НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Простеев қаласында (Чехия) 14 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан командалық әлем чемпионатының (2022 ITF World Junior Tennis Finals) жартылай финалында Германиямен ойнайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Германиямен матч бүгін елорда уақытымен шамамен 15.00-де басталады.
Германия – өте мықты қарсылас. Оның үш бірдей ойыншысы 14 жасқа дейінгілер арасында Еуропа рейтингісінде үздік 20 теннисшінің қатарына кіреді. Нильс Макдональд Германияның бірінші ракеткасы болса, Дебуро Паломеро Еуропа рейтингісінде 14-інші, Кристофер Тисс 15-орында.
Биыл Францияда өткен жарыстың финалында Заңғар Нұрланұлы Нильс Макдональдқа жол берді – 6:7, 4:6. Дәл сол турнирде Кристофер Тисс жұптық сында жеңімпаз атанды.
Екінші жартылай финалда АҚШ пен Швейцария құрамалары бақ сынайды.
Жартылай финалда жеңгендер чемпиондық атаққа, ұтылғандар қола жүлдеге таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан жасөспірімдерінің теннистен әлем чемпионатының жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Фото: ktf.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).