АСТАНА. KAZINFORM — Малайзияның Кучинг қаласында 14 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионаты Азия — Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу жарысының топтық бәсекелері аяқталды.
Қазақстандық қыздар D тобында үш кездесуін де жеңіспен түйіндеді.
Қазақстан құрамасы Өзбекстан мен Иран командасын 3:0 есебімен айқын басымдылықпен ұтты.
Бүгін әлемдегі мықты құрамалардың бірі — Аустралияны 2:1 есебімен тізе бүктірді. Алдымен Ясмин Дүйсембаева Силлек Муземаны 6:2, 6:4 есебімен қапы қалдырды. Тамина Сәкен де Джексон Керессаның осал тұсын тапты — 6:4, 6:4.
Жұптық сында ғана Мәриям Нұржан — Я.Дүйсембаева Музема — Керессаға жол берді — 3:6, 2:6.
Марат Шәріповтің шәкірттері өз тобынан ширек финалға бірінші орынмен шықты. 5 сәуір күні Қазақстан Корея құрамасымен ойнайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың Мексикадағы турнирдің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).