Теректі ауданында кәсіпкерлік саласын дамытуға 595,2 млн. теңге несие берілді - БҚО

ОРАЛ. 12 қаңтар. ҚазАқпарат - БҚО-ның Теректі ауданында 1327 шағын бизнес нысаны жұмыс істейді. Олардан өткен жылы 184 млн. 279,8 мың теңге салық түсті.

Аудан әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, кәсіпкерлік саласында 4039 адам еңбек етеді. 2012 жылы бұл салада өндірілген өнім көлемі 2 млрд. 517 млн. 108 мың теңгеге жетті.

Ауданның кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында 595,2 млн. теңге көлемінде 132 несие берілді. Кәсіпкерліктің дамуына ерекше серпін берген «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасына сәйкес 57 серіктестік 335 млн. теңге несие алды. Күні бүгін бағдарлама аясында 81 жоба жүзеге асырылуда. Соның қатарында Новопавловтағы екі жылыжай, Абайда наубайхана, Федоровта автокөлік жөндеу орны мен мейрамхана, Шағатайда техникалық бекет салындуда. Сарыөмір ауылында 5 млн. теңгеге 15 орындық қоғамдық монша іске қосылды. Ақжайық, Федоров ауылдарында да осындай нысан бой көтеруде. Федоровта жанар-жағар май бағасын тұрақтандыруға септігін тигізетін «Москвичи» май құю бекеті пайдалануға берілді.

«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында «Үмбетияров» ЖК 16 млн. теңгеге газоблок цехын іске қосып, құрылыс материалдарын шығаруда. Мұнда тоғыз жұмыс орны ашылды.