ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қытайдың Ухань қаласында теннистен басталған ірі халықаралық турнирде Қазақстанның бірінші, әлемнің 43-інші ракеткасы Зарина Дияс алғашқы айналымда румыниялық Ирина-Камелия Бегумен шеберлік байқасады.
Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, И.Бегу осы жексенбіде Сеулде аяқталған жарыстың жеңімпазы атанды. Ол финалда белорус қызы Александра Сасновичті 6:3, 6:1 есебімен оңай жеңді. Сөйтіп 25 жасар теннисші өзінің спорттық ғұмырында екінші рет ірі жеңісіне қол жеткізді. Бұдан бұрын ол 2012 жылы Ташкент турнирінде озық шыққан еді. Осыған дейін әлемдік рейтингте 29-орында келе жатқан И.Бегу Сеулдегі табысынан кейін енді үш сатыға жоғарылайды.
Жүлде қоры 2,2 млн. АҚШ долларынан асатын Ухань жарысына әлемнің бірінші ракеткасы, америкалық Серена Уильямстен басқа мықтылардың бәрі қатысуда.
Еске сала кетейік, бұған дейін И.Бегу мен З.Дияс үш мәрте кездесіп, оның екеуінде румыниялық теннисші жеңіске жеткен. Биыл Нью-Хэйвен турнирінде И.Бегу қазақ қызын 7:5, 5:7, 6:2 есебімен тізе бүктірген болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).