«Көрменің, әсіресе, энергияның жұмсалуы мен өндірістің келешегіне арнала өткізіліп отырғаны заңды. Әлемдік қуат көздерінің келешегін негізге алған көрмені ұйымдастыру арқылы Қазақстан өзін Орталық Азияның көшбасшысы екенін көрсетіп отыр», - делінген мақалада.
The Huffington Post-тың жазуы бойынша, Орталық Азия маңызы жағынан геосаяси тұрғыда мемлекеттердің тоғысқан жерінде орналасқан. Мұсылмандар мен христиандар, түріктер пен славяндар ғасырлар бойы ұлы далада селбесе өмір сүріп келеді. Иран, Үндістан, Пәкістан, Сауд Арабиясы мен Түркия сынды елдер АҚШ, Ресей мен Қытай сынды державалардың келешегінде маңызды рөлге ие. Аталған мемлекеттердің ортақ мүддесі бар, кей жағдайда бәсекелестігі де көрінеді.
«Қазақстан - АҚШ-тың аймақтағы басты серіктесі. Осы себепті, өткен айда Нұрсұлтан Назарбаев пен Дональд Трамп Сауд Арабиясында кездесу өткізді. АҚШ мұнай мен газ, нарықтық реформа тұрғысында 1990 жылдары Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға баса маңыз назар аударды», - делінген мақалада.
Басылым қазақстандық-америкалық қатынасты дамыту үшін Трамптың билігіне бес себепті айқындап беріпті.
Біріншіден, бұл - радикалдық қозғалысқа байланысты. Мұсылмандық үлесі басым зайырлы ел бола тұра, Қазақстан экстремизмнің ушығуына жол бермеді. Бұл қадам Қазақстанды Американың нағыз серіктесі екенін көрсетті. ДАИШ құрамында соғысып жүргендердің көбі елдеріне қайтып жатқандықтан, олар қылмыстарын өз елдерінде жалғастыруы мүмкін. Қазақстан бұл қауіпті терең түсініп, АҚШ-пен және өзге елдермен серіктесу арқылы, радикализмнің белең алуына тосқауыл қоя алатынын көрсетті.
Екіншіден, Қазақстанның идеясы атомдық қаруға қарсы. Ең бір айтулы жетістігі - 1991 жылдан бастап, атом қаруын қолданбау туралы насихат жұмыстарын қолға алуы. Қазақстан КСРО мемлекетінен қалған атом қаруынан бас тартты. Басылымда көрсетілгендей, қазақстандықтар бұл шешімімен мақтана алады. Солтүстік Корея атом қаруының сынақтарын жалғастырып жатқанда, Иранның бұл бағыттағы келісімі талқыға түскенде Қазақстанның даусы өте маңызды. Қазақстан екі жыл мерзімге БҰҰ Қорғаныс Кеңесінің уақытша мүшесі болып сайланған.
Үшіншіден, Қазақстанның экономикалық әлеуеті ұшан-теңіз. Әлемнің ең үздік экономистері мен кәсіпкерлері бас қосқан Астанадағы экономикалық форумда осы тақырып та ерекше аталып өтті. ІЖӨ көрсеткіші өзге мемлекеттен озып тұрған ел - сөзсіз Орталық Азияның көшбасшысы. Сонымен бірге, АҚШ пен оның серіктестерінің сауда және инвестиция бағытында мүмкіндіктері зор. 2016 жылы ғана Қазақстанға құйылған АҚШ-тың экспорты 1 млрд. долларға жеткен.
Төртіншіден, әңгіменің тағы бір парасы көмірсутектік әлеуетте болып отыр. Қазақстан географиялық орналасуы бойынша Каспий теңізімен шектесіп жатқандықтан, әлемдік энергетикада келешегі жарқын. Күніне 1,9 млн. баррель мұнай өндіріледі. Бұл көрсеткіш Анголадан да жоғары.
Қазақстандағы мұнайдың өндірілуі еуропалық мұнай тапшылығын қанағаттандырып, отандық мұнай-химиялық дамуға серпін береді. Мақала авторының айтуынша, Қазақстаннан Еуропаға тасымалданып жатқан мұнай ресейлік тасымалдың орнын басады. Қазақстан сонымен бірге, азаматтық энергетика үшін АҚШ-тың уран қорының бестен біріне тең уран мөлшерінің тасымалын жолға қойып отыр.
Бесіншіден, америкалық басылым Ауғанстанды ерекше атап өткен. Қазақстан Ауғанстанмен шектесіп жатпаса да, екі елді «Тарихи сауда бағдары» байланыстырып жатыр. Демек, Ауғанстанның келешегінде Қазақстан үлкен рөлге ие. Қазақстан бірнеше жыл экономикалық көмек ретінде қатарынан миллиондаған АҚШ долларын бөліп, Кабулдағы сауда келісімін құптап келеді. Зайырлы республика ретінде Қазақстан Ауғанстанда тұрақтылық орнағанын қалайды. Президент Трамп Ауғанстанның келешегіне назар аударғандықтан, ол елдегі тұрақтылықтың маңызы аса зор.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Орталық Азиядағы тұңғыш тұрақты емес мүшесі болып отырып, келесі жылдың қаңтарында Қазақстан Кеңестің төрағасы болып сайланады. Мемлекет әлем назарын Ауғанстандағы жағдайға салуын қалайды.
Америка әскері Ауғанстаннан кеткеннен кейін ол жақта америкалық әсер бәсеңдеп қалды. Ресей мен Қытай қазіргі уақытта аймақтағы негізгі экономикалық және әскери ойыншы ретінде серіктестерін АҚШ-тан бөліп алуды одан ары күшейтіп келеді. Автордың түйіндеуінше, Трамптың әкімшілігі Ресей, Иран мен Ауғанстанға қатысты стратегиясын өзгертіп жатқандықтан, АҚШ Қазақстанның өз жағында болғанын қалайды.
Аян Өрібай