Отырысқа көлік прокуратурасының өкілдері, өңірлердегі бас мемлекеттік көлік инспекторлары, сондай-ақ, «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ, «Қамқор - Менеджмент» ЖШС, «Қазтеміртранс» АҚ өкілдері мен жөндеу мекемелерінің басшылары қатысты.
Отырыс барысында Ә. Барменқұлов темір жол көлігіндегі қауіпсіздік нормаларының бұзылуы 13 пайызға артқанын (631-ден 713 дейін), сондай-ақ, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әсер ететін бірқатар проблемаларды ерекше атап өтті. Сонымен қатар, ол темір жол жылжымалы құрамын жөндеу және оның сапасын жақсартуда жаңа технологияларды қолдану қажеттігіне баса назар аударды.
Бүгінде темір жол көлігінде жылжымалы құрамды жөндеумен 66 кәсіпорын айналысады, оның ішінде 24-і жекеменшік болып табылады.
Жөндеу кәсіпорындарын тексерудің 2010 жылғы қорытындысы туралы Көліктік бақылау комитетінің темір жол көлігіндегі бақылау басқармасының бастығы Берік Ізтілеуов баяндады. Оның айтуынша, жөндеу кәсіпорындары, әсіресе, жекеменшік компаниялар қазіргі таңда диагностикалық құралдармен тиісті деңгейде жабдықталмаған, жөндеудің технологиялық процесі бұзылуда. Оның үстіне қосалқы бөлшектердің жетіспеушілігі бар. Осы қосалқы бөлшектердің тапшылығы және жөндеуді күту мерзімінің тым ұзақтығы салдарынан жылжымалы құрамның тұрып қалуы белгіленген нормадан асып түседі (30 тәулікке дейін).
Пойыздарға қатысты және маневрлік жұмыстарда жіберілген ақаулықтардың басты себебі - жекеменшік жөндеу кәсіпорындарының кесірінен жылжымалы құрамды жөндеу технологиясының бұзылуы.
Әрбір жөндеу мекемесінде 2010 жылы бақылау мен диагностиканың жаңа әдістерін енгізуді есепке ала отырып, жөндеудің сапасын арттыру бойынша жоспар әзірленді. Жекеменшік жөндеу мекемелеріне де осындай жоспарды әзірлеу, сондай-ақ, қосалқы бөлшектер мен көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау жүйесін енгізу тапсырылды.
2010 жылы Комитет жүргізген тексерулердің қорытындысы бойынша көлік қозғалысында 31 мыңнан аса қауіпсіздік нормаларының бұзылғаны анықталды. Соған сәйкес, 1806 акт жасалып, 1371 бұзушылықты жою жөнінде нұсқаулар берілді. Қозғалыс қауіпсіздігін бұзғаны үшін 13 миллион 585 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Қорыта келе, мәжіліске қатысушылар темір жол жылжымалы құрамын жөндеудің сапасын жақсарту бойынша жан-жақты жоспар дайындау туралы шешім қабылдады. Жөндеу кәсіпорындарының және «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ-ның басшыларына темір жол жылжымалы құрамының сапасын жақсарту бойынша түбегейлі шараларды жүзеге асыру тапсырылды.