Төлебилік жастар аудандағы жағдайы төмен отбасыларға көмек беруде - ОҚО

АСТАНА. ҚазАқпарат - Төлеби ауданының жастары игі істі қолға алды. Аталған аудандағы «Жастар орталығының» мамандары бас болып, «Мейірімді жүрекпен» қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, аудандағы әлеуметтік аз қамтамасыз етілген бірқатар отбасыларға жәрдем қолын созуда, деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Күнделікті азық-түлікпен қамтамасыз етіліп отырған 10 отбасыға жергілікті қайырымды кәсіпкерлер демеушілік танытып жатыр. Мәселен, төлебилік бизнесмен Е.Жабаев акция шеңберінде азық-түлікпен қамтуды мойнына алса, М.Қойбағаров өз дүкенінен арнайы орын дайындап, күнделікті ыстық нан таратуды міндетіне алып отыр. Кәсіпкерлер бұл қайырымдылық істерін жыл соңына дейін жалғастырмақ ниетте.

Аудан жастары бұл игілікті істің жалғасын табатынына кәсіл сенім білдірді. Ендігі кезекте олар кәсіпкерлердің көмегімен жағдайы төмен отбасыларды киім-кешекпен қамтудың жолын қарастырып жүр. Алдыңғы кезекте мектеп жасында балалары бар отырған ата-аналарға қайрымыдылық жасалмақ. Қыркүйек айының соңына дейін жалғасатын «Мейірімді жүрекпен» акциясына өзгеге қуаныш сыйлап, аз да болса көмек қолын созғысы келетін кез келген атымтай жомарт қатыса алады.