Тимур Мұратов инфекциялық стационарларға науқастардың көбірек келіп жатқанын растады

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов кейбір ірі қалалардағы инфекциялық стационарларға науқастардың көптеп келіп жатқанын растады. 

— Климаты бізге ұқсас елдердің бәрінде көктем мен күз маусымында вирустың таралуы жоғары болады. Дегенмен, өткен жылмен салыстырғанда ЖРВИ-мен де, тұмаумен де аурушаңдық шамасы жоғары емес. Кейбір балалар инфекциялық ауруханаларында, ересектер ауруханаларында уақытша жүктеме болуы мүмкін. Түсіністікпен қарауымыз қажет. Өйткені, бір уақытта көп науқас түсетін болса, жүйеге салмақ түседі. Ондай жағдайлардың бар екенін растаймын. Кейбір үлкен қалаларда әсіресе инфекциялық стационарларға науқастардың көбірек келіп жатыр. Бірақ, эпидемиялық жағдай емес. Қазір күні басымызға төніп тұрған эпидемиялық қауіп жоқ, — деді вице-министр Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.

Бұған дейін Астанада эпидемиялық кезең басталып кеткенін жазған едік.