АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Хиросима турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы жарыстың алтыншы ракеткасы болып тіркелген З.Дияс екінші айналымда украиналық Катерина Козловамен шеберлік байқасты.
Зарина дүниежүзілік рейтингте 65-інші орында тұрса, қарсыласы 123-інші сатыда еді. Соған қарамастан, тартысты өткен матчта бірінші партия тай-брейкке ұласып, онда К.Козлова 7:3 есебімен басымдылық көрсетті.
Бұдан кейінгі екі сетте қазақстандық теннисші 6:2, 7:5 есебімен жеңіске жетті.
Матч 2 сағат 38 минутқа созылды.
З.Дияс ширек финалда осы турнирдің бірінші, әлемнің 41-інші ракеткасы, қытайлық Чжан Шуай немесе жапониялық, рейтингте 138-інші орында тұрған Нао Хибиноның біреуімен кездеседі.
Жүлде қоры 250 мың АҚШ доллары болатын Хиросима турнирі 16 қыркүйек күні мәреге жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын З.Диястың жарысты сәтті бастап, екінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).