АСТАНА. ҚазАқпарат - Париж қаласында теннистен өтіп жатқан «Ролан Гаррос» турнирінің екінші айналымында Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Дияс бельгиялық Алисон ван Уйтванкпен күш сынасты.
Қазспорт телеарнасынан тікелей эфирден көрсеткен матчты қазақстандық теннисші өте қарқынды бастап, бірінші партияны 6:0 есебімен бет қаратпай ұтты. Алайда екінші партияда бельгиялық спортшы 6:1 есебімен есе қайырды.
Үшінші, шешуші партия аса тартысты өтті. Біразға дейін есеп тең болып келе жатқанымен, алдымен Алисон ван Уйтванк брейк жасап, есепті 5:3-ке жеткізді. Зарина қайтадан брейк жасағанымен, өзі доп берген сәтте басымдылықты ұстап тұра алмады. Сөйтіп мұнда 6:4 есебімен бельгиялық теннисші жеңіске жетті.
Айта кетейік, Зарина әлемнің 32-інші ракеткасы болса, Алисон ван Уйтванк 93-інші орында тұрған еді.
Элисон ван Уйтванк үшінші айналымда франциялық Кристина Младеновичпен кортқа шығады. К.Младенович бірінші кездесуінде әлемнің алтыншы ракеткасы, канадалық Эжени Бушарды жеңген болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).