«Тайлақтың тақиясы қайда?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 18 ақпан, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«1941 жылы басталған соғыс салмағы майданға аттанған азаматтар мен олардың отбасына ғана түскен жоқ, өндіріс пен ауыл шаруашылығы, өзге де салалық кәсіпорындар майданға қызмет етуге жұмылдырылды. Бүкіл ел аяғынан тік тұрды. Бұғанасы қатпаған бүлдіршін мен еңкейген қарттарға дейін еңбек майданынан табылды. Тіпті, халықтың рухын көтеру мақсатында өнер мен әдебиет саласында да екпінді үн, өршіл леп қалыптасты. Өнерпаздардың майдан даласына барып концерт беруі, Жамбыл ақынның «Ленинградтық өренім» деп жауынгерлерді қайрай түсуі, сондай-ақ қазақ ғалымдарының со-о-нау Маңғыстаудан қарт жырау Мұрын Сеңгірбекұлын Алматыға шақыртып, әйгілі «Қырымның қырық батыры» эпостық жырын қағазға түсіруі секілді рухани бағыттағы істер осы бастамалардың жемісі болатын. Сол аласапыран зұлматты тойтарып, Жеңісті жақындатуға қазақтың құтты даласы қосқан үлес пен күш ересен. Азық-түлік, жылы киім-кешекпен бірге соғысқа қажетті жабдықтар эшелондармен үздіксіз тасылып жатты. Ондай эшелондардың бірқатарындағы платформаларда майданға қарай жалы желбіреп қазақтың адай жылқылары да аттанғанын біреу білсе, біреу білмейді»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы.

Адай жылқысы жылқы баласының бертінде әртүрлі селекциялық жұмыстар нәтижесінде алынған тек пен түр, тұқымдық жемісі емес, ұзақ жылдар бойы қатал табиғаттың сұрыптауынан өтіп, адамзаттың шапса қанатына, ашықса тағамына жарап, ел мен жерді қорғауда сенімді серігіне айналған табиғи тұқым. Сол секілді оның атауы да белгілі бір ел-жұрттың атын кешелі-бүгін иемдене салған жоқ. Ол да XIX-XX ғасырлардағы талай шетелдік зерттеушілердің қаламына солай ілігіп, тарихи құжаттарға осылай еніп тарихи қалыптасқан атау. Бұл жайында « Соғысқа кеткен сәйгүліктер» деген мақалада толық берілген.

Бас басылымда «Әлемде әлсіреген ұйымдар көп» деген сараптамалық мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Соңғы жылдары дүниенің төрт құбыласына бірдей салқынын тигізіп тұрған қаржы-экономикалық дағдарыс тек Еуропада ғана емес, басқа да құрлықтарға көп қиындықтар келтіріп отырғандығы сезіледі. Соның ішінде әлемнің ең ірі экономикасы саналатын Америка Құрама Штаттарының өзінде кейбір салалар бойынша жағдайдың мәз еместігі сезіліп қалуда. Мұнда мұнай өндіру көлемі төмендеп, кейбір банктердің қызметі тоқтатылуда. Осындай жағдайлар әлемнің басқа да нүктелерінде байқалып отыр»,-деп жазады мақала авторы.

***

«Айқын» газетінде «Дінді жалған сезіммен емес, біліммен түсіну керек» деген тақырыппен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлымен арадағы сұхбат жарияланды.

«Дін қызметкерінің этикасы» деп аталатын тәлімдік құжатымызды дайындап қойдық. Осы форумда, Алла қаласа, қабылдаймыз. Бұл этика бізге, дін қызметкеріне не береді? Діни қызмет - мәртебелі міндет және имам, молдалардан жоғары адамгершілік құндылықтар талап етеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз үмбетін: «Алла тағала кімге жақсылықты қаласа, соған дінді үйретеді» деп сүйіншілеген. Имамдар форумын ұйымдастырудағы тағы бір үлкен ниетіміздің бірі - дін қызметкерлерінің білігі мен білімін байыту, қазіргі қоғамға сай діни кадрлар сапасын арттыру. Имам этикасында бірнеше талаптар жазылған. Құжатымыздың маңызды деген тұстары мынадай: біріншіден, имамдардың заманауи ақпарат құралдарын, ғаламтор, байланыс құралдарын жете меңгеруі, шешендік өнер, сөйлеу әдебін игеруі тиіс. Екіншіден, мешітке келушілерге көркем мінез көрсетуі, олардың өтініштері бойынша қажетті шараларды жүзеге асыруы қажет. Үшіншіден, өзін жан-жақты дамытуы, қосымша ілім алуы, дүниелік ілімдерді меңгеруі, үгіт-насихат жұмыстарында уағызды Қазақстан тарихымен, салт-дәстүрмен, әдеп-ғұрыппен, би-шешендердің қанатты сөздерімен, мақал-мәтелдермен ұштастырып, қазақ халқының ұлы тұлғалары -әл-Фараби, Қожа Ахмет Йассауи, Жүсіп Баласағұни, Абай, Ыбырай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп және тағы да басқа осы сынды ғұламалардың өсиетті өлеңдері мен ғибратты әңгімелерімен көркемдеп айтуы қажет»,-дейді Бас мүфти.

Осы басылымда «Тайлақтың тақиясы қайда?» деген мақала берілген.

Қазақ киносының алтын қорына қосылған «Тақиялы періште» көркем фильмі туралы айтылар әңгіме көп. Өйткені бұл фильм экранға шыққан күннен бері жұрттың жүрегін жаулап алған. Әсіресе, Тайлақтың рөлін тамаша сомдаған танымал актер, Мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы Әлімғазы Райымбековтің іс-әрекеті, қимылы, сөз саптасы көрерменін қызықтырмай қоймайды. Әсіресе, Тайлақтың тақиясы оны өзгелерден ерекшелендіріп қана қоймай, киноға ұлттық бояу берген. Тақия демекші, редакцияға телефон шалған бір азамат дәл осы тақия туралы сұрады. «Әлімғазы Райымбеков ағамыз кинода басына киген тақияны бәссаудаға қойса, бірнеше миллион теңге болса да сатып аламын» деді бейтаныс азамат.

- Тақияма таңғалатындар көп еді! - дейді Әлімғазы аға. - Оны киіп, рөлімді барынша тиянақты ойнап шыққан секілдімін. Алғашында кино маған ерсі көрінді. Қимылым, әрекетім біртүрлі, өзімнен өзім ұялып жүрдім. Бірақ кейіннен...45 жылдан соң жақсы көріне бастады. Жұрттың пікірін естіп, киноға деген көзқарасым өзгерді. Халық сүйген соң, мен де сүйдім. Ал әлгі ала тақия мені өзге кейіпкерлерден өзгеше етіп көрсеткен құнды бас киім болды.

***

«Казахстанская правда» газетінде «Общенациональная коалиция демократических сил "Казахстан-2050" выступила с Обращением» деген материал басылды. «Еліміздегі беделді де өкілетті үнқатысу алаңы ретінде Демократиялық күштердің «Қазақстан­2050» жалпыұлттық коалициясы түрлі көзқарас пен ұстанымдағы жетекші қоғамдық-саяси күштердің ашық әрі салиқалы пікірталасы арқылы барлық әлеуметтік топтардың мүддесін қамтамасыз етеді. Коалиция Елбасының мемлекеттік бағытын жүзеге асыруға өзіндік үлес қоса отырып, қоғамды топтастырып, ондағы өзара сенімді нығайтады. Бүгін, Коалиция талқылау нәтижесінде 2015 жылы президенттік сайлау өткізу жөніндегі бастаманы бірауыздан қолдады. Бұл - еліміз үшін тарихи сәт»,-деп атап өтілген Үндеуде.