Әлпиевтер әулетінде кенші мамандығы атадан балаға ауысып келеді. Атасы мен әкесінің жолын енді Зарина қуып келеді. Бойжеткеннің атасы кен қазушы болған. Ал әкесі Ахметжан Әлпиев 40 жылға жуық еңбек өтілі бар шахтер. Қазір ол екі ұлымен бірге Саран шахтасында жұмыс істейді. Оның тау-кен ісіне деген құштарлығы қызына да берілген.
«Бұрын әкем мен ағаларым келіп шахта туралы айтып жатқанда, көмір қалай өндірілетінін, кеншілер не істейтінін білгім келетін. Содан кейін мен тау-кен мамандығы бойынша оқуға түстім. Оқуымды тәмамдаған соң тәжірибеден өтіп, шахтада жұмыс істегім келеді деп шештім», - дейді Зарина.
Заринаның жұмыстағы табандылығы мен шыдамдылығы, тіпті тәжірибелі кеншілерді де таң қалдырады.
Бойжеткен аптасына үш рет төрт сағатқа 800 метр жер астына түседі.
Кілең ер жұмыскерлерден құралған ұжымда Зарина - қараңғы шахтаға күлкісімен жарық сыйлайтын жалғыз нәзік жанды.
«Менің жұмыстағы міндетім - шахтаға түскенде көмірдің қалай өндірілетінін бақылау. Біз қабаттардан, пайдалану учаскелеріне сынамалар аламыз, содан кейін оларды зертханаға жібереміз», - дейді кенші бойжеткен.
Заринаның пікірінше, мұндай жұмыс қауіпті емес, тек мұқияттылық пен үлкен дәлдікті қажет етеді. Дегенмен қыздың анасы жалғыз қызы үшін әрдайым алаңдайды. Ал әкесі қызының жұмысын мақтан тұтады.
«Бізде шахтада балаларымызды өндіріспен таныстыру үшін жұмысқа алып келетін бір дәстүр бар. Мен қызымнан мұндай мамандықты қалайсың ба деп сұрадым. Ол бірден келісті. Шахтаны аралау күні жұмысыма келгенде, бірден шахтер болатынын айтты. Мен оның шахтаға түскенінен қорықпаймын, өйткені ол техниканы өте жақсы біледі. Мен оған әрқашан ризамын», - дейді Заринаның әкесі Ахметжан Әлпиев.
Заринаның жұмысына әріптестері де дән риза. 3 жыл жұмыс ішінде ол өзін тапсырмаларды сапалы және кідіріссіз орындайтын жауапты қызметкер ретінде көрсете білген.
«Мен қыздар сияқты тоқыма тоқып, киім тіккенді ұнатпаймын. Одан да шахтаға түсіп, жұмыс істегенім артық», - дейді Зарина.