«Біздің қоғамның, мемлекеттің алдында тұрған проблемалар белгілі. Біраз жылдан бері өзім де мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүргенімде, әлеуметтік желіде проблемалық сұрақтардың шешілу жолдарын ашық жазып жүрмін. Сондықтан, сайлауға түсу туралы партияластарымның келісімін бірден бердім деп айтуға болады», - деп сөзін бастады «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» АҚ басқарма төрағасы болып отырған Төлеутай Рахымбеков.
Кандидат өзінің сайлауалды бағдарламасы ең біріншіден, «Ауыл» партиясының негізгі құжаттарына сүйене отырып әзірленгенін атап өтті. Одан кейін бағдарламаға съезде айтылған делегаттардың ұсыныстары, аумақтардан, әлеуметтік желілерден келіп түскен ұсыныстардың барлығы топтастырылған.
«Бағдарламаға тек проблемалардың тізімін жазар болсақ, бәленше парақ болып кетері даусыз. Ал осы сұрақтарға талдау жасай отырып, шешу жолдарын көрсетіп, нәтижелерін танытар болсақ - бағдарлама бірнеше томға созылып кетеді. Сол себепті, қысқаша бәрін есепке алуға тырыстық. Маман ретінде бағдарламаға өзімнің пікірімді көптеп енгіздім. Бағдарламада төрт негізгі бағытты таңдап алдық: біріншісі - ауыл шаруашылығы саласы, екіншісі - ауыл мен қала арасындағы өмір сүру ара қашықтығын жою, үшіншісі тұрақты, дәстүрлі ұлттық құндылықтар және оларды ілгерілету, төртіншісі - жастар саясаты. Оның бәрін кез келген қазақстандық партиямыздың интернет-ресурстарынан, басылымдарынан оқи алады», - дейді Төлеутай Рахымбеков.
Қазақстанды көтеруге жол ашатын сала - ауыл шаруашылығы
- Төлеутай Сатайұлы, соңғы 25 жылда урбанизация үрдісі халқымызға қатты әсер еткені даусыз. Өткен аптада ғана Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов 100-ге тарта ауылдың жойылу қаупі барын атап өтті. «Ауыл» партиясы осы мәселені шешуде өз бағдарламасында қандай бастамаларды ұсына алады?
- Урбанизацияның үш жолы бар: біреуі шынымен қалаға көшіру. Бірақ, көшірген кезде ол мемлекет тарапынан реттелген көш болуы тиіс. Мәселен, қалаларда зауыттар мен үйлер салынып жатса, әлбетте, жұмыс күші керек. Ал екінші жолы - ірі қалалардың маңайында кенттер салу мәселесі бар. Бірақ, олардағы тұрмыс деңгейі қалалармен бірдей болуы тиіс. Мысалы, АҚШ-та солай. Көпшілік ол жердегі халықтың 80 пайызы қалада тұрады деп есептейді. Бірақ, ондағы халықтың қонысы біздегі әдістемемен санаса - 50/50 болып шыға келеді. Ондағы байлар қаланың сыртында тұрады. Урбанизацияның үшінші жолы - ауылдағы тұрмыстың деңгейін қаланың деңгейіне жеткізу. Бүгінгі технология оған толығымен мүмкіндік береді. Су мен жарық, кәріз жүйелерін ретке келтірсе, бәрі мүмкін. Соған көңіл бөлу керек деп есептеймін.
2003 жылы Қазақстан Республикасының ауыл-аумақтарын дамыту бағдарламасы әзірленіп жатқан кезде Қазақстанда 7660 ауылды елдімекен болатын. 2018 жылдың 1 қаңтарындағы ресми статистикаға сүйенсек, 6559 елдімекен қалыпты. 1100 ауыл 15 жылдың ішінде жойылған. Мұның ішінде қатты ойландыратыны - шекаралық аудандардағы ауылдардың жойылуы. Бұл - ұлттық қауіпсіздікпен байланысты. Біз соған жол бермеуіміз керек. Ақша жеткілікті. Менің есебімше, өзіміздің ішіміздегі проблемаларды шешуге ақша жетіп жатыр. Бюджетті тиімді пайдалана білсек, орынды жұмсасақ, екіншіден ауыл шаруашылығы өндірісін жолға қойсақ, бюджетке миллиардтаған қаражат табуға болады. Оның жолдарын асықпай айтып берермін.
- Президенттікке үміткерсіз. Сайлауалды бағдарламаңыз ауыл мәселесімен шектеліп қалмайтыны белгілі. «Ауыл» партиясының бағдарламасы көздеп отырған елде атқарылар басты шаруаларды атап берсеңіз.
- Әлбетте, көпшілік жерде маған «неге тек ауыл шаруашылығы мәселесін қаузап отырсыз. Басқа мәселе жоқ па?» деп сұрақ қояды. Олай емес! Біріншіден, ауылда Қазақстанның 18,5 млн халқының 43 пайызы тұрады. Ол дегеніміз - 7,7 млн халық. Ауылда проблема көп. Ондағы мәселелер қаланың проблемасынан да асып кетті деп ойлаймын. Мысалы, 7,7 млн халық тұратын болса, оның 4 миллионы - экономикалық белсенді жұмысқа қабілетті халық. Ресми статистикаға сүйенер болсақ, сол 4 млн халықтың 1,2 адамда жұмыс бар есептеледі. Бірақ, меніңше бұл статистикада кезеңдік жұмыскерлер есепке алынып кеткен секілді. Ал тұрақты түрде 12 ай жұмысы бар азаматтардың саны 500 мыңнан аспайды. Оның 100 мыңы әлеуметтік салада жұмыс істейтіндер - мұғалімдер, дәрігерлер мен әкімдік қызметкерлері. Демек, 3,5 млн халықтың жұмысы жоқ. Анда-санда жұмыс істеп, уақытша жалақы алып отыр.
Ауылдағы жалақы деңгейінде мәселе бар. Тағы да ресми статистикаға қарасаңыздар, ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін адамдардың жалақысы Қазақстан бойынша ең төменгі көрсеткішке ие. Біз енді дәстүрлі түрде мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы төмен деп есептейміз. Әрине, ондай мәселе бар. Бірақ, ауыл шаруашылығы мамандарының еңбекақысы одан да төмен. Жан басына шаққанда ауыл тұрғындарының табысы - 20 мың теңге. Қазіргі кезде ол ақшаға өмір сүруге бола ма?
Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Жапонияның тауарларының сапасы өте төмен болатын. 1945 жылы соғыстан жеңілгеннен кейін жапон мамандары экономиканы көтеру амалдарын қарастырғды. Ақыры, олар шетелдік кеңесшілердің көмегімен автокөлік құрастыру саласын көтере бастады. Соған бүкіл күшті салды. Соның арқасында бүгінгі таңда «Тойота» маркасының қалай қарқын алып кеткенін есептей беріңіз. Сол секілді, көлікпен бірге жапондар металлургияны, электрониканы, химия өндірісін алып шықты. Сонымен қатар, білім мен ғылымды қатар дамытты. Осы тәжірибені еске ала отырып, Қазақстанда қандай саланы осындай жолмен көтеруге болады деген ойға келдім. Ол - ауыл шаруашылығы. Автокөлік құрастыру мен электрониканы реттеу жағынан Қазақстан қатты дамыған елдердің қатарына қосылып кетеді дегенге сену қиын. Сонымен, менің және партиямның ұсынып отырғаны - ауыл шаруашылығы саласын қолға алу керек. Егер бізде бұл сала дамитын болса, басқа салалар да қатты өркендеп кетер еді. Табыстың бәрі тек ішкі нарыққа есептеле бермеуі керек. Ең біріншіден, әрине, жоғарғы сапалы азық-түлікпен өзіміздің халықты қамти алсақ, жалпы табыс экспорттың арқасында түседі деген ойдамын.
- Экспорт демекші, өткенде теледебатта сіздің атыңыздан шыққан Әли Бектаев партия бағдарламасында азық-түлік қауіпсіздігіне, ауыл шаруашылығы өндірісіне және экспорттық потенциалына мән берілетінін жеткізген еді. Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін шетелге барынша экспорттауда басты кедергілерді атай аласыз ба? Ол кедергілерді қалай еңсеруге болады?
- Жанымызда 1,5 млрд халқы бар Қытай отыр. Үндістан мен Оңтүстік-шығыс Азия елдерін алар болсақ, ол жерде 2,5 млрд халық бар. Солтүстікте 150 млн халқы бар Ресейді есептей беріңіз. Осының барлығы - біздің әлеуетті нарығымыз. Ұмытпасам, 2018 жылы Қазақстанның экспорт көлемі 47-48 млрд долларды құрапты. Оның ішінде мұнай, газ, темір бәрі де кіреді. Ал егер ауыл шаруашылығын дамытар болсақ, тура сол 48 млрд доллар кірісті ауыл шаруашылығының арқасында таба алар едік.
Мысалы, қысқаша екі өнім туралы айта кетейін: біріншісі - астық. Біз бүгінгі күні орташа айтқан кезде 20 млн тонна өндіріп отырмыз. Соның 10 млн тоннасын экспортқа шығарып отырмыз дейміз. Әр гектардан 13 центнер жинаймыз. Ол сонау тың игеру жылдарынан бері өзгермеген көрсеткіш. Мына тұрған Осакаров ауданының Ақпан ауылындағы «Нойдаровская» ЖШС жұмысымен танысқанымда ол ауылда жердің сапасы, құнарлылығы төмен екенін білдім. Құнарлылығы аса жоғары емес. Алайда сол ауылда серіктестік былтыр гектарына 55 центнер алды. 4 есе көп. Егер біз бүкіл Қазақстан бойынша көрсеткішті 55 центнерге жеткізер болсақ, 20 млн емес, жылына 80 млн тонна астық жинай алар едік. Ішкі нарығымыздағы қажеттілік - 10 млн тонна. Демек, 70 млн тоннаны біз шетелге шығара аламыз. Жалпы, центнерін шекарадағы 150 долларымен есепке алар болсақ, 70 млн тонна астық бізге 10 млрд доллар табыс әкеледі. Тек астықтан ғана! Егер біз ол астыққа қосымша органикалық, экологиялық тұрғыда сертификаттық жұмыстары жүргізетін болсақ, органикалық бидайдың бағасы шекарада 400 доллар екенін ескерген жөн!
Орта есеппен әр сиыр жылына 2700 литр сүт береді екен. Ал ШҚО-да бір шаруа қожалықта әр сиырдың 8100 литр, яғни үш есе көп сүт беретінін естіп білдік. Бүгінгі күні елде 6 млн тонна сүт сауып отырмыз. Осы санды үшке көбейтер болсақ, 18 млн тонна сүт шығады. 6 млн тонна сүт дегеніміз Қазақстанның ішкі нарығына толығымен жетеді. Ал үстіндегі қосымша 12 млн тонна сүтті экспортқа шығаратын болсақ, ол да қосымша 10 млрд доллар береді. Міне, шынтуайтында іске кіріссек, екі ғана өнім - 20 млрд доллар табыс әкелер еді. Бұдан бөлек, көкөніс, жеміс-жидек, ет, май дақылдарының барлығын шетелге шығаруға болады.
2005 жылы ауыл шаруашылығы министрлігінде жұмыс істеп жүргенімде атақты швециялық компаниясының Қытайға арналған бір бағдарламасын көрген едім. Ол - «Мектепке сүт» деп аталатын. Әлемдік стандарт бойынша мектептегі әр бала күніне 200 грамм сүт ішу керек. Егер дәл сол жоба іске асар болса, Қытайға жылына 17-18 млн тонна сүт керек болады. Ал олардың сиыр саны бүгінгі күні Қазақстандағы ірі-қаралардан аз. Себебі, олар сиыр ұстамайтын халық. Сондықтан, біздің Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті өте жоғары деп айтар едім. Яғни, ауыл шаруашылығын дамытар болсақ, басқа салалар да қатты дамып кетер еді деп есептеймін.
Жастарды ауылға қалай тартамыз?
- Ірі мегаполистарға маңыз беріліп жатқан мына заманда ауылдың жай-күйін, әлеуметтік жағдайын қалай көтеруге болады деп ойлайсыз?
- Бүгінге күнге дейін ШҚО, Павлодар, Қарағанды, БҚО, Атырау, Ақтау, Қостанай облыстарын аралап келдім. Осы сапарларды есепке ала келе ауыл тұрғындарының ең біріші мәселесі - жол екенінен әбден көзім жетті. Екінші мәселе - ауыз су. Бұған да қатты көңіл бөлу керек. Мысалы, Батыс Қазақстан облысының ауылды елдімекендерінің 48 пайызында ғана су құбырлары бар. Біз 2001-2011 жылдар аралығында «Ауыз су» бағдарламасы, 2011 жылдан бастап «Ақбұлақ» бағдарламасын іске асырғанбыз. Осыншама су құбырлары салынды десек те, ауылда су құбырлары бар болғанымен, оның ішінде суы бар деген - екінші мәселе. Әртүрлі себептер бар. Яғни, су құбырларын салып жатқанымызбен, мына іргедегі Щучинск, Бурабай суды анау СҚО Сергеев қаласының түбінен алады. 300 шақырымдық жер. 600 мм-лік су құбырының бір шақырымы - 350 млн теңге. Сонда су құбырының салынуының өзі 100 млрд теңге ақшаны қажет етеді. Ал осылайша мәселені шешеміз десек, ақшамыз шақ келмейді. Сол себепті, жердің астындағы суды алып шығып, соны тұздан тазартып, ішкен дұрыс па деймін.
Бұны айтып отырған себебім - мемлекет әлбетте, осы уақытқа дейін талай жақсы бағдарламаны әзірледі. Бірақ, мәселе - олардың тиімділігінде. Мысалы, ауылдың балаларын алайық. Бізде Білім және ғылым министрлігіне байланысты «Серпін» бағдарламасы бар. Қаншама баланы солтүстік, шығыс өңірлеріне алып келгенімізбен, оқуды бітіріп, дипломын алғандар қайтадан қайтып жатыр. Ауылға баруға ниеті жоқ. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы тағы бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне байланысты өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарды қолдау тетіктері бар. Ол бөлек. Бірақ, осы үш бағдарламаның арасында қарым-қатынас жоқ. Егер осының барлығын бір бағдарламаға түйістірсек, онда мүмкін бастамалардың тиімділігі алға ілгерілер ме еді!? 2005 жылы мен Польшада болғанымда, ол жақта ауылға көшетін жас маманның әрқайсысына 50 мың АҚШ долларынан беретінін естідім. Ол несие үй алу үшін және отбасылық шаруа қожалығын дамыту үшін бөлінеді. Мемлекет бұл мәселені қатаң бақылауға алып отыр. Егер 5 жыл бойы ақша өзінің жолымен, жөнімен жұмсалатын болса - 5 жылдың ішінде ол қарыз жойылады екен. Яғни, жас маман ол қаражатты мемлекетке қайтармайды. Ал егер мақсатсыз жұмсалса - әлгі жас маман ол қарызды пайызымен қайтаруға мәжбүр болады. Тура сондай жағдайды біздің мемлекетте де жасауға болады деп есептеймін. Сонда ғана ауылға жастарды тарта аламыз.
- Өз бағдарламаңызда «қазақ тілін кеңінен таныту» мәселесін де ұмыт қалдырмаған екенсіз. Қазіргі қазақ тілінің қоғамдағы рөліне қалай баға бересіз? Отбасылық құндылықтарды қалай көтеру керек деп ойлайсыз? Жастардың мәселесі туралы не айтар едіңіз?
- Отбасылық құндылық, дәстүрлі құндылыққа және ананың рөліне қатты көңіл бөлуіміз керек деп есептеймін. Неге десеңіздер, теледидарда неше түрлі бағдарламалар жүріп жатыр. Тіпті біздің дәстүрімізге келмейтін, ойымызға сыймайтын жобалар бар. Механизмін білемін: Батыстың бағдарламаларын сапасыз түрде Ресей көшіріп алады. Ресейден біз көшіреміз. Керегі не соның? Халқымызды неге ұлттық құндылықтарға бағыттамаймыз. Сайлауалды бағдарламамның бір жобасында «тіл, рух және ділді» ерекше атап өттім. Яғни, тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, рухымызды көтеруіміз, ділімізді ілгерілетуіміз керек.
Жастар үшін ЖОО-лармен кәсіпорындардың байланысын нығайтуымыз керек. Үйленемін деген жасқа әлеуметтік үй табысталуы керек. Егер де кейін жастар жағдайын жақсартып алса жекеменшікке аламын десе - мүмкіндік берілуі керек.
Үшіншіден, ауыл балаларына оқуға түскенде міндетті түрде грантқа түсетіндей жағдай жасаған дұрыс. Жалпы, қазіргі таңда еліміздегі білім саласындағы жағдайды да өзгерту керек деп есептеймін. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы саласындағы мамандарды даярлайтын университеттердің саны отызға жақын. Үшеуі мамандандырылған. Осы үшеуінде 30 мың студент бар. Қалған 13 оқу орыны Нұр-Сұлтанда, 12-і Алматыда, 5-уі Оралда. 30 мың студентті төртке бөлсеңіз - жылына ауылға 7,5 мың маман дайындалады. Бізде 6569 елдімекен бар. Оның ішіндегі 2300-ге жуығы ауылдық округтер. 7500 студентті сол 2300 ауылдық округке бөлсеңіздер, жылда олардың әрқайсынына орта есеппен 3 маман баруы керек. Барып жатыр ма? Міне, бұл өзекті сұрақ. Себебі, ауыл шаруашылығы маманы екінші жоғарғы оқу орынында заңгер мамандығын игереді де, заңгер болып шыға келеді. Сол себепті, елдегі проблемаларды шешуді ең алдымен ауылдан бастау керек.
- Сайлаудан кейін не болады деп ойлайсыз? Оңға басу бола ма?
- Қалай болған күннің өзінде, кім сайланса да Қазақстан дамуға оң серпін алады. Неге десеңіз, кім сайланса да, басқа 6 үміткердің беріп жатқан ақпаратын, сайлауалды бағдарламасын қабылдап, ары қарайғы саясатына қосар деген сенімдемін. Орталық сайлау комиссиясында қанша дауыс жинайсыз деп сұрағанда мен - 51 пайыз жинаймын деп айттым. Себебі, жеңіске деген сенімім зор!
- Сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!