ТМҰ Бас хатшысы: Түркі интеграциясы қосымша мүмкіндік емес, қажеттілікке айналып келеді

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Түркі мемлекеттері ұйымының ресми құрылғанына 5 жыл толып отыр. Түркістандағы бейресми саммит алдында ұйымның Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев Kazinform тілшісіне берген жазбаша сұхбатта алғашқы бесжылдық қандай жетістіктермен түйінделіп жатқанын айтты.

Фото: ТМҰ

Ұйымға мүше елдердің жиынтық ЖІӨ-сі 2,4 трлн долларға жетті

- Кубанычбек Қасымұлы, Түркі мемлекеттері ұйымы құрылған күнінен бері өңірлік және жаһандық деңгейде қандай нақты нәтижелерге қол жеткізді деп ойлайсыз? Кеңес форматынан толыққанды ұйымға айналуы интеграциялық үдерістерге қандай сапалық өзгерістер әкелді?

- Түркі интеграциясы 2009 жылғы Нахчыван келісімінен бастап, тұжырымдамалық деңгейден толыққанды халықаралық ұйым деңгейіне көтерілді. Әрине, бұл үдерістегі маңызды бетбұрыстардың бірі 2019 жылғы Баку саммиті болды. Сол кезде Қазақстан Кеңесті Ұйымға айналдыру бастамасын көтеріп, «Түркі әлемінің келешегі–2040» стратегиялық құжатын қабылдауды ұсынды. Кейін бұл бастамалар 2021 жылғы Ыстанбұл саммитінде ресми түрде бекітіліп, институционалдық негізді күшейтті және жүйелі әрі ұзақмерзімді ынтымақтастыққа жол ашты.

Бүгінде ТМҰ экономика, сауда, ауыл шаруашылығы, көлік, туризм, білім, ғылым, мәдениет, цифрлық экономика, жасыл энергетика, тіпті ғарыш саласын қоса алғанда, шамамен 60 бағытты қамтиды. Яғни ынтымақтастық шын мәнінде жан-жақты сипат алды.

Ұйым аумағында шамамен 175 миллион адам өмір сүреді, ал жалпы ішкі өнім көлемі 2,4 триллион АҚШ долларынан асады. Мүше мемлекеттер және бақылаушылар арасындағы экономикалық байланыстардың нығайып, өзара сауданың артып келе жатқанын да көріп отырмыз.

Біз декларациялық мәлімдемелерден нақты нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Қазір Түркі инвестициялық қоры, Сауданы жеңілдету комитеті және «TURAN» арнайы экономикалық аймағы сияқты нақты тетіктер бар. Олар қазірдің өзінде нақты жобалар мен іскерлік ынтымақтастықты қолдап отыр. Сонымен қатар Қазақстан Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағының (ТСӨПО) төрағасы ретінде бұл құрылымды тиісті деңгейде институттандыру және оның тиімділігін арттыру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

Қызметтердің қайталануына жол бермеу және тиімділікті арттыру үшін Қазақстан Түркі ынтымақтастық ұйымдарының үйлестіру комитетін құру бастамасын да көтерді.

Көлік саласында Орта дәлізді дамыту Азия мен Еуропа арасындағы байланысты күшейтіп жатыр. Ал e-TIR сияқты цифрлық шешімдер шекарадан өту рәсімдерін жеңілдетіп, жеделдетуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге біз цифрландыру және қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықты да нығайтып келеміз. Бұған Цифрлық экономика саласындағы әріптестік туралы келісім және төтенше жағдайларға бірлесіп ден қоюды тиімді үйлестіруге арналған Азаматтық қорғау тетігінің құрылуы дәлел бола алады.

Білім, мәдениет және туризм сияқты бағыттарда да тұрақты ілгерілеу бар. Бұл салалар халықтар арасындағы байланысты нығайтуда маңызды рөл атқарады. «Заманауи Жібек жолы», «Табаррук зиярат», «Түркі әлемінің туристік астанасы» жобалары, сондай-ақ Түркі шаңғы курорттары одағы өңірдің танымалдығын арттырып, елдеріміз арасындағы байланысты күшейтуге ықпал етеді. 180-нен астам университетті біріктіретін «TURKUNIB» сияқты платформалар академиялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетіп отыр. Осы ретте аталған платформадағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің белсенді рөлін ерекше атап өткім келеді.

15 мамырда Түркістан қаласында «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбымен өтетін ТМҰ мемлекет басшыларының Бейресми саммиті инновация, цифрлық трансформация және жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтады деп күтіледі.

Түркі мемлекеттері арасындағы саяси және қауіпсіздік салаларындағы үйлестіру мен ынтымақтастықтың жылдан жылға нығайып келеді. Өңірлік және жаһандық үдерістердің ықпалымен түркі мемлекеттері өздеріне әсер етуі мүмкін жаңа тәуекелдер мен сын-қатерлерге ортақ ұстаным қалыптастыру үшін ішкі консультация тетіктерін күшейтті. Осы тұрғыда «Түркі әлемінің келешегі – 2040» тұжырымдамасы, ТМҰ стратегиясы, Астана актісі және Түркі әлемінің жарғысы секілді жоғары деңгейдегі стратегиялық құжаттар Ұйымның негізгі бағыт-бағдарын айқындайтын басты құжаттар ретінде қабылданды. Сонымен қатар, ТМҰ елдері саяси ынтымақ пен өзара жақындықты нығайтуға бағытталған маңызды халықаралық келісімдерге қол қойды.

Мен ерекше тоқталғым келетін тағы бір маңызды саяси жетістік бар. ТМҰ саммиттерінің арқасында ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары Түркі әлеміне қатысты өзекті мәселелер бойынша тұрақты консультациялар өткізуге мүмкіндік алып отыр. Соның нәтижесінде өзара сенім мен ынтымақтастық бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Бұл бауырлас түркі мемлекеттері арасындағы қарым-қатынастарда жаңа кезеңнің басталуына жол ашты. ТМҰ Түркі әлемінің ортақ болашағына деген сенім мен рухты нығайтты.

Жалпы алғанда, менің ойымша, басты өзгеріс – ТМҰ-ның жай ғана диалог алаңы деңгейінен асып түсуінде. Бүгінде ол өңірлік және халықаралық маңызы артып келе жатқан, нақты жұмыс істейтін интеграциялық құрылымға айналды. Тарихта тұңғыш рет түркі мемлекеттері өз құндылықтары мен бірегей болмысына негізделген халықаралық ұйым құрды.

- Түркістандағы Бейресми саммитке тоқталдыңыз. Саммит барысында қандай негізгі шешімдер немесе бастамалар келісіліп, қабылдануы мүмкін?

- Жоғарыда атап өткенімдей, Түркістанда өтетін алдағы Бейресми саммит ТМҰ аясындағы ортақ басымдықтарымызды одан әрі ілгерілетуге маңызды мүмкіндік береді.

Саммит мүше мемлекеттер арасындағы ортақ ұстанымды нығайтуға ықпал етіп, оның қорытындысы бойынша Түркістан декларациясы, сондай-ақ өзара мүдде тоғысатын негізгі бағыттардағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған басқа да шешімдер қабылданады деп күтеміз.

Биылғы саммиттің жасанды интеллект пен цифрлық трансформацияға арналуы бұл мәселелердің инклюзивті экономикалық даму, тиімді басқару және халықаралық ынтымақтастық үшін маңызы артып келе жатқанын көрсетеді.

Саммит 2025 жылғы қазанда өткен Габала саммитінен бері қол жеткізілген нәтижелерді саралауға, сондай-ақ жоғары деңгейде қабылданған шешімдерді тиімді іске асыруға деген ортақ ұстанымымызды қайта қуаттауға мүмкіндік береді.

Жалпы, Саммит стратегиялық диалогті ілгерілетіп қана қоймай, нақты нәтижеге бағытталған практикалық бастамаларға да серпін береді деп күтіледі. Ол ТМҰ-ның институционалдық тиімділігін одан әрі күшейтіп, өзара байланысы арта түскен әрі қарқынды өзгеріп жатқан жаһандық ортада Ұйымның диалог, үйлестіру және ынтымақтастықтың серпінді алаңы ретіндегі рөлін нығайта түседі.

Фото: ТМҰ

Түркі инвестициялық қорында 600 млн доллар айналып жатыр

- Бүгінде ТМҰ-ның басты артықшылығы неде? Ол мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық па, әлде экономикалық және саяси ынтымақтастық па?

- Мен бұл екі бағытты бір-бірінен бөліп қарамас едім. Шын мәнінде, Түркі мемлекеттері ұйымының басты артықшылығы осы екі өлшемді бірегей әрі өзара толықтыратын сипатта ұштастыра алуында.

Бір жағынан, ТМҰ берік мәдени-гуманитарлық негізге сүйенеді. Мүше мемлекеттерімізді ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи байланыстар, ортақ тілдік тамырлар және терең мәдени жақындық біріктіреді. Бұл тек мүдделер тоғысуынан туған байланыс емес, бауырластық сезімі мен ортақ болмысқа негізделген қарым-қатынас. Осы тұрғыда ТҮРКСОЙ, Түркі академиясы және Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры сияқты мамандандырылған түркі ынтымақтастық институттары ортақ мұрамызды сақтауда, академиялық және мәдени ынтымақтастықты дамытуда, сондай-ақ халықтар арасындағы байланысты нығайтуда маңызды рөл атқарады.

Екінші жағынан, осы терең тарихи сенім экономикалық және саяси ынтымақтастығымыздың тиімділігін айтарлықтай арттырады. Ол елдерімізге неғұрлым үйлесімді әрекет етуге мүмкіндік беріп, шешім қабылдау үдерістерін және негізгі бағыттардағы бірлескен бастамаларды іске асыруды жеңілдетеді.

Сондықтан ТМҰ-ны шын мәнінде ерекшелендіретін нәрсе оның қос сипаты. Ол прагматикалық ынтымақтастық алаңы ғана емес, сонымен бірге ортақ құндылықтар мен ортақ болмысқа сүйенген қауымдастық. Дәл осы үйлесім біздің интеграциямызды табиғи, орнықты және өміршең етеді.

Барлық мүше мемлекеттерде ТМҰ-ға деген шынайы әрі берік қоғамдық қолдаудың бар екенін сезінуге болады. Бұл Ұйымды өңірлік деңгейдегі айрықша құрылымға айналдырады.

Қазіргі өзгермелі геосаяси жағдайда ТМҰ Шығыс пен Батыстың тоғысқан тұсында жайғасқандықтан экономикалық тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да ерекше маңызы бар ұйым болып тұр. Ол өңірлерді, нарықтар мен мәдениеттерді жалғайтын көпір қызметін атқарып, диалогке, тұрақтылық пен ортақ өркендеуге жол ашады.

Осы тұрғыдан алғанда, ТМҰ барған сайын тек мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың тетігі ғана емес, өз аумағынан кеңірек ауқымдағы бейбітшілік, тұрақтылық және сындарлы өзара іс-қимыл көзі ретінде де қалыптасып келеді.

- ТМҰ аясында құрылған Түркі инвестициялық қорының (ТИҚ) қазіргі бюджеті қандай? Қорды қалыптастыруға қай елдер ең көп үлес қосты?

- Қордың жарғылық капиталы қазіргі таңда 600 миллион АҚШ долларына жетті. Бастапқыда оның көлемі 500 миллион АҚШ доллары болып белгіленген еді, кейін Мажарстанның осы Қорға қосылуына байланысты 600 миллион АҚШ долларына дейін ұлғайтылды. Барлық мүше мемлекеттер Қорды қалыптастыруға келісілген әрі теңгерімді негізде үлес қосады. Бұл Ұйым аясындағы тең әріптестік қағидатын көрсетеді.

Қор экономикалық өсімді ілгерілетуге, өзара байланысты күшейтуге және өңірлік бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағытталған стратегиялық жобаларды қаржыландыруға басымдық береді. Қорға құрылтайшы елдер негізгі бағыт ретінде шағын және орта бизнес, цифрлық және физикалық инфрақұрылым, жаңартылатын энергия, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, трансшекаралық сауда және туризм салаларын белгіледі.

- Түркі мемлекеттері арасында визасыз режимді кеңейту немесе еңбек көші-қоны үшін еркін жүріп-тұру тәртібін енгізу мәселесі қарастырылып жатыр ма? Жалпы, бұл қаншалықты мүмкін? Мүше мемлекеттердің азаматтары басқа мүше елдердің аумағында еркін жұмыс істей алуы үшін қандай бастамалар қарастырылып жатыр?

- Түркі мемлекеттері азаматтарының жүріп-тұруын жеңілдету біздің кең ауқымды интеграциялық күн тәртібіміздің маңызды әрі табиғи бөлігі. Бұл Түркі әлемінде өзара байланысы күшейген, адамға бағдарланған ортақ кеңістік қалыптастыру жөніндегі ұзақмерзімді пайымымызды көрсетеді.

Осы тұрғыда біз Turkic ID жобасы бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл - мүше мемлекеттер азаматтарына шекарадан өтудің кейбір рәсімдері кезінде паспорттың орнына ұлттық жеке куәлікті пайдалануға мүмкіндік беруді көздейтін маңызды бастама. Мұндай қадам сапарларды едәуір жеңілдетіп, азаматтардың қоныс аудару мүмкіндігін кеңейтеді және халықтар арасындағы байланысты одан әрі нығайтады.

Іс жүзінде бұл тұжырымдама мүлде жаңа емес. Мұндай тетіктер екіжақты форматта қазірдің өзінде бар. Мысалы, Әзербайжан мен Түркия, Қырғызстан мен Қазақстан, сондай-ақ Қырғызстан мен Өзбекстан арасында осындай тәжірибе қолданылады. Түркияның бірқатар ел азаматтарын ұлттық жеке куәлікпен қабылдау тәжірибесі де пайдалы үлгі бола алады.

Бұл бастаманың ықпалы азаматтардың жүріп-тұруын жеңілдетумен ғана шектелмейді. Ол туризмді дамытуға, соның ішінде ТМҰ аясындағы мәдени бағыттар мен жобаларды ілгерілетуге, көлік байланысы мен өзара жалғанымды күшейтуге, сондай-ақ өңіріміздегі академиялық, іскерлік және әлеуметтік алмасуларды кеңейтуге серпін бере алады.

Сонымен қатар азаматтардың жүріп-тұруы мен еңбек саласындағы ынтымақтастық әлеуметтік саясат және еңбек нарығын дамыту бағытындағы кең ауқымды жұмысымызбен тығыз байланысты. ТМҰ мүше мемлекеттер арасында инклюзивті, орнықты және тұрақты еңбек әрі әлеуметтік қорғау жүйелерін қалыптастыру үшін үйлестіруді күшейтуге белсенді түрде ықпал етіп келеді.

Осы ретте былтыр өткен ТМҰ Еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау министрлері кездесуінің қорытындылары алдағы ынтымақтастық үшін маңызды негіз қалады.

Біздің күш-жігеріміз жұмыспен қамту саясаты мен еңбек нарығын дамыту саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге, біліктілік пен дағдыларды өзара тануды ілгерілетуге, жұмыс күшінің жүріп-тұруын кезең-кезеңімен әрі жүйелі түрде қолдауға, сондай-ақ мүше мемлекеттердегі әлеуметтік қорғау жүйелерін нығайтуға бағытталған.

Жалпы алғанда, біз жай ғана сапар жасауды жеңілдетіп отырған жоқпыз. Біз жүріп-тұру мүмкіндігі, еңбек ету мүмкіндіктері және әлеуметтік қорғау жүйелері бірін-бірі толықтыра отырып дамитын неғұрлым тұтас адами кеңістік қалыптастырып жатырмыз. Бұл Түркі әлеміндегі интеграцияны тереңдетуге және ортақ өркендеуге үлес қосады.

Фото: ТМҰ

- Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда және Азия мен Еуропа арасындағы балама бағыттардың маңызы артып отырған кезеңде ТМҰ мүше мемлекеттері Орта дәлізді одан әрі дамыту және көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты тереңдету үшін қандай қадамдар жасап жатыр?

- Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Орта дәліздің маңызы едәуір артты. Көршілес өңірлердегі жалғасып жатқан қақтығыстар дәстүрлі көлік бағыттарына теріс әсер етіп, жаһандық жеткізу тізбектеріне қосымша тәуекелдер туғызып отыр және Азия мен Еуропа арасындағы сенімді, тұрақты әрі әртараптандырылған көлік желілеріне деген сұранысты күшейте түсті.

Осы жағдай аясында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер Орта дәлізді одан әрі дамытуға және көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асырып жатыр. Бүгінде Орта дәліз Шығыс пен Батыс арасындағы балама бағыт қана емес, көлік байланысының тұрақтылығын, экономикалық өзара тәуелділікті және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін стратегиялық көпір ретінде қарастырылып отыр.

Соңғы жылдары ТМҰ мүше мемлекеттері көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, Каспий теңізі порттарының өткізу қабілетін кеңейтуге, теміржол бағыттары мен мультимодальды тасымалдарды дамытуға белсенді түрде инвестиция салып келеді. Атап айтқанда, Баку–Тбилиси–Карс теміржол желісі транзиттік тасымал көлемінің өсуіне ықпал етіп, жүк жеткізу мерзімін айтарлықтай қысқарту арқылы өзінің тиімділігін дәлелдеді.

Сондай-ақ Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан теміржол жобасы жүзеге асырылды. Бұл жоба Орта дәлізге тікелей қосылуды қамтамасыз етіп, сауда, транзит және өңірлік интеграция үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Зангезур дәлізін дамыту мен Карс–Ығдыр–Аралық–Дилучу теміржол желісінің құрылысы да стратегиялық маңызға ие. Себебі бұл жобалар қосымша транзиттік мүмкіндіктер қалыптастырып, Орта дәліздің жаһандық көлік архитектурасындағы орнын одан әрі нығайтады.

Айта кету керек, 2025 жылы Орта дәліз арқылы тасымалданған жүк көлемі 62 пайыз артып, 2023 жылғы 2,7 миллион тоннамен салыстырғанда 4,7 миллион тоннаға жетті. Қазір жүзеге асырылып жатқан шаралар 2030 жылға қарай дәліздің өткізу қабілетін жылына 10 миллион тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді деген жоспар бар.

Инфрақұрылымды дамытумен қатар, көлік және кеден рәсімдерін жеңілдету мен цифрландыруға ерекше назар аударылып отыр.

e-Permit жүйесі ТМҰ шеңберінде сәтті жүзеге асырылып келеді. Ал e-TIR жүйесін енгізу жұмыстары мүше мемлекеттердің кеден әкімшіліктерімен тығыз ынтымақтастықта жүргізілуде. Биылғы ақпан айында Женевада ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің кеден әкімшіліктері басшыларының e-TIR жүйесін енгізуді ілгерілетуге арналған кезектен тыс кездесуі табысты өтті.

e-CMR саласында да маңызды ілгерілеу байқалып отыр. Қазір жоба Әзербайжан мен Түркия арасында пилоттық сынақтан өтіп жатыр. Сәтті болса, жүйені ТМҰ мүше мемлекеттері арасында кеңінен енгізуге болады. Биыл сәуір айында Бішкекте өткен ТМҰ Көлік министрлері кездесуінің қорытындысы бойынша e-CMR жүйесін енгізу туралы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Бұдан бөлек, ТМҰ мүше мемлекеттері бірлескен логистикалық орталықтар, терминалдар және көлік-логистика компанияларын құруға ерекше мән береді.

Осы шаралардың барлығы Орта дәлізді Азия мен Еуропа арасындағы ең тиімді, қауіпсіз және бәсекеге қабілетті құрлықаралық бағыттардың біріне айналдыруға бағытталған.

Түркі интеграциясы ТМҰ форматы арқылы да нығайтылады

- Қауіпсіздік мәселелері ТМҰ аясында қаншалықты институционалдандырылып жатыр деп ойлайсыз?

- 2025 жылғы қазанда Габалада өткен соңғы тұрақты ТМҰ Саммитінің «Өңірлік бейбітшілік және қауіпсіздік» тақырыбына арналуы – ТМҰ аясындағы осы өзгерістің айқын көрінісі.

Шынында да, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық «Түркі әлемінің келешегі – 2040» тұжырымдамасы мен ТМҰ-ның 2022-2026 жылдарға арналған стратегиясы секілді негізгі стратегиялық құжаттарда нақты көрініс тапқан. Бұл құжаттар саяси және қауіпсіздік мәселелері бойынша үйлестіруді күшейтудің маңызын ерекше атап өтеді. Соңғы жылдары ТМҰ осы мақсатты қолдау үшін бірқатар практикалық тетіктерді қалыптастырды. Үкімет басшылары немесе вице-президенттер, сыртқы істер министрлері, президенттердің сыртқы саясат жөніндегі кеңесшілері және министр орынбасарлары деңгейіндегі тұрақты кездесулер ортақ мүдделерге әсер ететін өзекті мәселелер төңірегінде үздіксіз диалог пен үйлестіру жұмыстарын жүргізіп отыр.

Бұл бағыттағы ынтымақтастық Ұлттық қауіпсіздік кеңестері, Қорғаныс өнеркәсібі мекемелері және арнайы қызметтердің кездесулері секілді мамандандырылған форматтар арқылы да дамып келеді. Аталған алаңдар мүше мемлекеттерге өңірлік және жаһандық қауіпсіздік мәселелері бойынша пікір алмасуға, ортақ сын-қатерлерге қатысты ұстанымдарын біртіндеп үйлестіруге мүмкіндік береді. ТМҰ әскери одақ болмаса да, бұл қадамдар қауіпсіздік саласындағы неғұрлым құрылымдалған диалогтің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Бұл үрдістің айқын белгісі Габала декларациясында көрініс тапты. Онда мүше мемлекеттер қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайту ниеттерін растады.

Осы кең ауқымды үдерісте киберқауіпсіздік ынтымақтастықтың барған сайын маңызды бағытына айналуда. Цифрландыру жеделдеген шақта киберқауіпсіздік ұлттық қауіпсіздіктің, экономикалық тұрақтылық пен өңірлік орнықтылықтың негізгі тіректерінің біріне айналып отыр. Осы тұрғыда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ТМҰ аясында Киберқауіпсіздік кеңесін құру жөніндегі бастамасы уақтылы әрі аса өзекті болды. Қазір біз ТМҰ елдері арасындағы Киберқауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы тиісті меморандумды аяқтап, Киберқауіпсіздік кеңесін мүмкіндігінше тезірек құру бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Соңғы бастамалар бұл серпінді одан әрі айқындай түсуде. Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің түркі мемлекеттері арасындағы бірлікті, соның ішінде қорғаныс және әскери-техникалық ынтымақтастықты тереңдету арқылы нығайту жөніндегі ұсынысы болашақтағы неғұрлым ауқымды бағытты көрсетеді. Оның 2026 жылы Әзербайжанда бірлескен әскери жаттығулар өткізу туралы ұсынысын осы дамып келе жатқан күн тәртібінің нақты мысалы деуге болады.

Қорғаныс өнеркәсібі саласында да ілгерілеу байқалып отыр. 2025 жылғы шілдеде Ыстанбұлда өткен Қорғаныс өнеркәсібі мекемелері басшыларының алғашқы кездесуінен кейін, 2026 жылы Әзербайжан Бакуде екінші кездесуді өткізеді. Оның мақсаты – қорғаныс өндірісі мен технологиялық даму саласындағы ынтымақтастықты нығайту. Сонымен қатар 2026 жылы өтетін Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кездесуі мүше мемлекеттер арасындағы стратегиялық үйлестіруді одан әрі қолдай береді.

Өзбекстанның Сыртқы істер министрлері мен арнайы қызметтер басшылары арасындағы тұрақты кездесулерді институционалдандыру туралы ұсынысы, сондай-ақ Қырғызстанның терроризмге, экстремизмге, киберқатерлерге және трансұлттық қылмысқа бірлесіп қарсы тұру үшін құқық қорғау тетігін құру бастамасы диалогтен практикалық ынтымақтастыққа көшуге деген ұмтылыстың артып келе жатқанын көрсетеді.

Жалпы алғанда, ТМҰ аясындағы қауіпсіздік мәселелері біртіндеп институционалданып, кездейсоқ консультациялардан түрлі деңгейлердегі құрылымдалған және тұрақты дамып келе жатқан диалог пен үйлестіру жүйесіне айналып келеді. ТМҰ әскери одақ болмаса да, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық тұрақты кездесулерде, мамандандырылған форматтарда және негізгі стратегиялық құжаттарда барған сайын берік орнығып жатыр.

 

Фото: ТМҰ

- Таяу Шығыстағы ахуал мен жаһандық күштер тепе-теңдігінің өзгеруі ТМҰ стратегиясына қалай әсер етіп жатыр?

- Бұл сұрақ алдыңғы мәселемен тығыз байланысты. Себебі өзгеріп жатқан қауіпсіздік ортасы өңірлік ұйымдардың, соның ішінде ТМҰ-ның өз тәсілдерін қалай бейімдейтініне тікелей ықпал етеді.

Таяу Шығыстағы жағдай, әлемнің көпполярлы жүйеге қарай бет бұруы біздің қызмет ететін халықаралық ортамызды айқын өзгертіп отыр. Бұл үдерістер, әсіресе өзара тығыз байланысқан Түркі әлемі секілді өңірлер үшін бір жағынан сын-қатерлер, екінші жағынан жаңа мүмкіндіктер туғызып жатыр.

Түркі мемлекеттері ұйымы тұрғысынан алғанда, біз жалпы стратегиялық бағытымыздан айнымаймыз. Мандатымызды өзгертіп отырған жоқпыз, керісінше, оны іске асыру тәсілдерін жаңа жағдайларға бейімдеп жатырмыз.

Біз диалог пен ұстанымдарды үйлестіру енді қосымша мүмкіндік емес, қажеттілікке айналғанын байқап отырмыз. Мәселен, 2026 жылғы наурызда Ыстанбұлда өткен ТМҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің бейресми отырысында мүше мемлекеттер Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты Бірлескен мәлімдеме қабылдап, ортақ алаңдаушылықтарын білдіріп, тұрақтылықтың, диалогтің және шиеленісті төмендетудің маңызын атап өтті.

Жалпы алғанда, жаһандық ортаның күрделене түсуі өңірлік ынтымақтастықтың маңызын одан әрі арттыруда. Осыған байланысты ТМҰ ортақ ұстанымдарды ілгерілету мен мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда барған сайын үйлесімді, жедел әрекет ететін және біртұтас ұйымға айналып келеді.

- Алдағы 5–10 жылда ТМҰ-ның дамуын қалай елестетесіз?

- Ұйымның Бас хатшысы ретінде төрт жылға жуық еңбек еткен тәжірибеме сүйенсек, болашаққа зор сеніммен әрі оптимизммен қараймын. Кейінгі жылдарда ТМҰ дамудың жаңа кезеңіне өтті. Бұл кезең нақты нәтижелерге бағытталған, тиімді әрі өнімді ынтымақтастықпен сипатталады. Қажетті негіз қаланды және алдағы жылдары осы күш-жігердің толық жүзеге асатынына кәміл сенемін.

Келешекте Ұйым мүше мемлекеттерге нақты пайда әкелетін, өңірлік тұрақтылық пен өркендеуге үлес қосатын, неғұрлым ықпалдасқан, нәтижеге бағытталған әрі халықаралық деңгейде беделі жоғары платформаға айналады деп есептеймін.

Біздің ұзақмерзімді даму бағытымыз «Түркі әлемінің келешегі–2040» тұжырымдамасы, ТМҰ стратегиясы, Астана актісі және Түркі әлемінің жарғысы секілді негізгі стратегиялық құжаттарда айқын белгіленген. Бұл құжаттар саяси, экономикалық және гуманитарлық бағыттардағы ынтымақтастықты тереңдетудің жан-жақты жол картасын ұсынады.

«Түркі әлемінің келешегі–2040» тұжырымдамасына сәйкес, біздің басты мақсатымыз ортақ бірегейлікке, ынтымаққа және өзара өркендеуге негізделген неғұрлым біртұтас түркі кеңістігін қалыптастыру. Бұл мүше мемлекеттер мен бақылаушылар арасындағы бірліктің нығаюын, тереңдетілген экономикалық интеграцияны, сондай-ақ өңірдегі бейбітшілік, тұрақтылық және орнықты даму мүмкіндіктерін қамтиды.

Экономикалық тұрғыдан алғанда, Орта дәліз, Түркі инвестициялық қоры мен Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының толыққанды жұмысын іске қосу, сондай-ақ цифрлық сауда мен логистика жүйелерін кеңейту секілді стратегиялық бастамалар негізгі басымдықтардың бірі болады. Мақсат – түркі өңірінде неғұрлым ықпалдасқан әрі бәсекеге қабілетті экономикалық экожүйе қалыптастыру.

Гуманитарлық мәселе интеграциялық үдерістің өзегі болып қала береді. Білім беру, жастар саясаты, мәдени алмасу және мобильділік салаларындағы бастамалар халықтар арасындағы байланысты одан әрі нығайта түседі.

ТМҰ халықаралық деңгейде ТМҰ секілді форматтармен нығайтылып, жаһандық қатысу аясын кеңейтеді, өзгеріп жатқан халықаралық жүйеде сындарлы әрі сенімді әріптес ретінде өз орнын бекіте түседі.

- Сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет айтамыз!