АСТАНА. KAZINFORM — Кучингте (Малайзия) 14 жасқа дейінгілер арасында World Junior Tennis Competition 14&under Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирінде Қазақстан жасөспірімдер құрамасы жартылай финалға бір қадам жетпей тоқтады.
Қазақстандықтар ширек финалда тартысты матчта іріктеу жарысының 3-ракеткасы болып тіркелген Аустралия құрамасына 1:2 есебімен жол берді.
Бірінші ойында Екатерина Кирюшенко Весна Маринкадан айласын асырды – 6:3, 6:2.
Екінші кездесуде Найля Баймахан Отт Джениферге шамасы жетпеді – 6:7 (5:7), 2:6.
Соңғы, жұптық бәсекеде Баймахан – Кирюшенко Чен Лю – Маринкаға есе жіберді – 5:7, 5:7. Екі партия да тартысты өтіп, қазақстандықтар өз мүмкіндігін пайдалана алмады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Майами турнирінде Путинцеваның әлемнің 15-ракеткасын ұтқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Елена Рыбакина үшінші айналымға өтті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).