Терминдерді аудара берудің салдарынан мамандар қиналып жүр - Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ ректоры

АСТАНА. ҚазАқпарат - Терминдердің барлығын бірдей аудара берудің реті жоқ. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті атындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры Жексенбек Әділов мәлім етті.

«Біз дамыған 30 елдің құрамына енуіміз үшін техника және технология саласында мамандар даярлауға ерекше мән беруіміз керек. Бұл тұрғыда бір проблема бар. Мысалы, біздің университетте студенттердің 70 пайызы қазақ тілінде оқиды. Бірақ, қазіргі кезде олар үшін жүйелі терминдер жоқ. Атап айтқанда, терминдерді Шығыс елдері өздерінше, ал Батыс өзінше аударады, сондай-ақ терминдерді елімізде де аударып жатамыз. Осы орайда мемлекеттік емтихандарда кейбір кездерде студенттер көп сұрақтарды түсінбей жатады», - деді ректор.

Ж. Әділовтің сөзіне қарағанда, оқу орнын тәмамдағандар еліміздегі шетелдік технологиялық компанияларға жұмысқа орналасу кезінде терминдер бойынша қиналатын көрінеді. «Алайда, студенттеріміз жазу-сызу тұрғысында барлығын жетік түсіндіріп береді. Бұл тұрғыда менеджерлер (шетелдік) біздің кемшіліктерімізді жиі айтады. Олардың пайымынша, Қазақстанда барлық терминдерді аударудың салдарынан мамандар жұмысында қиындықтар туындайды. Өйткені, барлық салаларда терминдер бір тілде болуы керек. Сондықтан да былтыр техникалық салада мамандар даярлайтын ЖОО-лардың ректорларын жинап, терминдер бойынша бір жүйе болуы керек деген келісімге келдік», - деп тоқталды ЖОО басшысы.

Сөз соңында ол техника саласында қазақ тіліндегі оқулықтар тапшылығы қатты сезіліп отырғандығын атап өтті.