Теректіде 335 млн. теңге бөлініп, 57 несие серіктестігі жұмыс жасауда - БҚО

ОРАЛ. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Теректі ауданында жұмыспен қамту орталығы құрылғалы бері «Жұмыспен қамту - 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 115 адам кәсіптік оқуға жолданып, күні бүгін 34-і білімін жетілдіріп қайтты.

Бұл туралы аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында аталған орталықтың директоры Максим Энгелов мәлімдеді.

Оның айтуынша, 34 адамның 10-ы біліктілігін арттыру, 24-ті қайта даярлау курсынан өткен. Қазір олардың барлығы да тұрақты және уақытша жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ биылғы қыркүйектен бастап жұмыссыз азаматтарды кәсіби оқуға жолдау жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда бастауыш сынып мұғалімі, тәрбиеші, аспазшы, автослесарь, автокран жүргізушісі, электромонтаждаушы, тігінші, бағдарламашы мамандықтары бойынша 52 адам оқуға жолданып отыр.

Ал «Жастар тәжірибесі» бағдарламасын ауданда іске асыруға республикалық бюджеттен 19 млн. 150 мың теңге бөлінген. Мекемелерден түскен сұраныстарға орай техникалық, экономикалық, медициналық, педагогикалық, ауыл шаруашылығы және өзге де мамандықтары бойынша оқуын аяқтаған 114 жас алты айлық мерзімге тәжірибеден өтуге жіберілді. Бүгінде білімі мен біліктілігін көрсете білген олардың төртеуі тұрақты жұмысқа орналасып үлгерді.

«Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша аудандағы жұмыссыздар, кірісі аз және өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға төмен пайызбен несие беру үшін республикалық бюджеттен 335 млн. теңге бөлінді. Қазір құрылған 57 несие серіктестігінің барлығы да  «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы конкурсқа қатысып, оң шешімін алды. Несие алған серіктестіктер бизнес жоспарларына сәйкес өз кәсіптерін бастап та кетті. Олардың бірқатары жылқы, ірі қара және шошқа өсіру ісін қолға алуда. Сондай-ақ көп кешікпей Абай, Ақсоғым, Алғабас ауылдарында наубайхана, Подстепный, Шаған, Сарыөмір елді мекендерінде тігін цехы мен шаштараз салоны  ашылмақ. Жылыжай, автокөлік жөндеу орнын, монша салып, халыққа қалыпты қызмет көрсетуді жоспарлап отырған серіктестіктер де бар.

Орталық мамандарының есебінше, осы нысандар толығымен іске қосылса, 312 адам жұмыспен қамтылмақ.