Тимур Құлыбаев энергетика секторының ортақ ұстанымын әзірлеуді ұсынды

АСТАНА. 4 маусым. ҚазАқпарат - «KAZENERGY» қауымдастығы Өндіруші салалар қызметінің ашықтылық бастамасын (ӨСАБ) жүзеге асыру жөніндегі жұмысты жандандырмақ.

Бұл туралы бүгін «KAZENERGY» қауымдастығының тұрақты даму жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысында қарастырылды.

ӨСАБ туралы ұсыныс алғаш рет 2002 жылы қозғалған болатын. 2005 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Қазақстан ӨСАБ-ын жүзеге асыру жөніндегі міндеттемені өз мойнына алды. Оның негізгі мақсаты  өнеркәсіптің өндіруші салаларындағы компаниялар бойынша бюджетке салықтардың және басқа да міндетті төлемдердің түсу ашықтылығына қол жеткізу арқылы валидациядан өту.

ӨСАБ-ына қолдау көрсетудің айтарлықтай ұзақ тарихына қарамастан, Қазақстан әлі күнге дейін толық құқықтық мүшелік етуге талапкер мәртебесінде қалып отыр. Жұмыстың тежелуіне үкіметтік емес ұйымдардың іс-қимылдарының келісілмегендігі, өнеркәсіптің толық қамтылмауы, ӨСАБ жөніндегі есепте әлеуметтік немесе қоғамдық маңызы бар қажеттіліктерге деген шығындардың ескерілмегендігі, коммуникация бойынша жеткіліксіз жұмыс себеп болып отыр.

ӨСАБ халықаралық басқармасының соңғы ұсынысына сәйкес, Қазақстан қажетті түзетулер енгізу керек  және 2013 жылдың тамызына дейін валидация талаптарын толық орындауы тиіс.

«KAZENERGY» қауымдастығы бастамаға қатысты белсенді түрде жұмыс істеуде. «KAZENERGY» мүшелері Ұлттық Кеңес құрамына кіреді, сонымен қатар, жұмыс топтарының жұмысына белсене қатысады.

Қауымдастық Төрағасы Тимур Құлыбаев аталмыш бағыттағы жұмысты белсендіре түсуді, энергетика секторының ортақ ұстанымын әзірлеуді ұсынды.

Үйлестіру кеңесі отырысының қорытындыларына сәйкес, оның шеңберінде ӨСАБ бойынша жұмыс тобы құрылатын болды.