Министрлер кабинетінің жұмыс жоспары бойынша алдымен Премьер-Министр Серік Ахметов сөз алды. Ұлттық валюта бағамының өзгеруі жағдайында Үкімет облыс әкімдерімен бірлесе халықтың әлеуметтік ахуалына теңге бағамын өзгеруінің ықпалын төмендету мен отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша шараларды қабылдап жатқандығына тоқталған С. Ахметов: «Азық-түлік тауарларына бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында Үкімет тарапынан 2014 жылға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек бағаның шекті мәні бекітіледі», - деді. Осы орайда Премьер-Министр әкімдерге өңірлік тұрақтандыру қорларының мүмкіндігін барынша пайдалану тапсырылғанын атап өтті. Сонымен қатар Жанар-жағармай материалдарына қатаң мониторинг пен бағаны реттеу бекітіледі екен.
Министрлер кабинетінің мүшелері ағымдағы аптада Ұлттық валюта бағамын түзету шаралары отандық тауарлар мен оларды өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға оң ықпал етеді деп пайымдайды. Сонымен қатар олар кейбір отандық тауар өндірушілерде қиындықтар туындауы мүмкін екенін де түсінуде. Негізінен олар жаңа өндірістерді құру немесе қолданыстағы өндірістерді жаңғырту үшін валюталық несиелер есебінен құралдар мен материалдарды импорттайтындарға қатысты болып отыр. Осы орайда қалыптасқан ахуалға талдау жасалып, қажетті шаралар қабылданып жатқан көрінеді.
Мұнымен қоса, Үкімет таяуда макроэкономикалық параметрлер мен бюджетті нақтылау бойынша ұсыныс енгізеді. «Барынша қысқа мерзімде Үкімет ҚР Ұлттық банкімен бірлесе Сіздің қарауыңызға макроэкономикалық параметрлерге түзетулер бойынша ұсыныстарды, әлеуметтік-экономикалық дамудың болжамдарын, сонымен қатар республикалық бюджет параметрлерін нақтылау мүмкіндіктерін енгізеді», - деді Премьер-Министр.
Мемлекет басшысы Үкімет мүшелеріне қаратып айтқан сөзінде бүгінгі заманда бос жүретін адам болмауы керек екенін атап өтті. «Біздің мемлекетіміздің кедейшілікке қарсы жасайтын шарасы мен қамқорлығы - азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету. Халық мемлекет ұсынатын жұмыспен барынша қамтылуы шарт, жұмыс істегісі келетіндер шет қалмайды. Бұл бағыт жалғаса түседі. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар әлі де баршылық. Сондықтан да, жұмыссыздарды оқыту, оларды қолдау, шағын несиемен қамтамасыз ету басты назарда болады», - деді Елбасы. Мемлекет басшысы бұл жұмысты тоқтатпау керектігін, орталық органдардан бастап барлық әкімдер бұған жауапты болатынын қадап айтты.
Жалпы алғанда Үкімет алдында халық табысын қолдау мәселесі бойынша азық-түліктің негізгі түрлері мен әлеуметтік маңызы бар тауарларға, жағармайға және дәрілік заттарға бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету, тауарлардың тапшылығы мен монополистердің қызметіне тарифтердің негізсіз өсуіне жол берілмеу секілді маңызды міндеттер тұр. Енді бұл тұрғыда Министрлер кабинеті қауқарлылық танытуы тиіс.
Президент бірқатар мақсат-міндеттерді айқындай келе, сәуірден бастап жалақы, жәрдемақы, шәкіртақысы және зейнетақы көлемін арттыруды жүктеді. Атап айтқанда, Н. Назарбаев Үкіметке биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап мемлекеттік мекемелерде, мемлекеттік қазыналық кәсіпорындарда жұмыс істейтін азаматтық қызметшілердің лауазымдық жалақысына 10 пайыз көлемінде ай сайынғы қосымша төлемді қарастыруды тапсырды. Бұған қоса, жыл басынан бері ұлғайғанын ескеріп, биылғы 1 сәуірден бастап, зейнетақы төлемдерінің өсім көлемін 14 пайызға дейін жеткізу, ал мемлекеттік жәрдемақы төлемдері 12 пайызға жеткізу жүктелді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы атаулы әлеуметтік көмек көлемін 12 пайызға және студенттердің стипендиясын 10 пайызға көтеру керек екенін атап өтті.
«Cамұрық-Қазына» қорына, оның құрамына кіретін компанияларға 2014 жылдың 1 сәуірінен бастап тікелей өндірісте жұмыспен қамтылған жұмысшылардың жалақысын 10 пайызға арттыруды қамтамасыз етуді тапсырамын. Тек қана өндірістегілердің айлығы артатын болсын», - деді Елбасы қор басшысы Ө. Шөкеевке қаратып айтқан сөзінде. Осы орайда Мемлекет басшысы кеңселік қызметкерлердің жалақысын арттыру керек емес екенін қадап айтты. Тау-кен және металлургиялық, мұнай-газ саласындағы ірі компаниялар, ұлттық компаниялар өндірісте қамтылған жұмысшылардың айлығын аталған деңгейде көтеру керек екені атап өтілді.
Отырыс барысында Президент теңге бағамының өзгеруі мәселесіне бөлек тоқталды. «Үш күн бүрын елімізде теңгенің долларға қатысты бағамына түзету енгізілді. Бұл бәрімізге белгілі, баяндалып та жатыр. Теңгеге қатысты жауапкершілік Үкімет пен Ұлттық банктің мойнында. Банк басқармасы осындай шешім қабылдап отыр, ойластырылған әрі негізделген шешім деп сенім білдіреміз», - деді Н. Назарбаев. Дәл осындай шара ғана ел экономикасының алты пайыздан кем болмайтын дамуын қамтамасыз ететін көрінеді.
«Қарапайым халыққа түсінікті болуы үшін айтайық, экономика өсімі дегеніміз бюджетке қаражат түсімінің өсімін білдіреді. Ал бұл қаражат халыққа тиесілі, ол - зейнетақы, табыс пен жалақы. Сондықтан да, біз жыл сайын қандай шара қабылдамасақ та экономиканың өсімін қамтамасыз етуге тиіспіз. Бұл біздің жетістікке жетудегі басты міндетіміз. Ал теңгеге қатысты түзету осы мақсатта жасалды», - деді Н. Назарбаев. Президент теңгеге қатысты қобалжу болмауы керек екенін, теңге бағамы төмендеуінің екінші толқыны болмайтынын алға тартты. Осы ретте халықтың арқасында ақша тапқысы келетіндерді қатаң қадағалап, қатаң жауапқа тарту тапсырылды.
Бұдан кейінгі тапсырмалар ел экономикасына шұғыл қолдау көрсету мәселесі төңірегінде болды. Ұлттық қордан шағын және орта бизнес субъектілерін ұзақмерзімге несиелендіру үшін 1 триллион теңге бөлінетін болды. «Экономиканы ұзақ ресурстармен қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан 2014 және 2015 жылдарға 1 трлн. теңге көлемінде несие бөлуді тапсырамын. Бөлінген қаржыны тиімді пайдаланудағы жеке жауапкершілікті Премьер-Министр мен Ұлттық банк төрағасына жүктеймін», - деді Елбасы. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы ел экономикасына шұғыл қолдау көрсету әрі оның өсімін 6-7 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету үшін мемлекет қорын пайдалануға тура келіп отырғандығын баса айтты. Сондай-ақ Ұлттық қор есебінен бөлінетін аталған несиелер бизнеске, бірінші кезекте өңдеу өнеркәсібін құру бойынша жобаларды қаржыландыруға бөлінбек.
Айтпақшы, Н. Назарбаев ел Үкіметі енді «казармалық режиммен» тәулігіне 24 сағат жұмыс істейтінін қадап айтты. «Бүгінгі отырыста мен Үкіметке барынша салмақты тапсырмаларды атап өттім. Олар бойынша, құжаттар, бағдарламалар, заң жобалары әзірленетін болады, күнделікті атқарылатын жұмыстар да жеткілікті. Сондықтан да, Үкімет образды түрде айтқанда «казармалық режим» жұмысына өтуі керек. Тәулігіне 24 сағат жұмыс істейтін болады», - деп атап өтті Елбасы.
Өңірлердегі өнер ұжымдарының мәселесіне назар аудару қажеттілік етеді
Қазақстан Үкіметі осы аптаның сейсенбісінде барлық облыс әкімдерінің қатысуымен тұңғыш рет отандық театрларымыздың көкейкесті проблемаларына арналған арнайы жиынын өткізді. Отырыс барысында негізгі баяндама жасаған ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің атап өтуінше, алдағы уақытта рет-ретімен ұлттық мәдениетіміздің басты салалары театр, кино, кітапхана және мұражай істеріне арналған Үкімет отырыстары өткізіліп, саладағы қордаланған мәселелер талқыланады. Сонымен қатар оларды шешудің жолдары қарастырылатын болды.
Министр өз сөзінде өңірлердегі театр әртістерінің жалақысын көтеру керектігін және бұл бағыттағы жұмыстарды кезек күттірмей шешу қажет екенін атап өтті. Себебі, жалақы мәселесі отандық театрлардағы күрделі проблемалардың бірі. Дегенмен де проблема республикалық деңгейде біртіндеп шешіліп келе жатқанымен, облыстық театрдың әртістері негізінен 30-40 мың теңге ғана жалақы алады. Ал кейбір театрлардағы слесарь, сантехник, электрик сияқты жұмысшылар әртістерден әлдеқайда көп жалақы алып отыр. Сондықтан министр өңір әкімдерінен облыстық театр әртістерінің, театр ғана емес, жалпы мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысын мұқият қарап шығып, оларды 1,7 немесе 2 көтерме коэффициенттерін пайдалану арқылы жалақыны жергілікті бюджет есебінен өсіруді сұрайтындығын баса айтты. «Үлкенді-кішілі мерекелерде, саяси шараларда ел алдына шығып сөйлейтін осы зиялы қауым өкілдері емес пе? Ендеше, мәдениет майталмандарының жалақысы олардың халық алдындағы беделіне сай болғаны жөн деп білемін», - деді М.Құл-Мұхаммед.
Атап өтерлігі, Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы, Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов Мәдениет саласының оқу орындарын Мәдениет және ақпарат министрлігінің қарамағына беру керек деген ұсыныс жасады. Ол әлемдік бәсекеге қабілетті мәдени ділді қалыптастыру үшін ең бірінші кадр мәселесі алғышарт болуы керек екенін айта келе, «Елімізде өнер саласындағы оқу орындары студенттерді оқытуда қатардан қалып жүрмегенімен, білім ошағын бітірген жастардың, мамандардың жұмысқа орналасу, сол өңірлерде тұрақтап қалуы сынды мәселелерімен бетпе-бет келгенде қауқарлық таныта алмайды. Мұны білетін жастар Астана мен Алматыны айналсоқтап, олар той-томалақ, теледидар, киноны жағалап, бос жүреді. Ал есесіне жергілікті театрлар маман тапшылығын тартып, шығармашылық өнер мен кәсіби қойылымдар жасауда әлсіздікке бой алдырады», - деді. Т. Жаманқұловтың сөзіне қарағанда, осы орайда мәдениет саласына маман даярлайтын жоғары оқу орындарын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қарамағына өткізу керек. Мұндай тәжірибе біздің еліміздің басқа салаларында бар.