Теңіз кен орнында ашық аспан астында жиналған күкірт көлемі жыл сайын көбейіп барады

АСТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Ұзаққали Елеубаев Атырау өңіріндегі Теңіз кен орынында жинақталып қалған күкірт шикізаты мәселесін көтерді.

Депутат бұл ретте жағдайды тиімді шешу үшін Экологиялық кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігін алға тартады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Атырау өңірінің экологиясы бүгінгі күні күрделі мәселелердің біріне айналып отыр. Осы өңірдегі күкірттің ашық әдіспен сақталуы жергілікті тұрғындардың денсаулығына орасан зор зиян тигізіп отырғанын медицина және экология мамандары дәлелдеп, бұқаралық ақпарат құралдарында талай мәселе көтерді. Бірақ, «Теңізшевройл» ЖШС-не қарасты Теңіз кен орнында ашық аспан астында жатқан күкірт азаюдың орнына жылдан-жылға көбеюде. Сол себептен, Атырау облысының мәслихат депутаттары мен үкіметтік емес ұйымдарының алаңдаушылық білдіріп жазған хаты орынды деп білеміз. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі ҚР Экологиялық кодексіне арнайы өзгерістер енгізсе, күкірт шикізаты мәселесін заң жүзінде реттейтін ұсыныстар норма болып қамтылса игі», деді депутат.