Әйелі Жапалақ - Тама Есет батырдың қарындасы. Оның ұлы Нияз би Абылай ханның беделді кеңесшілерінің бірі болды. Нияз биді Абылай хан «Хан» атаған.
Еліміз бен жерімізді қалмақтардан қорғап, Тәуелсіздігімізді төбемізге ту етіп көтерген Шақшақ Жәнібек тархан, Тілеулі батыр, Тама Есет тарханның есімдері қашанда қатар аталады. Өйткені олар - кешегі ел басына күн туған қаралы заманда иық тірестіре бірге жүрген жорықтас жолдас, баһадүр қолбасшылар болған. Тілеулі батыр Аңырақай, Қалмаққырған мен Қарақұмда 1710-1729 жылдары болған жоңғар соғысында қыпшақтың 92 руының әскерін басқарған.
Үш жүздің 1710 жылы Қарақұмдағы өткен халық құрылтайына, 1723 жылы Талас өзені бойында жоңғарлармен болған шайқасқа, сондай-ақ Бұланты - Білеуті шайқастарына қатысқан.
Бөгембай, Саурық, Тайлақ, тағы басқа батырлармен бірге Әбілқайыр ханға жасақ ұйымдастыруға көмектесті. 1738 жылы Қазақ елінің Ресейге қосылуын рәсімдеген құжатқа Тілеулі батыр мен оның баласы Нияз би қалың Қыпшақ атынан қолын қойған.
Тілеулі батыр Әбдірахманұлы Ақтөбе қаласынан 18 шақырым жердегі Бестамақ деген елді мекенінде Тама Есет батырдың жанына жерленген. Ұрпағы Әбдіғапар Жанбосынұлы 1916 - 1917 жылдардағы ұлт-азаттық көтеріліс басшыларының бірі.
Қазіргі ұрпақтары Қарағанды, Қостанай, Қызылорда облыстарында, Астана, Алматы, Жезқазған, Арқалық қалаларында, Ресейдің Новосібір облыстарында тұрады. Тілеулі батыр Әбдірахманұлы жайында ел ішіндегі аңыз-әңгімелер мол сақталған. Сондай-ақ М.Қозыбаев пен З.Байдосовтың зерттеу мақаларында, зерттеуші М.Сүлейменовтың «Әбдіғапар хан» кітабында, мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген. Жазушы Ә.Кекілбаевтің «Елең-алаң» (1984), Қ.Сәрсекеевтің «Смута» (1988) романдарында «Шақшақ Жәнібек батыр» кітабында Тілеулі батыр туралы көптеген мағұлматтар келтірілген.
2007 жылы Жезқазған қалалық мәслихатының шешімімен көшелерінің біріне батырдың есімі беріліп, Тілеулі батырдың есімі берілген көшеге бабамызға арнап ескерткіш - белгі орнатылған. Бұл ескерткіш - белгінің жобасын жасағандар: Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті педагогикалық - гуманитарлық институтының директоры, профессор Мұрат Әбеуов, осы институттың оқытушысы, дизайнер Зекен Мұхамбедин.
Дерек көзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 8 том