АСТАНА. KAZINFORM – Президент кубогы үшін Астанада өтіп жатқан ATP Challenger Tour турнирінде қазақстандық Григорий Ломакин алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Дүниежүзілік рейтингіде 763-орында тұрған қазақстандық теннисші бастапқы айналымда әлемнің 529-ракеткасы, норвегиялық Виктор Дюрасовичпен күш сынасты.
Г.Ломакин рейтингіде төмен тұрғанына қарамастан, ширақ ойнап, 6:4, 6:2 есебімен басым түсті. 1 сағат 12 минутқа созылған бәсеке барысында ол 6 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың тең жартысын өз есебіне жазды. Дюрасович 4 эйс, 1 брейкпен шектелді.
Григорий Ломакин ширек финалға шығу үшін әлемнің 407-ракетасы, ресейлік Евгений Донскоймен таласады.
Тағы бір қазақстандық, 16 жастағы Әмір Омарханов алғашқы кездесуін әлемнің 794-ракеткасы, ресейлік Максим Жуковпен өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Шевченконың Гамбург турнирінің 1/8 финалына өткенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Анна Данилина Будапешт турнирінің ширек финалында ойнайды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).