Теміржол өткелінен өту тәртібін бұзушы жүргізушілер азаймай отыр ? Маңғыстау облысы

АҚТАУ. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Жыл басынан бері №13 Маңғыстау жол аралығының күзетілетін екі өткелінің кезекшілері пойыз таяп қалған кезде теміржолды кесіп өткен 18 автокөлікті тіркеген.

Нөмірлері мен маркалары жазып алынған бұл автокөліктердің тізімін жол аралығының басшылығы шара қолдану үшін Жол полициясы басқармасына жолдаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Орташа жылдамдықпен келе жатқан тепловозды тоқтату үшін кем дегенде 400 метр қашықтық керек. Ал кейбір автокөліктер пойыз өткелге 40-50 метр қалғанда жабық тұрған шлагбаумға қарамай өтіп кетеді. Сондықтан да теміржол бөлімшесінің басшылығы 1 ақпан мен 30 наурыз аралығында «Тепловозды оқыс тоқтатпайық!» атты екі айлық жариялап, оның аясында жол полициясымен бірігіп жүргізушілер арасында, сондай-ақ жеке меншік мал иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Өйткені, жол бойында жайылып рельске шығып кететін мал да аз емес», дейді №13 Маңғыстау жол аралығының инженер-технологы Қалия Құрбанова.Айлық қорытындысында жол аралығы қызметкерлері екі айда 2400 жүргізушіге және 325 мал иесіне түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Теміржол бойындағы елді мекендердегі мектептерде оқушылармен кездесулер өткізген. Қалалар мен аудандардың әкімдіктеріне жол бойында мал жайылмауын қадағалайтын бақташы адамдар ұстауға өтініш білдіріп хаттар жолдаған. Теміржол жиегіндегі мал өтпесін деп тұрғызылған шарбақтардың жел құлатып, су шайып кеткен тұстарын қалпына келтіруде.Жалпы Маңғыстау жол аралығының қарауында желі бойынша 24 өткел болса, соның тек екеуі ғана күзетіледі екен. Көлік қатынасы артқандықтан, тағы да бірқатар өткелдерді күзетпелі ету үшін «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясына өтініш жолдап отыр.