***
«Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы» Президент Жарлығын орындау үшін еліміздің аттестаттаудан өтуге тиісті құқық қорғау органдарының барлығы дерлік сынаққа білек сыбана кірісіп кеткендей көрінеді. Бұған әр министрліктен алған ақпараттарымыз айғақ. Мәселен, Төтенше жағдайлар министрлігі осы іс-шараны өткізуге сақадай сай дайындалғанын паш етті. Өзгелер бұл сынақ өзгеше болуы керек деп өздерінше тон пішіп жүргенде министрліктің мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының 20 қызметкері Президент жанындағы Жоғары аттестаттау комиссиясындағы аттестаттау сынағынан өтіп те үлгерді. Олардың ішінде: орталық аппараттың құрылымдық бөлімшелерінің 2 басшысы; өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы мен оның 2 орынбасары; Көкшетау техникалық институтының бастығы; Республикалық дағдарыс орталығының бастығы мен оның орынбасары және облыстардың, Астана, Алматы қалаларының төтенше жағдайлар департаменттері бастықтарының 12 орынбасары бар. Осы аттестаттау тұрғысындағы мәселелер «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Сынақ басталды» атты мақалада жазылған.
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысы болып өтті. Онда Қазақстан Республикасының рұқсат беру жүйесін одан әрі реформалаудың 2012-2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы қаралды. Тұжырымдама жобасын Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев таныстырды. ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің мәліметіне сүйенсек, тұжырымдама рұқсат беру құжаттарының міндетіне байланысты оларды алты деңгейге бөліп қарастырады. Яғни, субъектілерінің қызметіне рұқсат беру (лицензиялар), біліктілігін растау негізінде жеке тұлғалардың кәсіби қызмет атқаруына рұқсат беру, квота бөлу және байқау өткізу тетіктерін пайдалана отырып, шектеулі ресурстарды пайдалануға рұқсат беру, нысанды (ғимарат, мекеме, көлік құралы) пайдалануға рұқсат беру, бөлшек саудаға және өнім сатуға рұқсат беру. Сондай-ақ, тұжырымдамаға сәйкес біліктіліктен өткен барлық рұқсат беру құжаттары реттеу нысандарының қауіптілік деңгейіне байланысты үш санатқа бөлінеді. Атап айтқанда, кеше Үкіметте қаралған осы және басқа да мәселелер «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Рұқсат беру жүйесін реформалау - кәсіпкерлік кеңістігін кеңейтеді» атты тақырыппен жарық көрді.
***
«Айқын» басылымының жазуынша, әлем халқы орта есеппен алғанда 7 мың тілде сөйлейді. Бірақ соңғы кезде бірқатар тілдерге үлкен қауіп төне бастағандай. Ғалымдардың есебіне жүгінсек, екі аптада бір тіл құрдымға кетеді екен. Ал алдағы уақытта әлемдегі тілдердің 40 пайызының жоғалу қаупі бар. Түптің түбінде дүниежүзі халқы екі тілде, яғни ағылшын және қытай тілінде сөйлейтін көрінеді. Осының жауабын «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Тілге қауіп қайдан?» атты мақаладан оқыңыздар.
Сондай-ақ осы басылым бетінде «Қой бағып, құйрық жеген озады» атты тақырыпта мақала жарияланған. Онда Қазақстанда жан басына шаққанда жылына 8 келі ет жеп, әлемде бұл жағынан 5-орында екеніміз айтылған. Ал Ресей 0,9-1,0 келі қой етін жейді екен. «Біз қой етін көбейтіп, сыртқа шығарамыз десек, онда жылына 24 мың тонна қой етін қажет ететін Иран мен 13,3 мың тонна ет жейтін Ресейге және 76 мың тонна ет жейтін Қытайға сату тиімді. Өзге елдердің алыстығына байланысты тасымалдаудың шығыны көп болған соң әзірше тиімсіз деп ойлаймыз», деп жазады «Айқын» газеті.
***
«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Ауруханаға науқас аз жатса, ауру кеміп кетеді дегенге кім сенеді?» атты мақала жариялап, көкейкесті мәселе көтерді. Басылымның жазуынша, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі жаңа бір «жаңалықтың» құлағын қылтитқалы біраз болды. «Реформадан көз ашпай келе жатқан министрлік тағы бір «Америка ашуымен» адамдардың шамына тие бастады. Яғни тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларға науқас аз түссе дәрігерлерге ұстемақы төлемек. Бұған «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова қарсы дау айтып отыр»,-деп жазады басылым.
***
«Лучше меньше, да круче» тақырыптағы материалда «Экспресс-К» басылымы Қазақстанда дене тұрқы шағын иттерді асырау сәнге айналып бара жатқандығын жазады. Қазақстан кинологтары одағының бағалауы бойынша бәрінен бұрын чихуахуа және кішкентай терьер иттер сұранысқа ие. Чихуахуа күшіктері елімізде 20 мың теңгеден 180 мың теңгеге дейін барады екен. Бұл итке берілетін тағам үлесіне тоқталатын болсақ, оған жаңа сойылған малдың еті мен көкөністер әзірленетін көрінеді. Сонымен қатар оны сыйлықтармен және сәнді киімдермен, қарғыбауы асыл тастармен безендірілген осы тектес дизайнерлік заттармен еркелетеді. Екінші орында йоркшир терьері тұр. Оның құны 10-120 мың теңге аралығында бағаланады екен.