Тайланд аруы ЭКСПО қонақтарын би билеуге үйретті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы ЭКСПО көрмесінде Тайланд корольдігінің ұлттық күні аталып өтті. Осыған орай, тай елінен келген 50-ден астам әртіс өз өнерлерін паш етті. Олардың ішінде «Тайланд аруы - 2016» байқауының жүлдегері Пинтхип «Кван» Оракхорн да бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Концерттік бағдарлама кезінде көрермен қауым Тайландтың мәдениеті мен салт-дәстүрімен етене танысты. Сахнада «Кинари» мен «Хон» атты ұлттық билер орындалды. Джо Луистің дәстүрлі қуыршақтар театры да өз өнерін ортаға салды. Ал Тайланд аруы Пинтхип «Кван» Оракхорн жиналған жұртты өз елінің биіне үйретті. Бұдан бөлек, көрме қонақтарына тай елінің баламалы энергетика саласындағы жетістіктері, соның ішінде ауыл шаруашылығында биоэнергетиканы өндіру технологияларыда арнайы бейнебаяндар арқылы көрсетілді.


Салтанатты шараға Тайландтың энергетика министрі, генерал Анантапурн Канджанарат та қатысты. Оның айтуынша, бүгінде тай елінің бай табиғаты арқасында биоэнергетиканы дамытуға мүмкіндік бар. Мемлекет басшылығы оған негізгі басымдық беріп келеді. Тайланд павильонының тақырыбы да сол - «Барлығына арналған биоэнергетика». Ол жерде интерактивті демонстрация арқылы қант құрағы, эвкалипт, каучук, күріш, жүгері, тапиоки, көң мен пальма майынан энергия алу технологияларымен танысуға болады. Осы уақытқа дейін аталған павильонға келіп кеткен адамдардың саны 100 000-ға жетті.

Тайландтың энергетика министрлігі ЭКСПО-2017 көрмесінде үздік бес павильонның қатарынан көрінуді көздейді.
Тайландтың ЭКСПО көрмесіне тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр. Осы елдің павильонында бірнеше ұйым өз кабинкаларын орнатқан. Сол жерде тай мемлекетінің экономикасы, қолөнері, мәдениеті мен туризмі туралы барлық ақпаратты алуға болады. Бұдан бөлек, Тайландтың Инвестициялар жөніндегі кеңесі іскерлік топтармен инвесторлар үшін шеберлік сыныптарын (30 маусым - 5 шілдемен 11-16 тамызда) өткізбекші.

Жақында аталған мемлекеттің сауда министрлігі ЭКСПО-2017көрмесіне тағы 16 компанияны тартты. Олар «халял» өнімдерін таныстырады. Сондай-ақ, тай театры, бейнелеу мен колөнеріне арналған сан алуан мәдени-бұқаралық шаралар жоспарланған. Осылайша,
Тайланд корольдігі Астанадағы ЭКСПО арқылы өз елін кеңінен жарнамалап қана қоймай, экономикалық және іскерлік байланыстарда да барынша күшейтуді көздейді.