Тәжік-ауған шекарасында тағы да атыс болды: үш контрабандашының көзі жойылды

Фото: Anadolu

АСТАНА. KAZINFORM – 29 қаңтарда бес ауған контрабандашысы Тәжікстан шекарасынан заңсыз өтті, оның үшеуінің көзі жойылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Тәжікстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Шекара әскерінің хабарлауынша, 2026 жылдың 29 қаңтарында шамамен сағат 19:30-да Хатлон облысының Шамсиддин Шохин ауданында орналасқан Бахорак шекара бекетінің қызмет көрсету аймағында 5 ауған контрабандашысы мемлекеттік шекарадан заңсыз өтті. 

– Шекарашылар бұйрығына бағынбаған контрабандашылар қару-жарақ пен оқ-дәрі пайдаланып, қарулы қарсылық көрсетіп, Ауғанстан бағытында қашуға әрекет жасады. Оқиға орнында жасалған қарымта атыс нәтижесінде үш ауған контрабандашысы залалсыздандырылды, ал екеуі Ауғанстан бағытында қашып құтылды, - деп хабарлайды ведомство.

Оқиға орнында төрт магазині бар 3 Калашников автоматы, 150 оқ-дәрі және 73 пакет гашиш пен апиын салынған 4 сөмке тәркіленді. 

Мемлекеттік шекарадағы жағдай қазіргі уақытта бақылауда, оқиға тергеліп жатыр. 

Айта кетейік, бұған дейін Ауғанстанмен шекарада болған қарулы қақтығыста екі тәжікстандық шекарашы қаза тапқан болатын.