Құттықтауды ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов оқып берді.
«II Халықаралық тау-кен металлургиялық конгресі ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында өтіп отыр. Осы жылдары металлургия Қазақстан экономикасының негізгі саласы болып, дамудың жоғары көрсеткішін көрсетіп келді. Бүгінде ішкі жалпы өнімнің 7 пайызы, өнеркәсіптік өндірістің 17 пайызы және экпорттың 20 пайызы - отандық металлургияның үлесінде» - делінген Н.Назарбаевтың құттықтауында.
Президент қазіргі кезде металлургтердің алдында жаңа мақсат-міндеттер тұрғанын атап өтті. Қазақстанда үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаны іске асыру жұмысы басталды. Таяу жылдарда өндіріске күрделі жаңарту жұмыстарын жүргізіп, мыңдаған жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр. Осы орайда геологиялық-зерттеу жұмыстарына бөлінетін қаражатты ұлғайту аса маңызды.
Н.Назарбаев мемлекет пен бизнестің келісілген іс-әрекеті арқасында XXI ғасырда біздің еліміз өзінің әлемдегі жетекші металлургиялық орталық деген мәртебесін бекіте түседі деген сенімін білдірді.