ОРАЛ. 9 қаңтар. ҚазАқпарат - Теректі ауданы бойынша биылғы 14 қаңтардан ауылдық округ әкімдерінің халық алдындағы есеп беру кездесулері басталады.
Аудан әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, ел-жұрттың алдында өткен жылда атқарылған жұмыстарды саралап, алда тұрған жүзеге асырылуы тиіс міндеттер бойынша есептік кездесуді Көнеккеткен, Шағатай, Ақсоғым, Аңқаты, Ақсуат, Төңкеріс, Шаған, Ақжайық, Шалқар ауылдық округтерінің әкімдері бастайды. Ауыл әкімдерінің тұрғындармен жүздесуі тәмамдалған соң, 21 қаңтардан аудан әкімі Арман Өтеғұловтің есептік жиыны жалғасады. Аудан басшысының теректіліктердің алдындағы есебі өңірдің оңтүстік бетіндегі Шағатай, Ақсоғым, Сарыөмір ауылдарынан басталмақ. Федоров ауылында өтетін қорытынды есептік жиналыс 9 ақпанға жоспарланып отыр.
Сондай-ақ 2012 жылдың қорытындысы бойынша тұрғындардың ұсыныстары мен ескертпелеріне арналған арнайы жәшіктер орналасқан мекен жайлар туралы мәлімет аудандық газетте жарияланды. Бұл жәшіктер негізінен жергілікті жердегі мектеп, медициналық пункт, әкімдіктің ғимараттарына қойылады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).