Бұл туралы аудандық филиал төрағасы, аудандық мәслихат хатшысы Мұсағали Төлегенов баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға тоқталды. «Есепті кезеңде аудандық партия ұйымында құрылымдық өзгерістер болған жоқ. Партия қатарын сапалық жағынан толықтыруға көп жұмыс жасау керек. Бастауыш партия ұйымдары өз округтеріндегі әлеуметтік-экономикалық, мәдени-қоғамдық мәселерді көтеруде және оны іске асыруда белсенділік танытулары тиіс. Бүгінгі таңда теректіліктер Қазақстан Республикасның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың өкілеттік мерзімін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөніндегі республикалық референдум өткізуді толық қолдап отыр. Оған дәлел - аудан бойынша 12 мыңнан аса қол жиналғандығы. Партияның жаңа бағдарламасында алдағы онжылдықтарға арналған негізгі басымдықтар мен міндеттер айқындалған. Бұл бағдарлама бастауыш партия ұйымдарында толығынан талқыланды. Ең бастысы әрбір партия мүшесі партиялық бағдарламаларды өз жүрегімен терең ұғынып, ең бірінші қолға алынған іске сенімді болу керек. Сонда ғана өзгені сендіріп, өз жағына тарту мүмкіндігін алады. Алға қойылған мақсаттар орындалады, себебі «Нұр Отан» партиясы - халықтық партия», деді ол.
Конференцияда аудандық филиал төрағасы болып аудан әкімі Арман Өтеғұлов сайланды. Бұл қызметті осыған дейін атқарған М.Төлегеновке алғыс айтылды.