АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Юлия Путинцева Истбурнның (Ұлыбритания) негізгі турниріне жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазіргі кезде әлемдік рейтингте 57-інші орында тұрған Ю.Путинцева іріктеу сайыстарының финалында америкалық, әлемнің 89-ыншы ракеткасы Кристина Макхейлді ұтты.
Бар-жоғы 1 сағат 32 минутқа созылған матчта Юлия қарсыласын 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктірді.
Путинцева Истбурнның негізгі турниріндегі бірінші кездесуін хорватиялық, әлемнің 55-інші ракеткасы Донна Векичпен өткізеді.
Истбурн турнирі 1 шілде күні мәреге жетеді.
Айта кетейік, «Ролан Гаррос» турнирін табысты өткізгеннен кейін Путинцева рейтингте 98-інші сатыдан бірден 56-ыншы орынға көтерілген болатын. Дегенмен бір аптадан кейін Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Дияс 45-інші сатыдан 51-ге, Юлия бір орынға кейінге сырғыған еді. Бұл кезеңде З.Дияс Ноттингем турнирінің Саманта Стосурмен өткен алғашқы матчында, өкінішке қарай, жарақат алып қалса, Путинцева ешқандай жарысқа қатысқан жоқ. Енді ол Истбурнда сәтті өнер көрсетсе, рейтингісін жоғарылата алады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).