«Таза қала» Батыс Қазақстанда: туристік әлеует пен өзекті мәселелер

АСТАНА. KAZINFORM — Батыс Қазақстанда туристік әлеует қаншалықты дамыған? Сауалға жауап іздеген Jibek Joly телеарнасының «Таза қала» жобасының жүргізушілері өңірдің артықшылықтары мен шешімін күткен мәселелерін саралады.

Фото: видеодан алынған скрин

Алма бағы қалай турист тартып жатыр?

Батыс Қазақстан облысы туризмді табиғи байлықпен ғана емес, экологиялық мәдениетпен де ұштастырып келеді. Мұнда жыл басынан бері республикалық «Таза Қазақстан» акциясына 85 мың тұрғын қатысқан. Өңірде табиғатты қорғау туристік тартымдылықты арттыратын маңызды факторға айналған.

Фото: видеодан алынған скрин

Осы ұстанымды нақты іспен дәлелдеп жүрген азаматтардың бірі — Қайрат Кәрімов. Осыдан 16 жыл бұрын ол Орал маңындағы сегіз гектарға жуық аумақты тазалап, алма көшеттерін отырғызудан бастаған еңбегін ғылыми жобаға айналдырды.

— Мұндай ғылыми бақ кәсіпкерлер үшін қажет. Олар тәжірибе жүргізіп отырмайды. Себебі алманың қасиетін ашып көрсетуі үшін кемінде 7 жыл қажет. Сол жұмысты біз атқарып, бизнес өкілдеріне қандай сорт егуі қажет екенін анықтап береміз, — деді бақ иесі.

Фото: видеодан алынған скрин

Бүгінде бақта алма ағашының 200-ге жуық сорты өсіріледі. Бұл — сорт авторларынан тікелей жинақталған бірегей генофонд. Ресейлік селекционер-ғалымдардың бағалауынша, мұндай ғылыми бақтың посткеңестік кеңістікте баламасы жоқ. Ғылыми құндылығымен қатар, бақ туристер үшін де тартымды орынға айналып келеді. Мұнда алмамен бірге жеміс-жидектің ондаған түрі өсіп жатыр.

Оралдықтар нені өзгерткісі келеді?

Жоба жүргізушілері тұрғындармен тілдесіп, қаланың артықшылықтары мен шешімін күткен мәселелер туралы пікірін тыңдауды ұмытпады. Көпшіліктің айтуынша, Оралда отбасылық демалысқа арналған орындар жеткіліксіз.

— Отбасылық демалыс орындары аз. Аквапарк тіпті жоқ деуге болады. Айналып келіп Киров саябағына келеміз, — деді жергілікті тұрғындар.

Фото: видеодан алынған скрин

Ал қаланың тазалығына қатысты пікір ортақ. Олардың айтуынша, Оралдың орталық бөлігі таза әрі ұқыпты. Алайда ескі аудандар мен кейбір қоғамдық орындарда қоқыс мәселесі өзекті.

— Жайықтың жағасында суға түсетін жерлерді ретке келтіру керек. Тұрғындардың тазалық мәдениетін көтеру де кезек күттірмейтін мәселе, — дейді оралдық тұрғын.

Қала инфрақұрылымына қатысты пікір де әркелкі. Тұрғындардың сөзінше, негізгі көшелердің жол сапасы жақсы болғанымен, кейбір аумақтарда көлік қозғалысы жайсыздық тудырады.

Су туризмінен аңшылыққа дейін

Батыс Қазақстанда соңғы жылдары белсенді демалыс бағыттары қарқын алып келеді. Соның бірі — су туризмі. Жайық өзенінің жағасында орналасқан сапборд орталығы өңірдің жаңа туристік нүктесіне айналған. Мұнда нұсқаушылардың көмегімен сапбордты меңгеріп, өзен бойымен серуендеуге мүмкіндік бар.

Фото: видеодан алынған скрин

Белсенді демалыс мұнымен шектелмейді. Оралдан шамамен 250 шақырым жердегі балық және аңшылық шаруашылығы да туристер жиі баратын орындардың бірі.

видеодан алынған скрин

Мұнда келушілер табиғат аясында тынығып қана қоймай, балық аулау мен аңшылық мәдениетімен танысады.

— Балық пен аң аулау мәдениетін қалыптастыру табиғатты қорғауға, ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуға негізделген. Ол жануарлар әлеміне ұқыпты қарауды, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды талап етеді, — деді кәсіпкер Нұрбек Нұрсейітов.

Жоба осыдан 16 жыл бұрын қолға алынған. Аумағы 110 гектар болатын Өзек тоғаны бүгінде өңірдегі туризмнің ірі орталықтарының біріне айналды.

видеодан алынған скрин

Соңғы екі жылда мұнда келушілер саны айтарлықтай артқан. Кәсіпкердің айтуынша, демалыс орнына Батыс Қазақстаннан ғана емес, Ақтау, Атырау өңірлерінен және Ресейден де туристер келеді.

Жергілікті халық бұл аумақты Балықты Сарқыл деп атайды. Бұрын бос жатқан жерде бүгінде қонақ үй, арнайы балық аулау аймақтары және туристерге қажетті инфрақұрылым қалыптасқан. Аңшылық маусымында мұнда мергендер жиналса, жылдың басқа мезгілінде табиғат аясында тынығуды қалайтындар көп келеді. Арнайы турмен де, жеке көлікпен де жетуге болатын демалыс орны Батыс Қазақстандағы экотуризмнің ең тартымды бағыттарының біріне айналып отыр.

Үздік туристік ауыл: Хан ордасының әлеуеті мен мәселесі

Хан ордасы ауылы Оралдан 550 шақырым жерде орналасқан. Бөкей хан негізін қалап, Жәңгір хан тұсында гүлденген тарихи мекен өткен жылы Қазақстанның үздік туристік ауылдарының қатарына енді.

видеодан алынған скрин

Бағдарлама жүргізушілері ауылдың әлеуетімен танысты. Жолы жөнделген, спорт кешені мен визит орталығы жұмыс істейді. Алайда тарихи нысандардың жағдайы көңіл көншітпейтінін байқадық. Кей көшелер толық асфальтталмаған, балаларға арналған ойын алаңдары жоқ, ал XIX ғасырдан сақталған ғимараттардың бірқатары әлі күнге дейін қалпына келтірілмеген.

— 1846 жылы салынған үйлер бар. Бұлар тұнған тарих. Бірақ қаржы бөлінбей жатқанынан болар, әлі жөндеу көрмеді, — деді жергілікті тұрғын.

видеодан алынған скрин

Соған қарамастан Хан ордасы туристер қызығатын тарихи бағыттардың бірі болып қала береді. Өткен жылы мұнда 24 мыңнан астам адам келген.

видеодан алынған скрин

Ауылдағы тарихи-мәдени музей-қорық Бөкей Ордасының бай мұрасын таныстыратын маңызды орталық саналады.

— Ордадағы музей ісінің негізі Жәңгір хан тұсында қаланды. Кейін бастама өңір зиялыларының қолдауымен жалғасып, 1962 жылы «Орда тарихи-революциялық музейі» ашылған, — деді «Хан ордасы» тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының директоры Гүлмару Мырзағалиева.

Ауылдан төрт шақырым жерде Жәңгір ханның кесенесі орналасқан. Маңғыстаудың ақ ұлутасынан тұрғызылған мемориалдық кешенде хан әулетінің өкілдері жерленген.

Хан ордасында қазақ даласындағы алғашқы аурухана, дәріхана, баспахана және қазынашылық ғимаратының тарихымен танысуға болады. Алайда 1841 жылы Жәңгір хан салдырған қазақ даласындағы алғашқы зайырлы мектеп бүгінге жетпеген. Ел тарихында айрықша орын алатын мұраны зерттеу жұмыстары әлі де жалғасуы қажет.

Киногерлер таңдаған тарихи мекен

Хан ордасының тарихи келбеті киногерлерді қызықтырып отыр. Ауылда режиссер Жандос Құсайыновтың «Қосшығұлов. Шоколад фабрикасы» көркем фильмінің түсірілімі жүріп жатыр. Картина XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында өмір сүрген қазақтың тұңғыш кәсіпкерлерінің бірі Баймұхамбет пен Құрманғали Қосшығұловтардың тағдырына арналған.

видеодан алынған скрин

— Бұл — керемет, таптырмас локация. Тарихи фильмді көрерменнің жүрегіне жеткізу үшін барымызды саламыз, — деді театр және кино актері Әділ Ахметов.

видеодан алынғын скрин

Хан ордасының тарихи ғимараттарын халықаралық деңгейдегі кино мамандары да жоғары бағалайды.

— Ауылда барлығы ұнады. Мұнда тіпті бағдаршам жанып тұр. Ал тарихына келсек, жүректі қозғайды, — деді Оскар сыйлығы қазылар алқасының құрамына енген Еркінбек Пітіралиев.

Аспан туризмі мен шипажай әлеуеті

Батыс Қазақстанда белсенді демалысты ұнататындар үшін де мүмкіндік мол. Соның бірі — 90 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Орал аэроклубы. Бүгінде кез келген адам нұсқаушымен бірге моторлы ұшақпен немесе планермен әуеге көтеріліп, өңірді құс биігінен тамашалай алады.

Осы уақытқа дейін мұнда 1 500-ден астам ұшқыш даярланған. Олардың қатарында қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш қыз Хиуаз Доспанова да бар.

видеодан алынған скрин

Белсенді демалыстан гөрі тынығуды қалайтындар үшін өңірде шипажай туризмі дамып келеді. Облыс орталығынан небәрі жарты сағаттық жерде орналасқан емдеу-сауықтыру кешені 20 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз жұмыс істеп келеді. Мұнда келушілер табиғи минералды сумен ем алып, бассейн, массаж және түрлі сауықтыру қызметтерін пайдалана алады. Кешенде төрт жұлдызды қонақүй де бар.

— Ол буынға, жүрек-қан тамырлары жүйесіне жақсы әсер етеді. Циркулярлы душ, емдік балшықтың бәрі бар. Ал мұндай минералды су Қазақстанда сирек кездеседі, — деді шипажай директоры Айнұр Ғабдуллина.

Шипажайда төрт корпус жұмыс істейді, келушілерге 80-ге жуық маман қызмет көрсетеді. Емдеу үдерісі заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жүргізіледі.

видеодан алынған скрин

Алайда өңірдегі туристік әлеует пен емдеу инфрақұрылымына қарамастан, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Шипажай орналасқан ауыл Кеңес дәуірінде осы емдеу кешенімен бірге қалыптасқан. Бірақ содан бері ауыл көшелеріне асфальт төселмеген.

Эйфельдің ізі Жалпақталда

БҚО-да заманауи келбетімен ерекшеленетін ауылдардың бірі — Жалпақтал. Тарихи немесе табиғи нысандарымен емес, тұрғындарының бастамасымен танылған елді мекен бірнеше ай бұрын бүкіл елдің назарын аударды. Мұнда Париждегі Эйфель мұнарасының үлгісімен салынған 30 метрлік «Ынтымақ» мұнарасы бой көтерді.

видеодан алынған скрин

Оны мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектер туған ауылына тарту еткен. Жобаның авторы — осы ауылдың тумасы.

— Жалпақталда бұл үрдіс бүгін басталған жоқ. Мен бұрын балалар ойын алаңдарын, футбол алаңдарын жасауға қатыстым. Кейін ерекше нысандар пайда бола бастады. 2024 жылы түлектер Алтын домбыра орнатты. 2025 жылы Алтын кітап жасалды. Ал биыл мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектер 30 метрлік «Ынтымақ» мұнарасын сыйға тартты, — деді ол.

Жалпақталда түлектердің туған ауылына тарту жасауы дәстүрге айналған. Сондықтан мұнда балалар және спорт алаңдарынан бастап, түрлі сәулет нысандарына дейін жергілікті тұрғындардың қолдауымен бой көтерген.

— Үш дәнекерлеуші болып жұмыс істедік. Бір жылға жуық уақыт жұмсадық. Ең қиыны — тасымалдау болды. Бөлшектері өте үлкен болғандықтан, оны жеткізу мен құрастыру оңайға түскен жоқ, — деді ұста.

Батыс Қазақстанның жаңа бағыты

Бағдарлама жүргізушісі Шалқар көлінің жағасында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовпен өңірдегі туризмді дамыту жоспарлары туралы сұхбаттасты.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, өңірде 443 елді мекен бар. Соған қарамастан негізгі басымдық туристік әлеуеті жоғары ауылдарды дамытуға беріліп отыр.

— Хан ордасы ауылында спорт кешені ашылды. Келесі кезекте басқа да инфрақұрылымдық мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі, — деді Қалияр Айтмұхамбетов.

видеодан алынған скрин

Өңірде жаңа туристік және демалыс нысандарын ашу да жоспарланған. Соның бірі — Орал қаласында салынатын экопарк.

— Қалада аумағы 249 гектар болатын экопарк ашу жоспарланып отыр, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар Ақжайық шипажайын дамытуға жеке инвестиция тарту көзделген. Қазіргі уақытта нысанды сенімгерлік басқаруға беру бойынша конкурс жарияланған.

Сарапшылар не дейді?

Бағдарлама дәстүріне сай сапар соңында сарапшылар Батыс Қазақстан облысының туристік әлеуетіне баға берді. Олардың пікірінше, өңірдің мүмкіндігі жоғары болғанымен, инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасын жетілдіру қажет.

видеодан алынғын скрин

Сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген архитекторы Серік Рүстембеков Орал қаласының келбетіне оң баға берді. Алайда ол тарихи нысандар орналасқан аумақтарға көбірек көңіл бөлу керек деп есептейді.

— Қала жап-жасыл. Бірақ Хан ордасының маңайы шаршағаны көрініп тұр. Жолы нашарлау, — деді Серік Рүстембеков.

видеодан алынған скрин

ҚР Туризм және спорт министрлігінің ресми өкілі Мейрамғазы Сапарғалиевтің айтуынша, туристік нысандарды дамыту оларды абаттандырумен қатар жүруі тиіс.

— Эйфель мұнарасының көшірмесі қойылған. Енді оның маңайы да жайнап тұруы қажет, эстетикалық келбетін дұрыстау керек, — деді ол.

Туризм саласының сарапшысы Базарбек Қамысбаев та өңірдің әлеуетін жоғары бағалады.

видеодан алынған скрин

Оның пікірінше, Батыс Қазақстанда туристік нысандар жеткілікті, ендігі негізгі міндет — сервистің сапасын көтеру. Осылайша, БҚО жалпы есепте 22 ұпай жинады.

Еске салайық, бұған дейін жоба түсірілімі Атырауда жүргізілді.