НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Простеев қаласында (Чехия) 14 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан командалық әлем чемпионатының (2022 ITF World Junior Tennis Finals) жартылай финалында Германиямен шеберлік байқасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, германиялықтар біріншіліктің екінші ракеткасы болып тіркелген.
Алдымен, Даниэль Тазабеков германиялық Диего-Дебуро Паломероға есе жіберді – 4:6, 1:6.
Содан кейін тартысты матчта Заңғар Нұрланұлы Еуропа жасөспірімдер рейтингісінде төртінші орында тұрған Нильс Макдональдтан айласын асыра алмады – 4:6, 5:7.
Осылайша, Германия құрамасы финалға шықты да, қазақстандықтар ертең қола жүлде үшін таласатын болды. Қазақстандықтардың қарсыласы кейін анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан жасөспірімдерінің теннистен әлем чемпионатының жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы әлем чемпионатының жартылай финалында Германиямен ойнайтыны жарияланды.
Фото: ktf.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).