«Төлем картасы мен қолма-қол ақша: қайсысы сенімді?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 9 қазан, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады. ***

«Егемен Қазақстан» газетінде «Салықтық рақымшылық кәсіпкерлердің нәсібі болуы тиіс» атты мақала жарияланды. Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетек­ші­лігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында салық салу, ойын бизнесі, тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістерді көздейтін заң жобалары талқыға салынды. Сондай-ақ, депутаттар бірқатар халықаралық заңдық құжаттарды да қарады. Кейбір заңнамалық актілерге «салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев баяндап берді. Министрдің мәлімдеуінше, аталған заң жобасында 2014 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша төленбеген өсімпұлдардың сомаларын есептен шығаруды көздейтін, өсімпұл мен айыппұлдардан босату арқылы салықтық рақымшылық жүргізу ұсынылып отыр. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуді ынталандыру мақсатында өз өнімдерін өңдеу кәсіпорындарына немесе мамандандырылған сервистік-дайындау орталықтарына өткізген жағдайда, қосалқы жеке шаруашылықтардың табыстары жеке табыс салығын төлеуден босатылмақ. Заң жобасында ауылшаруашылық өнімдерін ҚҚС төлемейтін ұйымдардан сатып алған жағдайда, сервистік-дайындау орталықтарына ҚҚС-ны субсидиялау мәселесі де көрініс тапқан.

***

«Соңғы жылдары жер жайында әңгіме қозғала қалса, шенеунік біткеннің шекесінен шып-шып тер шығып жерге қарайтын, судья атаулысының қабағы кіржиіп, желкесін қаситын әдеті пайда болды. Есесіне, ел-жұрт еліріп шығып, бүкіл билікті қаралай жөнелетін «қасиет» тауып алды. Неге? Байқасаңыз, егемендік алған 23 жылдың ішінде Қазақстандағы жер қатынастарының реттелмеген, әлі де толыққанды бір жүйеге түспеген тұстары өте көп. Соның салдарынан әкімдердің бір жерді бірнеше азаматқа беруі, соттардың дауласушылардың арыздарының астында көмілуі тіптен үдеп кетті. Бұдан бөлек елеусіз, есепсіз, ескерусіз қалып кеткен телімдер қаншама?! Егер есеп жүргізсе, аумағы жөнінен әлемде 9-орынға табан тірейтін еліміз жерге қатысты дау-дамай жөнінен 1-орынды талассыз тартып алады-ау. Осындай оралымсыздықтар тым асқынғаннан кейін Елбасы үш жыл бұрын Жер ресурстарын басқару комитетіне мәселенің түп-тамырына дейін тексеру жүргізіп, жаппай түгендеп шығуды тапсырған еді. 2012 жылы басталған жұмыс енді екі айдан соң межесіне жеткелі тұр. Сонымен, әзірге не анықталды?»,-деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Жемсауларды жарылқаған жерлер-ай!..» атты мақаласында. Бүгінде белгілі болған деректер мен дәйектермен таныссаңыз, таңданыстан таңдайыңызды таң атқанға дейін тақылдатуыңыз мүмкін. Айталық, аталған комитет үш жылға таяу уақытта ауыл шаруашылығы мақсатындағы 96 млн. гектарға түгендеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде 5 млн. гектар алқаптың пайдасыз босқа жатқанын анықтады.

Осы басылымда «Төлем картасы мен қолма-қол ақша: қайсысы сенімді?» деген мақала берілген. Батыс елдерінде нақ ақшасыз төлем жасау әрбір азаматтың өміріне еркін енген. Тауар сатып алғанда да, қызмет түрін пайдаланғанда да төлемді несие картасы арқылы жасау олар үшін таңсық емес. Еуропалықтар мен америкалықтар күнін несиемен-ақ көре береді. Ал Қазақстанда жағдай өзгешелеу. Қаржы айналымының бұл сегменті соңғы жылдары дамуға бағыт алғанымен, отандастарымыз әлі күнге карточкамен төлеуден гөрі, нақ ақшамен есеп айырысқанды жөн санайды. «Қазақстандық мемлекеттік және жеке әріптестік» орталығының сарапшылары соңғы зерттеулерінде осылай деп тұжырымдаған.

Ұлттық банктің деректеріне жүгінсек, осы уақытқа дейін отандық екінші деңгейлі банктер 17 миллионнан аса пластикалық карталарды шығарған екен. Нарықты реттеуші ұйымның мәліметтері бұл карточкаларды ұстайтын жандардың қатары 14,2 миллионды құрайды дейді. Яғни алдағы жылмен салыстырғанда, төлем карталарының саны да, оны ұстайтын жандардың қатары да көбейген. Мәселен, төлем карталарының саны 20 пайызға артыпты. Олардың ішінде ең көп таралғаны - дебеттік карталар саналады. Жалпы үлесі 71,9 пайызды құрайды. Яғни банкоматтардан нақ ақшаны қолға алуға арналған карталар. Бұндай карталар есеп­шоттағы қолжетімді қажатты ғана жаратуға мүмкіндік береді және тауар, қызмет құнын төлеу үшін де пайдалануға болады. Ал несие карталары банктің алдында белгіленген лимит көлемінде қарызға кіруге мүмкіндік береді.

*** «Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында «Кровавые узы» деген материал басылған. Шымкентте інісі туған әпкесін өлтіріп, оның денесін қоқыс контейнеріне лақтырып жіберген. Полиция ақпараты бойынша қылмыс пайдакүнемдік мақсатта жасалған. Шілденің аяғында полицияға қалалық қоқыс тастайын жерде қыздың денесі салынған сөмке табылғандығы хабарланды. Бірнеше апта тексерістен кейін тәртіп сақшылары бұл қыздың кім екенін анықтады. Ол ұзақ уақыт шетелде өмір сүрген Шымкенттің 21 жасар тұрғыны болып шықты. Жинақталған айғақтарға талдау жасалғаннан кейін полицейлер қылмыскердің ізіне түсті. Белгілі болғандай, қылмысты қыздың 19 жасар інісі жасаған. Олар ақша үшін өзара жанжалдасып қалған көрінеді.