Теннистен әлем чемпионаты іріктеу турнирінде Қазақстан жасөспірімдері Аустралиямен кездеседі
АСТАНА. ҚазАқпарат – Шымкент қаласында 16 жасқа дейінгілер арасында Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша әлем чемпионаты іріктеу турнирінің топтық бәсекелері аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Фото: ktf.kz
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, қазақстандық жасөспірімдер D тобында соңғы матчында Өзбекстан құрамасын 2:0 есебімен ұтты.
Бастапқы кездесуде Заңғар Нұрланұлы Нуриддин Бахтиёровті 6:4, 7:6 (7:3) есебімен тізе бүктірді. Содан кейін Әмір Омарханов Сухроб Саидовты жеңді – 6:3, 6:2.
Жеребе қорытындысына сәйкес ертең, 11 мамыр күні ширек финалда Сергей Квактың шәкірттері Аустралия құрамасымен кездеседі. Аустралия – 16 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионатын 6 рет ұтқан өте мықты қарсылас.
Ширек финалда сондай-ақ Оңтүстік Корея – Үндістан, Өзбекстан – Таиланд, Гонконг – Жапония командалары шеберлік байқасады. Азия – Тынық мұхит аймағынан үздік төрт құрама әлем чемпионатына жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан жасөспірімдерінің іріктеу турнирінің ширек финалына шыққанын жазған едік.
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).