Тәжікстан Орталық Азияның ортақ көлік-логистикалық кеңістігін қалыптастыру бастамасын көтерді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуіне қатысқан Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон аймақтағы көлік дәліздерін дамытуға назар аудару керектігін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
— Транзиттік маршруттарға деген сұраныстың артқан кезеңінде біздің аймақ көлік және логистикалық байланыстардың стратегиялық торабына айналып жатыр. Көлік-коммуникациялық инфрақұрылымды интеграциялау және логистикалық процестерді цифрландыру арқылы осы саладағы ынтымақтастықты жүйелі жолға қою қажет. Сондай-ақ, теміржол, әуе және аралас тасымал бағытындағы мүмкіндікті ұтымды пайдалану орынды. Бұл жүк тасымалын ұлғайту және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Осы ретте, Орталық Азияның ортақ көлік-логистикалық кеңістігін қалыптастыруды ұсынамыз, — деп мәлімдеді Эмомали Рахмон.
Еске салайық, саммит барысында Әзербайжан Орталық Азия басшылары Консультативтік кездесуінің тең құқылы мүшесі атанды.
Сондай-ақ, саммитте сөз сөйлеген Мемлекет басшысы бірқатар маңызды бастама көтерді.