Терроризмнің алдын алуға және халық шоғырланатын нысандарды күзетуге қаржыны аямау керек - депутат А. Әбілдаев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Терроризмнің алдын алу және оның жолын кесуге қаржы бөліп, Ішкі істер министрлігіне халық көп шоғырланатын стратегиялық маңызды нысандарды күзету үшін қосымша штат санын арттыру қажет. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Азамат Әбілдаев осындай мәселе көтерді.

Сауал барысында депутат Сочи Олимпиадасы қарсаңында Ресейдің Волгоград қаласындағы болған лаңкестік әрекеттерді, Malaysian Airlines әуе лайнерінің жоғалып кетуін еске сала отырып, әлемдік деңгейде қауіпсіздік шаралары нығайып жатқанына назар аударды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда стратегиялық нысандар тұрмақ, ойын-сауық мекемелері өздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күзет қызметімен келісімшарттар жасасып жатыр.

«Қазір халық көп шоғырланатын ірі сауда орталықтарын, сондай-ақ вокзал және әуежай секілді нысандардың қауіпсіздігін бақылауға алу мәселесі өте өзекті болып отырғаны даусыз», - дей келе депутат А. Әбілдаев осы мәселеге бюджеттен қаражат бөлу керектігін ескертті.

«Ата Заңың алғашқы бабында еліміздің ең басты қазынасы адам және оның өмірі деп көрсетілген. Осы тұста өз-өзінен сұрақ туындайды: егер адам өміріне қауіп төніп тұрса, соңғы кезде жиілеп кеткен түрлі жарылыстарды қалыпты жағдай ретінде қабылдап, «қаржы жоқ», деген сылтаумен ешқандай шара қолданбай отыра берсек қалай болғаны? Бұл күнде әлем мойындаған тәуелсіз, ауқатты мемлекетіміздің бар байлығы адам өмірін сақтауға арналмаса, ол қаржыны қайда жұмсаймыз? Оның үстіне, алдымызда еліміздің беделін асқақтататын елеулі шара - ЭКСПО-2017 тұр. Оның жұмысына әлемнің түпкір-түпкірінен көрмешілер ағылмақ. Осы жағдайда терроризм мәселесі назардан тыс қалса, ел қауіпсіздігі не болмақ?», - дейді ол. Соған орай, депутат еліміздегі терроризмнің алдын алу және оның жолын кесу мақсатына жедел түрде қаржы бөліп, Ішкі істер министрлігіне вокзал және аэропорт секілді халық көп шоғырланатын стратегиялық маңызы бар объектілерді күзету үшін қосымша штат санын бөлуді сұрайды.