Қостанай облысында былтыр туризм саласына 13 миллиард теңгеден аса инвестиция тартылған. Мұнда табиғат аясындағы демалыс орындары көбейіп, жаңа жобалар жүзеге асып жатыр. Бәлкем содан болар өткен жылы мұнда 250 мыңнан аса саяхатшы келген.
Жасыл өлке, жаңа идея: Қостанайдағы экологиялық бастамалар
Қостанай — қайың мен қарағайы қатар өскен көрікті өңір. Қаладан небәрі бес минуттық жерде жасыл желекке оранған орман бар. Мұнда тұрғындар табиғат аясында тынығып, демалысын тиімді өткізе алады.
Тұрғындардың жайлы демалысы үшін өңірде түрлі кэмпингтер жұмыс істейді. Әдетте мұндай орындарда келушілерге арналған ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылады. Алайда жүргізуші аяқ басқан кезекті кэмпингте «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ерекше бастама қолға алынған. Іс-шарада қатысушылар мен қонақтарға арналған кітап көрмесі ұсынылды. Көрменің мақсаты — экологиялық мәдениетті насихаттап, қоршаған ортаны қорғаудың маңызын кеңінен дәріптеу.
Экологиялық бағыттағы келесі жоба — жастардың қолынан шыққан ерекше өнертабыс. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің студенттері экологиялық байқауға арнап арнайы көлік құрастырған.
Ол қоршаған ортаға қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді. Қозғалтқышының жұмыс көлемі — 700 текше сантиметр. Арнайы қаңқасы, аспа жүйесі, жетек механизмі мен электрондық жүйесі де студенттердің өз қолымен жасалған.
— Шын мәнінде, ең қызықтысы — бұл толықтай студенттердің қолымен жасалған бірегей көлік. Көліктің барлық бөлшектері мен тораптарын студенттердің өздері әзірлеген. Ол бөлшек-бөлшек болып құрастырылды: кейбір компоненттер сатып алынса, кейбірі өз қолдарымен дайындалды, — дейді студент Дмитрий Федотов.
Қостанай — демалуға да, ем алуға да қолайлы өңір
Күнделікті қарбаластан шаршап, тыныштық іздеген жандарға қаладан ұзап шығудың қажеті жоқ. Орталықта орналасқан ойын-сауық кешенінде арнайы демалыс аймағы бар.
Аумағы 18 мың шаршы метрді құрайтын кешен 2020 жылы пайдалануға берілген. Мұнда теңіз суымен толтырылған бассейн мен 25 түрлі монша келушілерге қызмет көрсетеді. Оның басты ерекшелігі — жыл он екі ай ашық аспан астында жұмыс істейтін бассейн.
— Жылдан жылға туристік әлеует артып келеді. Мәселен жазда 3,5-4 мың адам күнделікті келеді. Ал басқа айларда 1,5-2 мың адам келіп, отбасымен тиімді уақыт өткізеді, — деді бренд-менеджер Ерболат Аханов.
Жанына шипа іздеген жанға Тобыл-Торғай даласының табиғаты да ем боларлық. Сондықтан бұл өңірге бірі демалу үшін, ал енді бірі денсаулығын жақсарту мақсатында келеді. Себебі мұнда сұранысқа ие шипажайлар орналасқан.
— Бұл жер қарағайлы орманның ішінде орналасқан. Орманның дәл ортасында жер астынан шығып жатқан тұзды көл бар. Сол көлдің суы өте шипалы. Біз осы суды пайдаланып, асқазан, бауыр мен ішекті емдеуге қолданамыз. Судың қасиеті мол, — дейді бас дәрігердің көмекшісі Дина Жаманшалова.
Мұнда ем алып жатқан демалушылар да шипажайға оң бағасын берді.
— Денсаулықты ойлап осы жерге келдік. Жақсы екен. Бірнеше күн болды келгенімізге. Демалып жатырмыз. Жағдай жасалған, — дейді демалушы Қанай Жамбылов.
Әулиекөлдің әлеуеті: табиғат, тарих және туризм
Облысқа қарасты Әулиекөл ауданының туристік әлеуеті жоғары. Мұнда бір-бірімен сабақтасқан жеті бірдей көл бар. Алайда олардың бірде-бірінде шомылуға рұқсат жоқ екен.
— Жетеуінің пайдасы не? Соның біреуін болса да суға түсетіндей етіп жасаса болар еді. Қазір суға түсу үшін басқа аймақтарға барамыз, — дейді ауыл тұрығыны.
Тұрғындардың айтуынша, 2000 жылдары бұл көлдерге арнайы келіп, демалатындар көп болған. Дегенмен бүгінде жағдай өзгерген. Оның себебін әкімдік өкілдері түсіндірді.
— Ең бастысы — адамдардың қауіпсіздігі. Егер көл демалуға және шомылуға толықтай жарамды болса, әрине, рұқсат берілер еді. Алайда қазір су сапасы, шомылуға жарамдылығы сияқты бірқатар талаптар ескеріліп отыр. Бұл — туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, — дейді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков.
Бұл мекенде дуалы ауыз, атағы елге аңыз болған әулиелер мен тұлғалар жерленген. Тарихы терең өңірге талай тау тұлғалардың табаны да тиген. Солардың бірі — ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Ол өз дәуірінде осы аудандағы мектептің бірінде ұстаздық еткен.
Алайда тарихи маңызы зор бұл ғимарат бүгінде музей де, мектеп те емес. Қазір ол білім ордасы жанындағы қосымша нысан ретінде ғана пайдаланылып, есігі құлыптаулы тұр. Бірақ бұл ғимарат музей ретінде қайта жаңғыртуға лайық.
Арқайым: көне мұраның келешегі қандай?
Суға түсіп, табиғат аясында демалғысы келген тұрғындар мен саяхатшылар Денисов ауданына келе алады. Мұнда қайықпен серуендеу, экстремалды ойын түрлері және жайлы коттедждер қарастырылған.
Алайда мұнда демалушылардың көбі балық аулауға келеді. Өйткені суасты бедері балық қорының сақталуына қолайлы жасалған.
— Алдағы жоспарымыздың бірі — гидтің сүйемелдеуімен балық аулау қызметін іске қосу. Алдағы уақытта осындай бірнеше қайық сатып алып, нұсқаушымен бірге гидпен балық аулау қызметін ұсынуды жоспарлап отырмыз, — дейді кәсіпкер Александр Кузьменко.
Денисов ауданына қарасты Комаров ауылынан Андронов мәдениетіне тиесілі тарихи жәдігерлер табылған. Ал Арқайым қалашығы бұл жерден небәрі жеті шақырым қашықтықта орналасқан.
Алайда ауыл тұрғындарының кейбірі осы тарихи мұра туралы біле бермейді. Бүгінде ауылдың өзі де бос қалғандай, көп үйлер қаңырап тұр.
— Болашақта бұл жерге ашық аспан астындағы музей ашуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар киіз үйлерден тұратын этноауыл салу ойымызда бар. Ғалымдар келген кезде дәл осындай киіз үй қалашығы тігілген еді. Сол уақытта оқушыларды арнайы әкеліп, тарихи орынды аралатып, таныстырдық, — Денисов ауданы әкімінің орынбасары Айгүл Бектемісова.
Әзірше бәрі тек жоспарда. Арқайымдағы археологиялық зерттеу жұмыстары екі жыл бұрын тоқтаған. Кезінде тарихты сүйетіндер мен саяхатшыларды қызықтыратын бұл мекен бүгінде назардан тыс қалған.
— Бәрі 2021 жылы басталды. Бұл — мемлекеттік тапсырыс болатын. Нақтырақ айтсақ, облыстық мәдениет басқармасы қаржы бөліп, үш жыл бойы әуелі барлау жұмыстары, кейін ауқымды археологиялық қазба жүргізілді. Мұнда студенттер келіп, үлкен шатырлы лагерь құрылды, киіз үйлер тігілді, — дейді Денисов аудандық тарихи-өлкетану музейінің басқарушысы Наталья Таранова.
Арқайымның туристік әлеуетін арттыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Әкімдік тарихи нысанды дамытуға бағытталған бірқатар жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
— Қаражат республикалық бюджетпен келісу арқылы бөлінетін болады. Арқайымда жол салу және археологиялық зерттеу жұмыстарын қаржыландыру жоспарланған. Бұл бағыт бойынша үлкен жоспар жасалып, қаражат кезең-кезеңімен бөлінеді, — дейді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков.
Сарапшылардың бағасы
Бағдарлама қорытындысында сарапшылар Қостанай облысының туристік әлеуетіне баға беріп, оны толық ашуға кедергі болып отырған негізгі мәселелерді атады.
Сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген архитекторы Серік Рүстембеков өңірдегі туризм саласының қазіргі жағдайына қатысты өз пікірін білдірді.
— Қостанайда бүкіл елге белгілі қарағайлы орман бар. Тамаша шипажайы бар екен, оны бағдарламадан да көрдік. Шипалы суы мен балшығы көпшілікке белгілі. Бірақ бұрыннан қалған шипажайдың, ғимараттар мен жолдардың жағдайы көңіл қуантпайды, — деді ол.
Ал Қазақ география қоғамының туризм маманы Жансая Ғаниқызы өңірдің тазалығы мен абаттандырылуына тоқталды.
— Қостанай елдегі таза қалалардың бірі. Бірақ қоқыс мәселесі әлі де қолға алынуы керек, - деді Жансая Ғаниқызы.
«Ұлттық энергия үнемдеу орталығы» АҚ басқарма төрағасы Елдос Абақанов өңірдегі туризмді дамыту бағытында атқарылатын жұмыстар әлі де көп екенін атап өтті.
— Әрине істелетін жұмыс көп, алдағы жылдары туристерді тартатын нысандардың көбейітініне сенімдіміз, — деді Елдос Абақанов.
Осылайша, Қостанай облысы жалпы есепте 19 ұпаймен шектелді.
Айта кетейік, бұған дейін «Таза қала» жүргізушілері Ақтөбе облысында болды.