ТМД-ны не түлен түртті? - баспасөзге шолу

АСТАНА. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 5 желтоқсан, бейсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Бүгінде әлем құбылмалы әрі тербелмелі күйді басынан кешіп тұр. Қазақ қоғамының да дүние кеңістігін шарпыған дәл осындай діни-рухани дағдарыстан алшақ кете алмайтыны түсінікті. Сондықтан, ел ішінде исламды белгілі бір хадистер мен аяттар аясында түсіндірмек болған, тура жолдан адасып, ақыр аяғында «басын қай жарға соғарын білмей дағдарған» жандардың кездесуі біз үшін таңсық болудан, я таңданыс тудырудан қалды. Осы орайда, шынымен де, «оларға не жетпейді?» деген сауалдың туындары анық. Әрине, бұған бір сөзбен, иманымыз бен рухани тініміздің әлсіреуінен деп жауап беруге де болады. Бірақ, бұл мәселенің «күрделену бағытына» қарай дамып бара жатқанын көріп, әсіредіншілдік көріністерге үрке қарауымызға түрткі болған мұндай жайттардың иірімі сан-салалы, ал тамыры тереңде жатқанын аңғарамыз. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Жоғалған ұрпақ. Оларды қауіпті ортадан қалай қайтаруға болады?» деген тақырыппен берілген мақалада жазылған.

Басылымның атап өтуінше, «Жоғалған ұрпақ» ұғымы бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Батыс қоғамында дүниеге келді. Өйткені, қалыпты өмірдің ойран-ботқасы шықты - бүкіл Еуропа ешқандай ма­ғынасы жоқ соғыс өртіне оранды. Материалдық күйзеліске бұрын-соңды болмаған ой-сананың тентіреуі қосылды - бұл Еуропа елдерін «коммунизм елесі» кезген, атеистік идеялар асқынған кез еді. Өмірі ойпыл-тойпыл уақытқа тап келген бүтіндей бір ұрпақ осылайша «жоғалған» болатын.

Дін істері агенттігінің «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының» жетекші ғылыми қызметкері, белгілі абайтанушы Асан Омаровтың айтуынша, қатыгез уақыттың «құрбаны» болған, қазіргі жастары 25-35 аралығындағы ұрпаққа қоғам тарапынан түсінушілікпен қараушылық жетіспей келеді. Ұлы Абайдың: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, замандасының бәрі виноват», деген ұлағатын ескеріп, тілге тиек етілген жоғалған ұрпағымызды қамқорлыққа алу, оларға кезінде алмаған жан жылуын жеткізу қоғамның үлкен борышы.

Дін істері агенттігінің мәліметіне сүйенер болсақ, бүгінде конфессиялардың нақты саны 46 емес, 17. Алғашқыда 4,5 мың болған діни бірлестіктің орнында 3088 діни бірлестік пен олардың филиалдары қалған. Ал тіркелген діни бірлестіктердің саны жағынан ислам діні - 72 пайызды, православие - 9 пайызды, католиктік - 3 пайызды, протестанттық - 14 пайызды, ал қалған конфессиялар 2 пайызды құраған.


Дат урбанисі, қалалардың келбетін жасаумен аты шыққан дарынды дизайнерлердің бірі Ян Гейл Алматыға келді. Мегаполис қалаларда қаптап бара жатқан автомобильдерден арылтудің тетіктерін білетін Ян Гейлдің сапары келешекте қаладағы көлік қозғалыстарынан көрінеді деп күтілуде. Лондон, Нью-Иорк, Мехико, Мельбурн, Копенгаген сияқты қалалардың басшыларына кеңес беріп, қоян-қолтық жұмыс істеген сәулеткер Алматы қаласының әкімімен кездесті. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті «Әйгілі архитектор Ян Гейл Алматыны көлік кептелісінен арылта ала ма?» атты мақаласында жазып отыр.

Газетттің хабарлауынша, атақты дизайнер қай қаламен жұмыс істесе де алдымен жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге арналған жолдарды кіріктіруді қарастырады. Мәселен, биыл оны Мәскеу мэрі шақырып, қаптаған машиналардың легінен құтқаруды сұраған.

Адамзат баласына игілігін тигізіп жүрген атақты дизайнердің арқасында қазір Копенгаген тұрғындарының үштен бірінен астамы велосипедпен, каргобайкалармен (алдына бала салып жүретін велосипед сияқты көлік) жүреді. Ян Гейлдің арқасында Еуропада жаяу жүргіншілер жүретін ең ұзын Стрегет көшесі пайда болған. Сол сияқты өмір сүру деңгейі жағынан әлемдегі ең үздік 10 қаланың қатарына кіретін 6 қалада Ян Гейлдің үлесі бар.

Сонымен, танымал Ян Гейл Алматыда қала дизайны бойынша дәріс оқыды. Қала дизайнын жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге лайықтап жасау жөнінде оның оқыған дәрісіне Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қатысып, мұндай мүмкіндікті, дизайнерлер, архитекторлар, жобалау ұйымдарының басшылары, жоғары оқу орындарының студенттері де жіберген жоқ.

«Сіздердің қалаларыңыз барынша жасыл, ағаштары көп, көшелеріңіз кең екен. Бұл тротуарларды, велосипед, трамвай жолдарын, автомобиль қозғалысын сыйдыруға мүмкіндік береді. Қала келбетін өзгертуде мүмкіндіктеріңіз өте мол. Көлік құрылымын теңестіруге әбден болады», дейді Ян Гейл.

Өз кезегінде Алматы әкімі мегаполисте көлік кептелісін азайтуда қыруар жұмыстар атқарылып жатқандығын, велосипедті ұтымды пайдалану ісі кеңінен насихатталуда екендігін жеткізді. Мысалы, соңғы бес жыл ішінде велосипед сату қалада 6 есе ұлғайған, оны жөндейтін шеберханалар да пайда болуда. Алматы тұжырымдамасында жерасты паркингтеріне, муниципалды көлікке үлкен мән берілуде.

«1600 автобустың тең жартысы муниципиалдікі әрі газбен жұмыс істейді. Бұдан өзге біз 195 жаңа троллейбус сатып алдық, метрополитеннің жаңа стансаларын салудамыз, ЖРТ-тің жобасы да қолға алынуда. Қоғамдық көліктің жұмысын ретке келтірген соң кейбір көшелерде жеңіл автомобильдерге шектеу қойылады. Сөйтіп, біз жаяу жүргінші мен велосипедшілерге кең жол ашатын боламыз. Алматыда соңғы жылдары велошеру жиі өтіп келеді, мен өзім айтып өткендей, велосипед спорт болумен қатар, қозғалыс көлігі», - деді Ахметжан Есімов.

Шара соңында Алматы әкімі Ахметжан Есімов пен дизайнер Ян Гейл әлемнің ірі қалаларында көлікке қатысты жүзеге асқан озық идеялардың Алматыда да қолға алынуы үшін бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.

***

Қараша айының соңында Алматыда Toyota сауда белгісіне тиесілі қосалқы бөлшектерді сатумен айналысатын отыздан астам дүкен жабылып қалды. Бұған «БМФ Груп» (Toyota motor Corporation өкілі) ЖШС-нің хаты түрткі болды. Бұл туралы «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Жапон бөлшектері неге шектелді?» деген мақалада айтылады.

Басылымның жазуынша, хатта құқық иеленушінің рұқсатынсыз Toyota тауар белгісін пайдалануға, сатуға және сақтауға тыйым салынған. Бұған интеллектуалдық меншік құқықтарын пайдалану саласындағы заңдардың солқылдақтығы мен ондағы қарама-қайшылықтар себеп. Танымал сауда белгілерінің құқық иеленушілері осыны барынша пайдаланып, нарықты монополияландыруға күш салып жатыр.

Қазақстандық кәсіпкерлердің басым бөлігі Ресей мен Белоруссия бизнесмендерімен жоғарыда көрсетілген тауарларды жеткізу туралы келісімшарт бекіткен. Бірақ, оның бағасы КО БЭК құрамына кірмейтін үшінші мемлекеттердің тауарларымен салыстырғанда 15-50 пайыз қымбат. Қазақстандықтарды мұндай әрекетке ТМК тарапынан қойылған шектеулер итермеледі. Бұрын кәсіпкерлер тауар жеткізіп беретін компанияны өз қалауынша таңдап алатын және тұтынушыларға бағасы арзан өнімдер ұсынып келді. Кеден одағына мүше мемлекеттердің жергілікті заңдарын қолданудағы қайшылықтардың кесірінен біздің бизнесмендер валютаны көрші елдердің экономикасына инвестициялап отыр. Біз оларды сұраныспен қамтамасыз етеміз, нәтижесінде өз қолымызбен ресейліктер мен белорустықтарға жұмыс орындарын ашып береміз. Ал, өз елімізде күн сайын отандық кәсіпкерлердің бизнесі жабылып, қосалқы бөлшектер бағасы шарықтап жатыр. Бұл өз кезегінде ел экономикасына кері әсер етуде.

Сапалы (түпнұсқа) қосалқы бөлшектерді жеткізуші компаниялар ТМК тарапынан қойылған шектеулер мен қосалқы бөлшектерді сатып алу географиясының өзгергеніне қарамастан жұмысты жалғастырып келді. Контрафактілік, соның ішінде, сапасы нашар жасанды өнімдермен күресті желеу еткен БМФ-групп интеллектуалдық меншік саласындағы заңдардың солқылдақтығын, қалыптасқан сот тәжірибесінің жоқтығын пайдаланып отыр. 2 жылдан бері өздері құқық иленуші болып табылатын сауда белгісін сатуды шектеу арқылы шағын және орта бизнеске қысым көрсетуде.

Toyota сауда белгісінің азаматтық айналымға енгізілген тауарларын адал ақшасына сатып алатын кәсіпкерлердің бірқатары Тойота таңбасын заңсыз пайдаланды деп сотқа тартылды. Ал, соттар интеллектуалдық меншік мәселелеріне қатысты істерді қарағанда тауарлардың заңды айналымға енгізілу фактісін, кәсіпкерлердің тауарды адал сатып алғанын және сақтағанын, сауда белгісі иесінің тауарға заңды таңба басқанын ескермейді. Керісінше, құқық иеленушіні жақтап, кәсіпкерлерді айыптауға көшеді. Осылайша, қарама-қайшылыққа толы сот тартыстарын тудырған БМФ тәуелсіз жеткізуші компаниялардың бизнесінің жабылуына негіз қалап береді.

Шектеу қойылуына байланысты еліміз бойынша мыңдаған жеке кәсіпкер сауда белгісі таңбаланған сапалы қосалқы бөлшектерді әкелуді тоқтатты. Рынокты сапасыз тауармен еріксіз толтырды. Себебі, Бренд тауарлар Әділет министрлігі Кедендік бақылау комитетінің интеллектуалдық меншік реестріне енгізілді және ол құқық иеленушінің рұқсатынсыз айналымға шығарылмайды. Тауар белгісімен таңбаланған өнімдерді әкелуге қойылған шектеулер кедендік шекараны заңсыз кесіп өту тәсілдерінің артуына ықпал етіп, көлеңкелі бизнестің қалыптасуына негіз болады. Сөйтіп, бюджетке түсетін міндетті алым-салықтардың қысқаруына және мемлекеттік қызметкерлер арасында жемқорлық заң бұзушылықтардың көбеюіне әкеп соқтырады.

Бізді елдегі кәсіпкерлердің басым бөлігі, яғни, Қазақстан бойынша 30 мыңнан астам адам қолдап отыр. Осыған орай, үкімет мүшелері мен парламент депутаттарынан интеллектуалдық меншік саласындағы қарым-қатынастарды реттейтін заң актілеріне өзгерістер енгізіп, Қазақстан аумағына тауарларды сауда белгісі иесінің келісімінсіз импорттауға рұқсат беруді өтінеміз. Біздің ойымызша, ТМК-ның әрекетінен алдағы уақытта өзге тауар белгілерін иеленушілер де үлгі алуы мүмкін. Салдарынан халықтық тұтыну тауарларының едәуір бөлігі монополияланып шыға келеді. Мұның бәрі түптеп келгенде тұтынушыға кері әсер етпек. Еліміз дамуының қазіргі сатысында параллельді импортты заңдастыру арқылы адал бәсекелестікті дамытуға, тауарлар мен қызметтер бағасын төмендетуге, мыңдаған азаматты қосымша жұмыспен қамтуға мүмкіндік туғызуға болады. Бұл бюджетке тұрақты пайда түсуін қамтамасыз етіп, тәуелсіз Қазақстан азаматтарының Конституцияда көрсетілген таңдау құқығын пайдалануына мүмкіндік береді, дейді басылым.

Жетпіс жыл өмір сүрген қызыл империя ақырында тоз-тозы шығып, шаңырағы опырылып түскен. Орнына әрқайсысының жеке шекарасы, ұлттық қаржысы, армиясы бар он бес тәуелсіз республика бой көтерді.

Олар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) деп аталатын одақ құруға ұмтылған. Қысқасы, ТМД-ның қабырғасы 1991 жылы сол кездегі Қазақстанның астанасы Алматыда қаланғаны белгілі, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «ТМД-ны не түлен түртті?» деген мақаласында.

Басылымның атап өтуінше, жыл сайын мемлекет басшыларының саммиті өтіп, мемлекетаралық белгілі бір құжаттарға қол қойылғанымен, ТМД Еуроодақтай, не болмаса, Оңтүстік Шығыс Азия, Латын Америкасындағы ондаған мемлекеттердің басын қосып отырған іргелі ұйымдардай жасампаздық деңгейге жете алмады. Одан тыс Достастықтың шаңырағын шайқалтып өткен «түрлі-түсті» төңкерісті де ұмытуға болмайды. Тәуелсіздігін баянды етпей жатып, кейбір республикаларда азамат соғысы, мемлекетаралық қақтығыстар бұрқ ете түсті. Айта кететін болсақ, Тәжікстандағы 100 мыңға тарта адамның басын жалмаған оңтүстік, солтүстік соғысы, Таулы Қарабақ үшін Әзірбайжан мен Армения арасындағы қанды қақтығыс, Грузиядағы Аджария, Абхазия, Оңтүстік Осетия соғыстары, Молдованың қақ бөлінуі, ұлтаралық қырғыз бен өзбек жанжалы, Әндіжандағы өзбектердің көтерілісi, т.б. Әсіресе, «түрлі-түсті төңкеріс» деген атпен қалған Грузиядағы, Украинадағы, Қырғызстандағы мемлекеттік төңкерістер жалпы ТМД елдерін үркітіп-ақ тастады. Мәселен, 2003 жылғы қарашадағы Грузиядағы «раушан гүлі», 2004 жылғы қараша-желтоқсандағы Украинадағы «қызғылт-сары», 2005 жылғы наурыздағы Қырғызстандағы «қызғалдақ» төңкерістері ТМД елдеріне өзгеше леп әкелді. Билікке батысшыл, яғни еуроатланттық көзқарастағы басшыларды шығарды. Олар басында Ресей тұрған ТМД-дан гөрі Батысқа көбірек ден қойды. Бірақ 2010 жылы жаңа мемлекеттік төңкеріс кезінде қырғыз билігінен Құрманбек Бакиев тайдырылды. Сол жылы Украинада өткен президент сайлауында Виктор Ющенко орнынан кетті. Биыл Грузия билігінің тізгін-шылбырын қолға ұстаған Михаил Саакашвилидің басынан бақ, астынан тақ тайды. Осылайша Батыстың қолдауымен таққа мінген еуропашыл басшылар «түрлі-түсті революция» шырғалаңдарын өздерімен бірге ала кетті. ТМД шеңберіндегі аласапыран осымен біткен сияқты көрінген. Бірақ олай емес екен. Қарашаның соңғы күндері дау Украинада тағы бұрқ ете түсті. Қазір ол елдегі жағдай күн санап ушығып барады. Рас, алғашында көшеге шыққан наразы топтың шеруі бейбіт түрде басталған. Алға қойған мақсаттары айқын еді. Ол - қалайда Еуроодақпен арада болатын келісімге қол қою, визасыз жүріп тұру, сауда-саттықта біршама жеңілдіктер алу, еркін сауда аймақтарын құру мәселесі-тұғын. Бір қарағанда бәрі дұрыс, бәрі оңды көрінген. Тіпті басында Янукович тұрған биліктің өзі бір жарым жыл осы мәселені алға тартып, халықтың көңілін аулады. Енді келіп, сол құжатқа қол қоюға бір апта қалғанда билік бағытын 180 градусқа өзгертіп, өзгеше сайрап шыға келді. Ал 30 қараша күнгі қанды оқиға, яғни арнаулы жасақтың алаңдағы халықты аяусыз ұрып соғуы, оқиғаның аяқасты мақсатын өзгертіп жіберді. Енді ашу-ызаға булыққан жұрт тек «Еуроодақпен бірігейік деп қана емес, президент пен үкімет орнынан кетсін» деген қатаң талап қойды. Ереуілшілер саны бір миллионға тақады. Бұл оңай күш емес. Шеру Украинаның көптеген қалаларын қамтыды. Әсіресе, Батыс аймақтар ерекше белсенділік танытуда. Үкімет басы Азаров пен президент Янукович тығырыққа тірелді. Билікте дағдарыс басталды. Шерушілерді қуып тарату, елге төтенше жағдай енгізу мәселелері де қаралды. Бірақ жағдай бұдан да ушығып кететінін түсінген билік бұл нұсқаларды кейінге қалдырғанға ұқсайды. Желтоқсанның 3-і күні өткен Раданың отырысында үкіметке сенімсіздік таныту, орнынан кетіру мәселесі көтерілді. Бірақ дауыс беру кезінде Рададағы оппозициялық күштердің дауысы (Үкіметті кетіру үшін 226 дауыс керек еді. Бірақ оппозиция 196 дауыс қана жинай алды) жетпеді. Азаров үкіметі орнында қалды. Үкімет басы жедел Еуроодақпен де, Ресеймен де келісім жүргізілетінін мәлімдеді. Бірақ Еуроодақ Украина билігінің бұл ұсынысын кейінге қалдыратынын хабарлады. Демек, ресми Киев енді басты назарды Мәскеумен қарым-қатынасқа аудармақ. Бірақ көшеге шыққан халықтың қарқыны қатты. Осыған қарап-ақ, Украина билігі шатқаяқтап тұрғанын аңғаруға болады. Яғни әупірімдеп, әзірге билік тізгінін ұстап қалғанымен, қыр астында президент сайлауы келе жатыр. Дәл сол сайлаудан Януковичтің сүрінбей өтуі екіталай.

Жарайды, әбден саясиланған украин халқының тірлігі өз алдына дейік, кеше Ресей президенті Путин Арменияға сапарлап барып қайтты. Мақсат - Ереванды өз жағына тарту, яғни Кедендік одаққа мүше ету. Қара көбейту. Путин үйіп-төгіп уәде берді. Ресми Ереван келіскенімен, оппозиция өре түрегелді. Олар «Тәуелсіз Армения», «Путин үйіңе қайт» деп айқайлады. Бірнеше жүз адам шеруге шықты. Өйткені Армения да Еуроодақпен ынтымақтастық жайлы келісімге қол қоюға тиісті елдердің бірі еді. Бірақ Ресей алдында саяси және экономика саласында өте тәуелді. Содан болар, Путиннің ыңғайына пейіл танытты. Десек те, ресми Ереван Мәскеуге қарсы уәж айтпағанымен, халық таңдауы басқа. Демек, Арменияда да алдағы уақытта үлкен бір дауылдың дүбірі сезілетін сынды.

Саяси дүбір тәуелсіздік алғалы бері 24 үкімет, 4 президент ауыстырған қырғыз елінде де естіледі. Қазір айырқалпақтылардың оңтүстік астанасы болып есептелетін Ош шаһарында да тірлік оңып тұрған жоқ. Мұнда 20 қараша күні қамауға алынған оппозициядағы депутат Ахметбек Келдібековті босату үшін оның жақтастары шерулетіп жатыр. «Егер де оны босатпайтын болса, алдымен біз Ош, Жалал-Абад облыстық әкімшіліктерін басып аламыз, Оңтүстікті толықтай өзімізге қаратып, Бішкекке барамыз. Билікті өз қолымызға аламыз» деген ұрандар тастауда. Мұның арты немен тынбақ? Болжам айту қиын. Десек те, 2005 және 2010 жылы болған мемлекеттік төңкерістердің өзі осындай ұсақ-түйектен бастау алғаны белгілі. Төңкеріс жасауда қазір қырғыздардың тәжірибесі жеткілікті. Бір қызығы, Украинада анадай жағдай болып жатқанда Батыс Қазақстанға Еуроодақпен ассоциация туралы келісімге келуге ұсыныс жасады. Яғни серіктестік және ынтымақтастық келісімі. Бірақ бұған ресми Астана не демек? Бұл ұсыныстың астарында не жатыр?

...Сұрақ көп.