Техникалық және кәсіби білім беру жөніндегі комитет болғаны жөн

АНА. 18 ақпан. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясын әзірлеуді ұсынды. Бұл - қоғамымыздағы толғақты мәселенің бірі екені даусыз.

Осы орайда ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Жексенбай Дүйсебаев осы өзекті мәселеге қатысты ұсыныстарымен бөлісті.

- Елбасы биылғы Жолдауында бізге мамандар керектігін, әсіресе, ауылдық жерлерде өзін-өзі жұмыспен қамтып жатқан адамдарды қазіргі сұранысқа ие мамандықтарға даярлау қажет екенін нақты айтты. Жаңа мамандық алғандардың сол жерде еңбек етуі немесе индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында ашылып жатқан өндіріс орындарына пайдаланылуы тиіс екені туралы пікір білдірді. Адамдардың мамандығын өзгертіп, жұмысқа тұруы үшін кәсіптік білім беруге мемлекеттен қаржы бөлінеді. Елбасы көтерген мәселе үлкен бастаманың басы деп білемін. Қоғамдағы дені сау, он екі мүшесі бүтін әр адам еңбек етіп, табыс табуы қажет.

Мәселен, өңірлерге шығып, аудан мен ауылдарды аралағанда, кейбір кәсіптік-техникалық лицейлер қазіргі ғарыштық жылдамдықпен даму үстіндегі заман талабына сәйкес мамандықтарды дайындауға бейім болмай жатады. Әйтеуір бұрынғы белгіленген таптауырын оқыту жүйесімен келе жатыр. Қазір елімізде 322 кәсіптік лицей бар. Тұрғын үй құрылысын салуға қатысты, шаруа қожалықтарына керекті мамандықтар, аспазшылар және басқа осындай жалпылама салалар бойынша тәлім беруде. Менің ойымша, ондай мамандықтарды мемлекет қаражатына оқытудың заманы өтті. Жекеменшік кәсіпорынның қайсысына керек болса, олар өздері ақы төлеп, дайындап алады.

Ал мемлекет ақшасына тек қана керекті, маңызды мамандарды тәрбиелеп шығаруымыз қажет. Олар кімдер десек, бізге компьютерлендірілген жаңа техникалардың тілін білетін, дәнекерлеумен, энергетика, электр жүйесімен айналысатын мамандық иелері керек. Қазір ауыл шаруашылығын алатын болсақ, қаншама шетелдік жаңа техника келіп жатыр?! Бүгінде оқып жатқандар оларды меңгере алмайды. Сондықтан кәсіптік-техникалық оқу орындарына түбегейлі өзгеріс енгізу қажет. Бірқатар министрліктер мен ведомстволар өздерінің керекті мамандықтары бойынша тапсырыс жасауы керек. Бұл тек Білім және ғылым министрліне қатысты емес. Барлық министрліктер осы бағытқа көңіл бөлуі міндетті.

Мысалы, автокөлік пен темір жолдарды салуға және жөндеуге Көлік және коммуникация министрлігі, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі өндіріс орындарына қажетті мамандарды даярлауға атсалысуы тиіс. Байланыс және ақпарат министрлігі байланыс, ақпараттық технологиялар саласы бойынша мамандардың білім алуына ынталы болуы керек. Осындай келелі мәселелерді реттеп отыратын бір комитет керек деп ойлаймын. Ол Техникалық және кәсіби білім беру жөніндегі комитет болғаны жөн. Біріншіден, ол құрылым Үкіметтен бастап өңірлерге дейінгі мәселелермен айналысып отыруы ләзім, - дейді депутат.

- Ол қай министрліктің жанында болғаны дұрыс?

- Бұл мәселені Үкімет шешуі тиіс. Біз үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаны ойдағыдай жүзеге асырамыз десек, бұл бәрібір түбінде керек құрылым екені анық. Екіншіден, осы комитеттің материалдық базасын қалыптастырып беруіміз қажет.

Кәсіптік-техникалық лицейлердің басым бөлігінің материалдық техникалық базасы қазіргі заманға сай емес. Жаңа техниканың түрі оқу орнында болуы тиіс, оны оқытушылар дәріс алушыларға көрсетуі керек. Бүгінде Американың «Джон-Дир», Германияның «Класс» секілді комбайндары бар. Трактор, машиналар да жаңа үлгіде. Жаңа техникаға бейімдеу арқылы мамандарды өндіріске шығаруымыз қажет. Немесе өндіріс орындарында тәжірибеден өтуіне мүмкіндік жасалуы тиіс. Бұл бағыттың бірнеше әдістері бар.

Күні кеше ғана Ақмола облысына іссапармен барған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Аршалы ауданындағы «Ижевск» өндірістік кооперативінің мамандармен кездескенде, қазір өндіріс орындарының өздері мұнайшыларды қалай даярлап жатқанын айтып өтті. Мұнай өндірумен айналысатын кәсіпорындар өндірістің маңайында оқу-тәжірибеден өту бөлімін ашқан, сонда даярлап, білімін жетілдірген мамандарға жұмыс істеткізіп жатыр. Сол сияқты бұрындары болған оқу комбинаттарын ашуға болады. Кәсіптік-техникалық лицейлерді соған бейімдеу керек. Ал соның бәрін үйлестіріп отыратын, келешекке болжам жасау арқылы жұмыс жүргізетін басқарушы бір орган керек-ақ. Мен сондай бір комитеттің құрылуы - уақыт талабы екенін айтып, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мырзаның атына депутаттық сауал жолдадым.

- Жексенбай Қартабайұлы, мемлекетіміз қаражатты үнемдеуге баса көңіл бөліп келеді. Яғни, бюджеттің әр теңгесі де, тиыны да есептеулі. Жаңа комитетті ашу үшін қосымша қаржы шығыстары қарастырылады емес пе? Жаңа штаттар ашу керек пе?

- Комитет ашу үшін қаражат бар. Мысалы, көптеген министрліктерде тап осы мәселелермен айналысатын, жалақы алып отырған қызметкерлер бар. Кейбір министрлікте департамент болса, енді бірінде басқарма түрінде қалған. Олар кішігірім құрылымдар, ауқымды мәселелермен айналысуға құзыреті жоқ. Артық штаттарды көбейтпей-ақ, өз ішінен ашып, бұл мәселені шешуге болады. Біз де штаттарды ұлғайтуды ұсынып отырған жоқпыз.

Комитет құрылса, барлық мәселе мемлекет деңгейінде қаралады. Және де кейін елге тиетін пайдасы өте зор болады. Елбасы жүктеген 2020 жылға дейінгі Стратегиялық бағдарламаларды орындау үшін осындай құрылым керек. Жолдауда көрсетілген мақсаттарға жетуде де аталған комитеттің ықпалы анағұрлым болмақ.

- Рақмет әңгімеңізге.