АСТАНА. KAZINFORM — Малайзияның Кучинг қаласында 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында теннистен әлем чемпионаты Азия — Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирінің финалына шыққан командалар анықталды.
Қазақстан жасөспірімдер құрамасы жартылай финалда Гонконг командасымен кездесті.
Бірінші ойында Хақназар Жеткербай Кайл Ванды 6:2, 6:3 есебімен жеңіп, Қазақстанды алға шығарды.
Екіншісінде Ахмади Мақанов Чой Вангқа есе жіберді — 0:6, 3:6.
Жұптық сында Ахмади Мақанов пен Хақназар Жеткербай Ван — Чуйды тізе бүктірді — 7:5, 2:6, 10:3.
Осылайша, 14 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы өз тарихында алғаш рет іріктеу турнирінің финалына жолдама алды.
Ертең Сағадат Аяптың шәкірттері финалда Жапониямен бас жүлдені сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан жасөспірімдерінің екінші рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).