Тбилисиде Грузия тарихындағы ең үлкен спорт нысаны салынады

Фото: georgiatoday.ge

АСТАНА. KAZINFORM - Ең үлкен спорт нысаны - ұлттық стадионға 70 мың адам сияды және ол Тбилиси әуежайының маңына салынады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Georgia Today-ге сілтеме жасап.

Грузия үкіметі құны 876 млн лари ($325 млн) болатын жаңа стадион құрылысына халықаралық тендер жариялады. Жоба бойынша 70 мың көрерменді сыйдыра алатын арена Кахетин шоссесінің бойында, Тбилиси әуежайына жақын жерде салынады.

Жаңа стадион әуежайдың ұшу-қону жолағынан 1500 метр аумақта 270 615 шаршы метр жерге салынады.

Нысанның әуежайға жақын орналасуы авиациялық қауіпсіздік мәселесіне жіті көңіл бөлуге назар аудартады. Сондай-ақ жарық, пиротехникалық эффект, дрондарды қолдану сияқты ұшақтар үшін қауіп төндіруі мүмкін тәуекелдерді қосымша зерттеу жүргізу жоспарланып отыр.

Жоба - көлемі бойынша да ұлттық инфрақұрылымның маңызы бойынша да ел тарихындағы ең ірі нысан болады. Стадион Грузиядағы 55 мың адамға есептелген ең үлкен стадионды қоса алғанда, барлық нысандардан әлдеқайда ауқымды болады.

Жаңа нысанды 2029-2030 жылдары пайдалануға беру жоспарланып отыр. Құрылысқа жарияланған тендер жеңімазы анықталып, келісімшарт жасалған соң 51 ай беріледі деп жоспарланып отыр.

Жобаны жүзеге асыру барысында жаңа жұмыс орындары құрылып, жақын жердегі көлік инфрақұрылымы жаңарып, Тбилисидің Оңтүстік Кавказда спорттық оқиғаларың орталығы ретінде танылуына ықпал етеді.

Осыған дейін Грузияның терең сулы теңіз порты – Анаклия құрылысы белгіленген кесте бойынша жалғасып жатқаны туралы жаздық.