НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Португалияның Майа қаласында Tennis Europe сериясы бойынша жасөспірімдер арасында дәстүрлі халықаралық супер турнир мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, еліміздің жасөспірімдер арасындағы бірінші ракеткасы, Еуропа рейтингісінің чемпиондық кестесінде көш бастап келе жатқан Заңғар Нұрланұлы словениялық Зиго Шешкомен бірге жұптық сында финалда германиялықтар Диего Паломеро – Нильс Макдонольдпен бас жүлдені сарапқа салды.
Үш сағатқа созылған тартысты мачта қазақстандық-словениялық жұп қарсыластарына жол берді – 6:1, 5:7, 5:10.
Алматы қаласының 13 жасар түлегі үшін бұл жұптық сындағы алтыншы финалы еді, соның үшеуінде Заңғар жеңіске жетті. Сонымен қатар ол жекелей сында бес рет чемпион атанған болатын.
Енді Қазақстанның жас жұлдызы 18 сәуірде Үндістанға аттанады. Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының іріктеу сайысында ел намысын қорғайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан жасөспірімдер құрамасының Нью-Делиде бесінші орынға табан тірегенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).