НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 26-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының төртінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Е.Рыбакина үшінші айналымда әлемнің 1-ракеткасы, аустралиялық Эшли Бартимен шеберлік байқасты.
Аустралиялық спортшы 20 жастағы қазақстандық теннисшіні 6:3, 6:2 есебімен ұтты.
Бәсеке 1 сағат 19 минутқа созылды.
Э.Барти ширек финалға шығу үшін америкалық Элисон Риске немесе германиялық Юлия Гергестің біреуімен таласады.
Осылайша Аустралия біріншілігіне алғаш қатысып отырғанына қарамастан, үшінші айналымға дейін жеткен Е.Рыбакина жекелей сында жарыс жолынан шығып қалды. Дегенмен ол жұптық сында тағы бір қазақстандық Зарина Дияспен бірге өз бағын сынайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Аустралия чемпионатының үшінші айналымына шыққанын, Юлия Путинцеваның әлемнің 25-ракеткасын жеңгенін, Қазақстан тарихында тұңғыш рет үш бірдей теннисшінің «Үлкен дулыға» турнирінің үшінші айналымына өткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).