Заң жобасында топырақты регенерациялау тетігіне ауысу шарттары көзделеді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердегі топырақты қорғау ерекшеліктерін регламенттеу үшін мынадай талаптар белгіленеді:
— топырақты қорғаудың ең үздік қолжетімді технологияларын пайдалану, міндетті түрде ауыспалы егістерді енгізу;
— тыңайтқыштарды қолданудың ғылыми негізделген жүйесіне қатаң түрде сәйкестікте органикалық және минералды тыңайтқыштарды енгізу, топырақта химиялық элементтердің қауіпті мөлшерде жиналуын болғызбау;
— топырақтың сарқылуына әкелетін оның жай-күйіне байланысты белгілі бір ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді шектеу.
Мұнан бөлек, топырақты су басудан, батпақтанудан және қайта тұзданудан, сарқылудан, құрғаудан, тығыздалудан қорғау, тозған топырақты қалпына келтіру талаптарын белгілеу ұсынылады.
Атап айтқанда, жер пайдаланушылардың міндеттеріне:
— су, тұз, қоректік және жылу режимдерін реттеу, ағынды суларды, артық суды бұру, ылғалдылықтың оңтайлы деңгейін сақтап тұру бойынша іс-шаралар жүргізу;
— қарды ұстап қалу әдістерін, топырақты өңдеу, қымтау тәсілдерін қолдану;
— топыраққа әсері өте аз ауыл шаруашылығы техникасын пайдалану және басқалары.
Заң жобасында топырақты қорғау саласындағы өңірлік іс-шаралар жоспарларын әзірлеу, топырақтың деградациясын мониторингтеу, оларды қалпына келтіру үшін ғылыми-әдістемелік тәсілдер, топырақтың болжамды тозу модельдерін жасау, қашықтан жерді зондтау деректері мен технологияларын, топырақтың тозуын мониторингтеу және картаға түсіру кезінде жасанды интеллектті пайдалану жөніндегі нормалар да көзделеді.
Аграрлық мәселелер комитетінің мәліметінше, заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар заң жобасының негізгі ережелерін нақтылауға және толықтыруға және оны әзірлеу мақсаттарын күшейтуге бағытталған бірқатар түзету енгізді. Осылайша, Ауыл шаруашылығы министрлігі топырақты қорғау саласындағы уәкілетті орган болып айқындалады, оның негізгі өкілеттіктері бекітіледі; топырақ, мелиоративтік және агрохимиялық зерттеулерді, топырақты қорғау және топырақ мониторингі жөніндегі басқа да іс-шараларды жүргізу тетіктері регламенттеледі. Зерттеулердің нәтижелері және оларды әрі қарай дұрыс пайдалану бойынша практикалық ұсыныстар жалпыға қолжетімді болады. Топырақтың қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру жөніндегі нормалар нақтыланады; жер құқық қатынастары субъектілерінің нақты құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ топырақтың құнарлы қабатын қорғауға қойылатын жекелеген талаптар белгіленеді.
Бұған дейін ел аумағының 75 пайыздан астам жері әртүрлі деңгейде деградацияға ұшырағанын жазған едік.