Тәжікстандағы мұздықтардың еруі Орталық Азияға қауіп төндіреді

АСТАНА. KAZINFORM – Климаттың өзгеруі Орталық Азия үшін экологиялық мәселе ғана емес, стратегиялық сын-қатерге айналды. Температураның көтерілуі мен мұздықтардың жедел еруі өңірдегі су қауіпсіздігіне, экономикалық тұрақтылыққа және мемлекетаралық тепе-теңдікке қауіп төндіріп отыр. Аймақтың негізгі су қоры шоғырланған Тәжікстан мұздықтарының сарқылуы қандай салдарға әкелуі мүмкін және ықтимал дағдарыстың алдын алу үшін қандай шаралар қолға алынды? Сауалдарға Kazinform агенттігінің Душанбедегі меншікті тілшісі жауап іздеп көрді.

Коллаж: Kazinform / ЖИ

Жаһандық жылыну тұщы судың сарқылуына себеп

Жаһандық климат бұрын-соңды болмаған тұрақсыздық кезеңіне өтті. Парниктік газдардың шоғырлануы рекордтық деңгейге жетіп, мұхиттар жылдам жылынуда, ал жер шарындағы мұз жамылғылары қарқынды түрде қысқарып барады.

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) соңғы есебіне сәйкес, 2015-2025 жылдар бақылау тарихындағы ең ыстық кезең болды. Ал өткен жыл температура көрсеткіші бойынша екінші немесе үшінші орынға шығуы ықтимал. Өткен жылы Жер бетіндегі орташа температура 1850-1900 жылдардағы индустрияға дейінгі деңгейден 1,43 градус Цельсийге жоғары тіркелді.

– Климаттың негізгі көрсеткіштері дабыл қағарлық деңгейде. Тарих қатарынан он бір рет қайталанса, бұл жай сәйкестік емес. Ол әрекет ету қажеттігін көрсетеді, – деді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш.

Жаһандық жылынудың ең айқын салдары мұздықтардың жедел азаюынан көрініп отыр. Қазіргі таңда әлемде жалпы аумағы шамамен 700 мың шаршы шақырымды қамтитын 275 мыңнан астам мұздық бар. Олар әлемдегі тұщы су қорының 70 пайызын сақтап отыр. Соған қарамастан, мұз қабаттары жылдан-жылға жұқарып, көлемі қысқарып келеді.

Өткен жылы Арктикадағы мұз ең төменгі деңгейге дейін азайса, Антарктида спутниктік бақылаулар тарихындағы үшінші ең төменгі көрсеткішті көрсетті. Исландияда және Солтүстік Американың Тынық мұхиты жағалауында мұздықтардың жаппай жойылуы тіркелді. Бұл құбылыс жекелеген өңірлермен шектелмей, жаһандық сипат алып бара жатқанын аңғартады.

– Непал жақында Лангтанг аймағындағы Яла мұздығының жойылғанын жариялады. Венесуэла Словениядан кейін әлемде барлық мұздықтарынан толық айырылған екінші елге айналды. Мұздықтың жойылуы тек мұздың жоғалуы емес. Бұл – біздің экожүйелерімізге, экономикамызға және әлеуметтік құрылымымызға ауыр соққы, – деді ДМҰ Бас хатшысы Селесте Сауло Тәжікстандағы мұздықтарды сақтау жөніндегі халықаралық конференцияда.

Тәжікстан мұздықтарына төнген қауіп

Тәжікстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Мұздықтар мен криосфераны зерттеу орталығы бөлімінің басшысы Анвар Хомидовтың айтуынша, ел аумағының 93 пайызын таулы жыныстар алып жатыр. Оның қатарында әлемге әйгілі Памир тау жүйесі де бар.

– Тәжікстандағы мұздықтар 11 146 шаршы шақырым аумақты қамтиды, олардың жалпы көлемі 845 текше шақырымды құрайды. Батыстағы биік таулы аймақтарда мәңгі қар шекарасы 3500-3600 метр биіктікте болса, шығыс бөлігінде ол 5800 метрге дейін көтеріледі. Ал бүкіл Орталық Азиядағы ең ірі мұздық – ұзындығы 70 шақырымнан асатын Ванчях (Федченко) мұздығы, – деп түсіндірді сарапшы.

Фото: aarhus.tj

Географиялық ерекшеліктер Тәжікстанды Орталық Азияның су жүйесінде шешуші рөлге шығарып отыр. Өйткені ел аумағындағы мұздықтар аймақтың тұщы су қорының 60 пайыздан астамын қалыптастырады. Әмудария мен Сырдария сияқты ірі өзендер, сондай-ақ өзге де су артериялары негізінен осы мұздықтардың еруі мен қысқы қар қорының есебінен толығып отырады.

Алайда табиғи әлеуетке қарамастан, климаттық өзгерістер жүйеге айтарлықтай қысым түсіріп отыр. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның деректеріне сәйкес, Орталық Азияда мұздықтардың жаппай азаю қарқыны әлемдік орташа көрсеткіштен жоғары, ал өңірге жаһандық мұздық массасы жоғалуының шамамен 8,5 пайызы тиесілі. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Бұған дейін Тәжікстан президенті соңғы жарты ғасырда елдегі 14 мың мұздықтың 1,3 мыңы толық жойылғанын атап өткен болатын.

Бұл үрдістің үдеуіне тек табиғи емес, антропогендік факторлар да әсер етуде. Олардың қатарында орман алқаптарының кесілуі, ауаның ластануы, шаңды дауылдардың жиілеуі және жерді пайдалану құрылымының өзгеруі бар.

Ғылыми деректер бұл жағдайдың ұзақ мерзімді сипат алғанын көрсетеді. Соңғы жиырма жылда Тәжікстандағы орташа жылдық температура 1,0-1,3 градусқа көтерілген. Ал климаттық модельдер үдерістің жалғасатынын болжайды. XXI ғасырдың ортасына қарай температура 1,5-2,0 градусқа дейін өссе, ғасыр соңына қарай қолайсыз сценарийде 3-4 градустан асуы мүмкін.

Осы тенденциялар сақталған жағдайда мұздықтардың қысқаруы да жалғаса бермек. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай мұздықтар тағы 20 пайызға дейін азаюы ықтимал. Ал 2100 жылға қарай өңір 2020 жылғы деңгеймен салыстырғанда мұздық көлемінің 85 пайызына дейін жоғалтуы мүмкін. Бұл өз кезегінде табиғи апаттардың жиілеуіне тікелей әсер етеді.

Фото: cabar.asia

Қазірдің өзінде салдар айқын байқалуда. Тек 2020-2025 жылдар аралығында Тәжікстанда 2 мыңнан астам төтенше табиғи құбылыс тіркелсе, соңғы он жылда олардың жалпы саны 4 мыңнан асқан. Соның әсерінен экономикалық шығын көлемі 500 миллион долларға жеткен.

Жаңа мониторинг жүйесі

2018 жылы Тәжікстанда гляциологиялық зерттеулерді жүйелі түрде қайта жандандыру мақсатында ТР Ғылым академиясының Мұздықтарды зерттеу орталығы құрылды. Бұл қадам мұздықтарды тек бақылаумен шектелмей, оларды кешенді ғылыми талдауға көшіруге жол ашты. Негізгі міндеттердің қатарында қашықтан зондтау және ГАЖ технологияларын қолдана отырып мұздықтардың атлас-каталогын жасау, сондай-ақ мұздықтар мен сел үдерістерін модельдеу бар. Қазіргі таңда орталықта 50-ден астам маман жұмыс істеп, мұздықтарды бақылау, гидрометеорология, климаттың өзгеруі және су сапасы бағыттарында зертханалар қызмет атқарады.

Ғылыми базаға сүйене отырып, ел аумағында бақылау инфрақұрылымы да кеңейтілген. Елде мұздықтарды бақылайтын тағы бес станция жұмыс істейді. Олар Шығыс Памирде, Зеравшан өңірінде және Сурхоб өзені алабында орналасқан. Жыл сайынғы экспедициялар барысында қашықтан зондтау әдістері арқылы мұздықтардың массалық балансы зерттеліп, шурфтар қазу арқылы қар жиналатын аймақтар мен еру көлемі нақты тіркеледі.

Жинақталған деректер ұзақ мерзімді өзгерістердің ауқымын айқын көрсетіп отыр.

– Ең ірі Ванчях (Федченко) мұздығы 100 жыл ішінде 1 шақырымға шегінген. Мұздың жалпы аумағы 45 шаршы шақырымға азайып, көлемі 16 текше шақырымға кеміді. Соңғы жылдары оның шегіну жылдамдығы жылына 16-18 метрді құрап отыр, – деді Анвар Хомидов.

Коллаж: cabar.asia

Бұл зерттеулер тек ұлттық деңгейде шектелмей, халықаралық ғылыми ынтымақтастықпен де ұштасып отыр. Орталыққа мұздықтарды зерттеуде Швейцария, Германия, Франция, Қытай және Жапонияны қоса алғанда, 10-нан астам елдің ғалымдары қолдау көрсетеді. Өткен жылдың күзінде аяқталған ең ірі халықаралық экспедициялардың бірі Қалайи Кабуд («Көк тау») мұздығын зерттеуге арналды. Зерттеу нысаны ретінде биіктігі 5811 метрлік Кон-Чукурбаши шыңындағы мұз жамылғысы таңдалды.

Бұл таңдау да ғылыми тұрғыдан негізделген еді. Көптеген мұздықтар кері шегініп жатқанда, аталған массив ұзақ уақыт бойы керісінше өсу үрдісін көрсеткен. Құбылыс атмосфералық айналым ерекшеліктерімен және жауын-шашынның жиналуымен байланыстырылғанымен, нақты механизмі толық анықталмаған болатын. Сондықтан ғалымдар шыңға көтеріліп, ұзындығы 100 метрден асатын екі мұз өзегін алды. Бұл үлгілер Жердің соңғы 30 мың жылдық климаттық тарихын – атмосфера құрамынан бастап шаңды дауылдардың қарқындылығына дейін сақтап тұрған құнды дереккөз.

– Үлгілердің бірі Жапониядағы Хоккайдо университетінің Төмен температураларды зерттеу институтына жіберілді. Онда мамандар мұздықтың тұрақтылығын түсінуге талпынып жатыр. Зертханалық зерттеулер мұздықтардың болашағын болжауға, климат өзгерісіне бейімделу шараларын әзірлеуге және су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негіз болады. Екінші өзек халықаралық Ice Memory қорына беріліп, ұзақ мерзімді сақтау үшін Антарктидаға жіберілді. Бұл – Тәжікстанның Жер шарының «климаттық жадын» сақтауға қосқан үлесі, – деп түсіндірді Анвар Хомидов.

Мұздықтарды қалай қорғауға болады?

Мұздықтардың еру үдерісін баяулатуға бағытталған түрлі тәсілдер ғылыми қауымдастықтың назарында. Бұл бағытта физикалық, биологиялық және химиялық әдістер бір-бірін толықтыратын кешенді шешім ретінде қарастырылады.

Физикалық тәсілдердің бірі ретінде мұздықтар маңында жасанды көлдер құру ұсынылады.

– Мұздықтар босатқан аумақтарда шағын көл жасауға болады. Онда жиналған су қыста қатып, көктемде тиісінше 15-30 күн кеш ериді, бұл реттелетін су ағынын қамтамасыз етеді. Жаз мезгілінде көлдерден буланған ылғал қосымша су көзіне айналып, мұздықтарды қоректендіруге ықпал етеді. Ал биік таулы аймақтардағы орман алқаптары температураның көтерілуін тежеп, шаңды дауылдардың әсерін азайтады, – деп атап өтті сарапшы.

Осы тәжірибелермен қатар халықаралық деңгейдегі үлгілер де зерттеліп жатыр. Бұл тұрғыда Швейцария тәжірибесі ерекше назар аудартады. Елде шағын мұздықтар арнайы жабын материалдарымен қапталып, күн радиациясының әсері барынша азайтылады.

Сонымен бірге Тәжікстанда да жаңа технологиялық тәсілдер қарастырылуда. Гляциологтар мұздық бетінде қорғаныш қабат қалыптастыру үшін химиялық аэрозольдерді қолдану мүмкіндігі зерттеліп жатыр.

Климаттық дипломатия

Жаһандық климат өзгерістері жағдайында мұздықтарды сақтау мәселесі халықаралық күн тәртібіндегі ең өзекті бағыттың біріне айналып отыр. Проблеманың ауқымы кеңейген сайын, оны жеке мемлекет деңгейінде емес, өңірлік және жаһандық деңгейде үйлестіру қажеттігі айқындала түсті. Соның нәтижесінде Орталық Азия елдерінің дипломатиялық ынтымақтастығы да жаңа деңгейге көтеріліп, бірлескен бастамалар күшейе бастады.

Осы үрдістің жалғасы ретінде БҰҰ Бас Ассамблеясы 2025 жылды Мұздықтарды сақтаудың халықаралық жылы деп жариялап, 2025-2034 жылдарға арналған «Криосфера ғылымдарын қолдауға бағытталған іс-қимыл онжылдығын» бастады. Бастама мұздықтарды қорғауды тек ғылыми мәселе емес, жаһандық саясаттың ажырамас бөлігі ретінде бекітті. Сонымен қатар мамыр айында БҰҰ-ның 2028 жылғы Су конференциясына дайындық аясында жоғары деңгейдегі халықаралық жиын өткізу жоспарланып отыр.

Фото: cabar.asia

Аймақтық деңгейде де нақты қадамдар жасалуда. Сәуір айында Қазақстанда өткен алғашқы Өңірлік экологиялық саммитке (RES) Орталық Азия, Еуроодақ, ШЫҰ және Таяу Шығыс елдерінен 1500-ден астам өкіл жиналды. Бұл алаң өңірлік экологиялық күн тәртібін үйлестірудің маңызды тетігіне айналды. Осы қатарда Қырғызстан 2027 жылы өтетін таулы аймақтардың тұрақты дамуына арналған «Бішкек 25» саммитіне шақыру жасаса, Өзбекстан су үнемдеу жөніндегі Дүниежүзілік форумға дайындықты бастап, су технологияларын енгізу бойынша «жол картасын» әзірлеуде.

Осылайша, аталған бастамалар климат өзгерісінің Орталық Азияның тұрақты дамуына тікелей ықпал етіп отырғанын көрсетеді. Өңірде су ресурстарының едәуір бөлігі Тәжікстан мұздықтарына тәуелді болғандықтан, олардың жедел еруі, температураның көтерілуі және табиғи апаттардың жиілеуі айқын қауіп ретінде қалыптасып отыр.

Мұндай жағдайда негізгі басымдық ғылыми зерттеулерді күшейту, тұрақты мониторинг жүргізу және өңірлік ынтымақтастықты тереңдету болып саналады. Алайда қазіргі сын-қатерлердің қарқыны бұл шаралардың жеткіліксіз болуы мүмкін екенін де көрсетеді. Сондықтан мұздықтарды сақтау мәселесі Орталық Азияның ұзақ мерзімді экологиялық әрі стратегиялық қауіпсіздігінің шешуші факторы ретінде күн тәртібінде қала бермек.