Қазақстан Республикасы Конституциясының 6 және 38-баптарына сәйкес, жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстардың мемлекет меншігінде болатындығы, Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға міндетті екендігі тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Осыған орай аталған заңнаманың орындалуына мүдделілікпен бірге оның толыққанды жүзеге асуына жауапты уәкілетті орган болуы тиіс. Сонымен бірге қоғамның әрбір мүшесі табиғат байлығының талан-таражға түспеуіне ықпал етуге міндетті. Дегенмен, дәл қазіргі кезде Ата Заңдағы аталмыш баптар жүз пайыз орындалуда деуге негіз болмай тұр. Табиғат байлығының мұндай жағдайы прокуратура органдарын бей-жай қалдырмай қатты алаңдатып отыр. Осыған байланысты облыс прокуратурасы табиғи ресурстарды сақтауға қатысты сот органдарымен қаралған әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істердің 2015 жылғы және биыл жылдың жартыжылдығына талдау жасады.Талдау барысында анықталғандай биылғы жылдың жартыжылдығында облыстың бірінші сатыдағы соттарында әкімшілік құқық бұзушылық туралы 42 іс, 2015 жылдың 12 айында 114 іс қаралған. Істердің басым бөлігі нақтырақ айтқанда, 23 іс жабайы аңдар мен өсімдіктерді немесе олардың бөліктерін заңсыз алу, сату, тасымалдау, сақтау, ұстау секілді заңсыздықтарға байланысты болса, 11 іс балық аулау және балық, басқа да су жануарлары ресурстарын қорғау тәртібін бұзуға қатысты. Сонымен қатар аңды пайдалану және ұстау тәртібін бұзған, су қорғау аумақтары мен су нысандарының маңына заңсыз құрылыс салу, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу деректеріне қатысты істер қозғалған. Тағы бір назар аударатын күрделі жағдай - заңсыз балық тасымалдаудың тым артып кеткені. Бұған өткен жылдың жартыжылдығында осындай 9 оқиға тіркелсе, биылғы жартыжылдықта заңсыз балық тасымалдауға қатысты 23 деректің беті ашылғаны дәлел бола алады. Балық және тағы басқа да су жануарларын заңсыз аулауға, тасымалдауға, сақтауға қатысты қозғалған істер негізінен өзен-көлдері көп Балқаш, Алакөл, Талғар және Еңбекшіқазақ аудандық соттарында қаралған. Облыстың бірінші сатыдағы соттарында жалпы сомасы 1 816 415 теңге айыппұл салу жөнінде 41 қаулы шығарылса, айыпты болып қалғандар осы соманың 914 005 теңгесін өз еріктерімен өтеген. Қоршаған ортаны қорғау заңнамасын белден басу арқылы мемлекетке
5 387 290 теңге зиян келгенін де айта кеткен жөн. Құқық бұзушылықтың құралы болып табылатын ау-құралдарды және тағы басқа да бұйымдарды тәркілеу 24 істе қолданылған.Талдау барысында белгілі болғандай, сот тәжірибесі заң талаптарына сай қолданылып, шешімдер заңды тұрғыда шығарылып жатқанына қарамастан, бірінші сатыдағы соттар тарапынан жекелеген заң бұзушылықтардың тіркелгенін жоққа шығаруға болмайды. Аталған соттардың тарапынан әкімшілік істерді қарау кезінде айыпталушының қоршаған ортаға келтірген зияны жеткілікті түрде зерттелмеген және ӘҚБтК-нің 59-бабындағы 1-бөлім-нің талаптары сақталмаған. Мәселен, Балқаш аудандық сотының 2015 жылғы
29 сәуірдегі қаулысымен айыпталушы Ж. деген азаматтың балық аулау тәртібін өрескел түрде бұзғаны нақтыланып, оның 200 метрлік ауы тәркіленіп, 20 АЕК көлемінде айыппұл салынған. Істі қарау барысында жазаға тартылушының заңсыз әрекетінің салдарынан мемлекетке 15 579 теңге мөлшерінде зиян келгені және оны құқық бұзушының мойындағанына қарамастан, сот оның залалдың орнын толтыруына рұқсат етпеген. Мұндай келеңсіздіктердің жиі алдан шығатындығы, бірінші сатыдағы соттардың залалды өндіріп алу институттарын дұрыс қолданбайтынды-ғын көрсетіп отыр. Бұл өз кезегінде мемлекетке зиян шектіріп отыр. Бұған қосымша аталған соттардың тарапынан мерзімнің өтіп кетуін дұрыс есептемеуге қатысты деректер де жиі алдан шығады. Сонымен бірге осыған керісінше жауапқа тарту мерзімі өтіп кеткендігіне қарамастан, соттардың құқық бұзушыны жазаға тартуы да көрініс беретінін айта кеткен абзал. Мұндай жауапсыздықты Қарасай аудандық және Қапшағай қалалық соттарынан кездестіруге болады. Мерзімге қатысты заңдылықтың сақталмауына байланысты келеңсіздіктер прокурорлардың наразылығы мен облыстық соттың қолдауынан соң барып заң аясында шешімін тапты. ӘҚБтК-тің 383-бабының 3-бөлігінде балық аулау тәртібін бұзу, балық аулауға тыйым салынған мерзімде рұқсат етілмеген құралдармен балық аулауға қатысты жауаптылық қарастырылған. Алайда лауазымды тұлғалар әкімшілік өндіріс қозғау кезінде оқиғада қылмыстық құқық бұзушылық құрамының бар немесе жоқ екенін дер кезінде шешпейді. Мәселен, Қапшағай су қоймасының №12 учаскесінде балық аулауға тыйым салынған мерзімде қолдануға рұқсат етілмейтін тормен балық аулаған Ю. деген азаматқа қатысты хаттама толтырылып, сол күні-ақ сотқа жіберілген. Қапшағай қалалық соты қаулысымен Ю-ға қатысты істе ӘҚБтК-нің 383-бабы 3-бөлігінде қарастырылған құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс өндірісі қысқартылған. Осы қалалық сотта Б., С., Р. және О. деген азаматтарға қатысты дәл осындай істер қысқартылған. Прокурордың өтініші бойынша аталған істер бойынша жеке қаулылар шығарылып, жоғарыда аталған азаматтар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ бірінші сатыдағы соттар істі қарау барысында Ауылшаруашылығы министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы «Қолдануға рұқсат етілген кәсіпшілік және кәсіпшілік емес балық аулау құралдарының түрлері мен тәсілдерінің тізбесін бекіту туралы» №18-04/17 бұйрығы бойынша қолдануға тыйым салынған синтетикалық нейлон және басқа да синтетикалық моножіптерден тоқылған балық аулайтын ауларын құқық бұзушыларға қайтарып береді және сол әрекеті арқылы олардың заңсыз кәсіпті қайта жалғастыруына жол ашады. Заман талабы алға жылжыған жылдармен бірге өзгеріп тұрады. Осыны ескере отырып, қолданыстағы заңнамаға толықтырулар енгізу қажеттігі айтпаса да түсінікті. Сондықтан қылмыстық құрал болып танылған ау-құралдарды, қайықтарды, отпен атылатын қару және тағы басқа да жабдықтарды тәркілеуге қатысты тармақтарды қатайта түскен жөн-ау деп ойлаймын. ӘҚБтК-нің 45-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзу барысында қолданылған құрал, сол сияқты әкімшілік құқық бұзу арқылы алған мүлік белгіленген заңнамалар тәртібімен мемлекет меншігіне мәжбүрлеп өтеусіз беруге жатады. Дегенмен, аталмыш баптың 4-бөлігінің талаптарына сәйкес, тәркілеу сот тарапынан қолданылғанымен, әкімшілік жаза түрінде тиісті баптарда қарастырылған жағдайда, яғни қосымша жазалаудың баламалы түрі бар болғанда сот мұндай жазаны алып тастауы да мүмкін. Мұның соңы жоғарыдағыдай келеңсіз жағдайларға ұрындыра-ды. Осыған байланысты ӘҚБтК-нің кейбір баптарының санкцияларынан қосымша жаза қолдану бойынша баламалы нормаларды алып тастау қажет деп есептеймін. Өйткені тәркілеуді міндетті қолдану жөніндегі нақты нормалардың болуы ӘҚБтК-нің 40-бабы 2-бөлігінде көрсетілген мақсатқа қол жеткізуге ықпал ететіні анық. Жалпы, әкімшілік жаза құқық бұзушылық жасаған адамды тәрбиелеуге, заңнамалар талаптарын сақтау мен құқықтық тәртіпті құрметтеуге, сол сияқты құқық бұзушылар мен басқа да азаматтардың құқық бұзушылығының алдын алуға бағытталған. Сондықтан мұндай ұсыныстар заң бұзушылықтардың алдын алуға көмектеседі деп ойлаймын. Мысалы, балық аулау тәртібін өрескел бұзғаны, яғни тыйым салынған мерзімде, рұқсат етілмейтін құралдармен балық аулау, сол сияқты балық ресурстары мен су жануарларын пайдаланудың басқа да түрлерін жүзеге асыру тәртібін өрескел бұзғаны үшін (ӘҚБтК-тің 383-бабы 3-бөлігі) заң шығарушылар тарапынан қосымша жаза - әкімшілік құқық бұзушының құралын және (немесе) қа-руын тәркілеу қарастырылғанымен көбіне бұл шара қолданылмайды. Соттар тарапынан әкімшілік жаза қолдану кезінде заңсыз ауланғандар ғана тәркіленіп, құқық бұзу кезінде қолданылған құралдар, мәселен, қайықтар, түрлі моторлар және т.б. заттар көбіне құқық бұзушының өзіне қайтарылады. Судьялардың шешімдерінде құқық бұзушының қоршаған ортаға келтірген шығынды өтеуі туралы мәселе зерттелмейтіні, шығынды өтеуді талап етпейтіні жиі кездеседі. Жоғарыда айтылған-
дарға сүйене отырып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнамалар әлі де жетілдіруді қажет етеді деген ойымыз беки түседі.
Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды қолдану бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерге қатысты жазаға тарту заңда көрсетілгенімен, бірінші сатыдағы соттардың көп жағдайда оны қолданбайтындығы талдау барысында белгілі болып отыр. Сол себепті де жоғарыда көрсетілген келеңсіздіктер орын алып келген.
Нәтижесінде облыс прокуратурасы бірінші сатыдағы соттардың заңға қайшы шығарған актілеріне наразылық келтіріп, оған облыстық сот қолдау көрсетуде.
Біріншіден, ӘҚБтК-нің 383-бабы 3-бөлігінде балық аулау тәртібін өрескел бұзған, бірақ жазалайтын қылмыстық әрекеті болмаған жағдайда ғана әкімшілік жазаға тарту қарастырылған. Қолданыстағы заңнамаларда қандай жағдайда материалдарды процессуалдық шешім шығару үшін құқық қорғау органдарына жіберу керек, қандай жағдайда жіберілмейді, сол жағы айқындалмаған.
Заң бұзушы әрекетін дәрежелеу шегінің нақты еместігінен тәжірибе барысында түрлі түсінбестіктер туындап жатады. Бұған дейін мұндай мәселеде Жоғарғы Соттың 2004 жылғы 26 қарашасындағы №18 «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаларды соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысы басшылыққа алынатын. Алайда, жаңа ӘҚБтК-і қолданысқа енгізілгеннен бері Жоғарғы Соттың аталған қаулысы күшін жойды.
Екіншіден, уәкілетті орган тарапынан жеке материалдарға қатысты заң бұзушылық бойынша қабылданған сот қаулыларын қайта қарау туралы прокуратура органдарына өтініш берілмейді.
Сондықтан осыған байланысты ӘҚБтК-ге, атап айтқанда ӘҚБтК-нің 830-бабының 6-бөлігіне тиісті түзетулер енгізу қажет деп есептеймін.
Үшінші мәселе ӘҚБтК-нің 383-бабы 3-бөлігіне қатысты. Мұнда қарастырылған баламалы негізде тәркілеу түріндегі қосымша жазалауды қолдану құқық бұзушылықты қайталамауға немесе оның алдын алуға ықпал ете алмайды. Құқық бұзу кезінде қолданылған құралдар мен қарулар иесіне қайтарылып берілетіндіктен, ол азаматтың құқық бұзушылықты қайта жасамауына кім кепіл?!
Осыған байланысты құқық бұзу барысында қолданылған құралдар мен қарулар міндетті түрде тәркілеуді енгізу арқылы жоғарыда аталған баптардың санкцияларындағы жазалаудың қосымша түрін қатаңдату қажет деп білемін.
Ғабит МИРАЗОВ, Алматы облысының прокуроры, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі