Телемедицина: кімдер жиі жүгінеді және қандай аурулар бойынша кеңес алады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда телемедицина қызметін ең көп 60 жастан асқан азаматтар пайдаланады. Сонымен қатар қашықтан көрсетілетін медициналық көмектің басым бөлігі скринингтік тексерулерге, жүрек-қантамыр ауруларын бақылауға, жүктілікті жүргізуге және қант диабеті бойынша консультацияларға тиесілі. Бұл туралы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы басқарма төрағасының орынбасары Әділет Табаров айтты.

Коллаж: Kazinform/ сурет жасанды интеллект арқылы жасалған

Оның айтуынша, қашықтан көрсетілетін медициналық көмек (ҚКМҚ) көбіне тұрақты бақылауды қажет ететін пациенттерге көрсетіледі.

– Қашықтан көрсетілетін медициналық көмектің басым бөлігі скринингтік зерттеп-қараулар шеңберінде көрсетіледі. Сонымен қатар телемедицина жүрек-қантамыр аурулары, жүктілікті бақылау, қант диабеті, туберкулез, гипертониялық ауру және қатерлі ісікке шалдыққан пациенттерді бақылау мен консультация беру кезінде кеңінен қолданылады. Бұл қашықтан медициналық қызмет көрсетудің түрлі бағыттарда тиімді пайдаланылып отырғанын көрсетіп отыр, - деді спикер.

Орталықтың мәліметінше, телемедицина арқылы көрсетілген қызметтердің ең үлкен үлесі – скринингтік бағдарламаларға тиесілі. Олар барлық қашықтан көрсетілген медициналық көмектің 26%-ы.

– Сонымен қатар жүктілікті бақылау бойынша көрсетілген қызметтердің үлесі – 6,5%, қант диабеті бойынша – 6,2%, гипертониялық ауру бойынша – 5%, туберкулез бойынша – 3,6%, ал қатерлі ісіктер бойынша 2,6%, - деді басқарма төрағасының орынбасары.

Жас ерекшелігіне келсек, орталық мәліметінше, телемедицина қызметіне ең көп жүгінгендер – 60 жастан асқан азаматтар. Олар барлық пайдаланушылардың 32,4%-ын құраған.

– 45–59 жас аралығындағы азаматтардың үлесі – 25,5%, ал 30–44 жас санатындағылар – 18,5%. Ал ең төмен көрсеткіш 0–17 жас аралығындағы балалар арасында тіркелген. Бұл жас тобының үлесі 14,7%, - деді Әділет Табаров.

Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі телемедициналық қызметтерді дамытуға жаңа стандарттар енгізген еді.