Алқалы жиынға белгілі түркітанушы ғалымдар, тілтанушылар, филологтар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, дипломатиялық миссия басшылары мен өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Семинарда алғаш болып Түркі кеңесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, профессор Әділ Ахметов «Академик Әбдуәли Қайдардың тілтанымдық зерттеулерінің құндылығы» тақырыбында баяндама жасаған болатын. Ол өз сөзінде көрнекті академиктің өмірі мен шығармашылығына тоқталып, ғылыми еңбектерінің әлемдік түркология ғылымы үшін маңызы жайлы тоқталды.
«Қазақтың ең зиялы ғалымы кім десе Әбдуәли Қайдарды атар едім. Жасы 90-нан асқанына қарамастан осы күнге дейін қолынан қаламы түскен емес. Оның еңбегі өте өнімді болды. Тіл саясатында нағыз қайраткерлікпен қызмет жасады. Әбдуәли Қайдардың қоғам қайраткері ретінде атқарған жұмыстары да зор. Қазақ тілі халықаралық ұйымының төрағасы болып қызмет етті. Тіліміздің мәртебелі болуына үлкен еңбек сіңірді. Ал бүгін Түркі академиясының Әбдуәли Қайдардың жаңа кітабының тұсаукесері рухани жаңғырудың іс жүзіндегі көріністері», - деді Әділ Ахметов.
Әбдуәли Қайдардың тағы бір ерлігі латын графикасына қатысты ғылыми зерттеулері болып табылады. 90-жылдардың басында академик Ыстанбұлда өткен жиындарға қатысып, қазақ ғалымдарының атынан ортақ түрік латын әліпбиінің жобасын жасауға атсалысты. Кейіннен осы мәселені қазақ баспасөзінде көтеріп, Елбасыға да ұсыныс жасағаны белгілі. Айта кетерлігі, академик Әбдуәли Қайдардың ұсынған латын әліпбиін негізге алып, «ҚазАқпарат» агенттігі де хабар таратып келеді.
Сонымен қатар, жиында А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, профессор Ерден Қажыбек «Ортақ латын әліпбиі - рухани еркіндіктің рәмізі» тақырыбында пайымды пікірлерімен бөлісті. Ол өз баяндамасында латын әліпбиіне өту түбі бір туыс халықтарды жақындастыра түсіп, бір-бірінің әдебиетін еркін оқуға мүмкіндік беретінін айтты. Ал, белгілі филолог ғалым, профессор Әлімхан Жүнісбек «Латын әліпбиін жаңғыртудың өзекті мәселелері» тақырыбында жасаған баяндамасында латын әліпбиіне оралудың бүгінгі күн тәртібіндегі келелі мәселелері мен механизмдері жөнінде тарқатып әңгімелеп берді.
Қатысушылар сондай-ақ, тілтанымдық зерттеулердің түркі әлемін тұтастырудағы рөлі жөнінде өзекті мәселелерді талқылап, өзара пікір алмасты.
Сонымен бірге, семинар барысында TWESCO тарапынан әзірленген жаңа ғылыми еңбектердің таныстырылымы өтті. Атап айтқанда, Академия әйгілі түрколог Әмір Нәжіптің «ХІV ғасыр түркі тілдерінің тарихи-салыстырмалы сөздігі. Құтыптың Құсрау-Шырын еңбегі негізінде» атты 4 томдығын, белгілі академик Әбдуәли Қайдардың «Ұйғыр тілі лексикасының дамуы (тілдік байланыстар мәселесі)» атты ғылыми еңбегін, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтың «Көне Түрк жазба ескерткіштері» кітабын, сондай-ақ профессор Әлімхан Жүнісбектің «Түркі ортақ латын әліпбиі» атты монографиясын көпшілікке таныстырды.
Келесі ретте Академия басшысы Дархан Қыдырəлі «Түркология саласындағы жемісті қызметі мен тың зерттеулері және Түркі әлемінің ынтымақтастығына қосқан зор үлесі үшін» бірқатар тұлғаларды марапаттады. Осылайша, түркітанушы ғалымдар Ерден Қажыбек, Әлімхан Жүнісбек пен Әжібай Керімұлы TWESCO Алғыс хаттарына ие болды.